Ілияс Есенберлиннің немересімен кездесу өтті

Ілияс Есенберлиннің немересімен кездесу өтті

Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Көкжиегі кең көшпенділер» тақырыбымен биылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының алғашқы іс-шарасы өтті, – деп жазады inform.kz.

Биыл жаппай оқуға жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы таңдап алынды. Романның қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларына Қазақстандық Ұлттық Электронды кітапхана порталындағы www.kazneb.kz мекен-жайы бойынша қолжеткізуге болады.

Әлеуметтік-мәдени акцияның мақсаты - қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ оқырмандарды оқуға, кітапханаға тарту.

Бұл күні Атбасар қаласындағы І. Есенберлин атындағы әдебиет мұражайынан жеткізілген қаламгер құжаттары мен жеке бұйымдарының көрмесі, "Қазақты тарихымен қауыштырған қаламгер" тақырыбындағы кітап көрмесі, жансыз мүсіндер көрмесі (хан, бүркітші, батыр), «Жүктеп ал да, оқы!» инсталляциясы («QR-code reader» арқылы телефон немесе планшеттен «Көшпенділер» романын жүктеу мүмкіндігі) ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, романда көрініс алған оқиғаларға қатысты қазақ халқының салт-дәстүрін сипаттайтын «Көшпенділер мәдениеті» этно-ауылы, кітап мазмұны бойынша ақпараттық сағат, «Білгенге маржан» сауалнамасы, сонымен қатар «І.Есенберлин өмірі мен шығармашылығы» бойынша дәріс (дәріскер - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев өтті.

Ұлттық академиялық кітапханадағы акция аясында «Көшпенділер» романы бойынша үздік әдеби шығарма, үздік көркемсурет және «Оқу - бұл сәнді» тақырыбымен фотобайқау ұйымдастырылады. Байқаулар жыл аяғында қорытындыланады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі өкілдерінің, белгілі тарихшы-ғалымдар - Болат Көмековтің, Тұрсын Жұртбайдың, Ғарифолла Есімнің және басқа да елге белгілі тұлғалардың қатысуымен брифинг, жазушы І.Есенберлиннің немересі Мағжан Есенберлинмен онлайн-кездесу болды.

Бағдарлама «Көшпенділер» көркем фильмімен жалғасты.

сурет: shalkarfm.kz

Е. Қайрахан