«Қазақ» газетінің тағы бір саны табылды

«Қазақ» газетінің тағы бір саны табылды

Бұл туралы «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған дөңгелек үстелде Тарих және этнология институты директорының орынбасары Светлана Смағұлова хабарлады.

Алты жыл ішінде, яғни 1913-18 жылдар аралығында «Қазақ» газетінің 266 саны жарық көріпті. Тарих ғылымының докторы, профессор С.Смағұлованың айтуынша, «Қазақ» газеті қазақтың мүддесі мен санасы үшін күресті.

  Газет бесінші санына дейін «Қазақ» деген атпен шыққан, ал бесінші санынан кейін киіз үйдің, басқа да белгілердің салынуымен шыға бастады. «Сол кездің өзінде бұл газет 3000 мың данамен қазақ даласына тарады дейміз, ал негізінде Қытай, Түркия жерлеріне де тараған, ал таралымы 8000 мың данаға жеткен кездері де болған.

Биылдан бастап, «Қазақ» газетінің 100 жылдығына байланысты түрлі іс-шаралар көптеп өтіп жатыр, бірақ оларға негізінен филологтар мен әдебиетшілер барып, тарихшылар шақырылмай қалады. Сондықтан да бұл газеттің факсимильді нұсқасы жоқ, халық арасына тараған жоқ деген пікірлер де айтылып жүр. Бұлай айтатындар 590 беттен тұратын «Қазақ» газеті - 1913» атты кітаптың шыққанын білмейтіндер. Бұл кітапты шығаруға филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес, мен және араб графикасының маманы Толқын Зәмзаева мұрындық болдық. Кітаптың екінші бөлімі де шықты. Ендігіде кейінгі бес томдығын да шығаруды ойлап отырмыз», - дейді профессор.

«Қазақ» газетінің бұрын беймәлім болып келген саны туралы осы еңбектерден оқуға болады. Қазақ халық музыкалық аспаптары мұражайында өткен шара кезінде Алматы қаласы тарихының мұражайы қорынан алынған фотосуреттер мен құжаттардан «Алашқа айбын болған арыстар» атты арнайы көрме ұйымдастырылды. Жиынға Азалия Ахметова, Айман Байтұрсынова, Төлеш Тоғанбаев, Рымжан Сейфуллина, Дина Мұқаметқанова сияқты Алаш зиялыларының ұрпақтары қатысты.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

А. Құлтай