Тұмар тағу ненің белгісі?

Тұмар тағу ненің белгісі?

Қазіргі кезде тұмар таққан жастар көбейіп келеді. Алайда, сол тұмарды не үшін тағып жүргенін өздері де білмейді. Мұсылмандықтың белгісі ме, әлде ырым-жырым ба? Әлбетте, тұмардың тарихы тым тереңде жатыр. Сенбесеңіз, ел аузында әл-Фараби бабамыздан қалды дейтін әңгіме де бар.

Ұлы ұстаз қартайып, бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, құпияны сақтап, шартын орындасаңдар ғана ашамын»-дейді. «Айтқаныңызды екі етпейміз»-деп шәкірттері де бірауыздан уәде береді.  Сонда ұстаз оларға киізден тігілген тұмарды ұсынып, өз қабірінің басында ғана ашуды міндеттейді. Араға көп уақыт салмай данышпан дүниеден өтеді. Шәкірттері арулап жерлеу рәсімі кезінде әлгі тұмарды ашып қараса,  ішінен бір түйір қағаз шығады.  Оған: «Бұл – мен туған жердің топырағы. Қабіріме осы топырақты салыңдар»-деп жазып кеткен екен. Ғұламаның әлгі өтініші үлкен тебіреніспен, толқумен орындалыпты. Ол кезеңдерде дәл қазіргідей туған жердің қадір-қасиеті артық тұрса керек...

Тұмар тағу ырымы түркілік дәстүрдің айқын бір көрінісі болып саналады. Қазақ үшін – көк, күн, от, су сияқты, қара жер де киелі ұғымдардың бірі. «Қара жер» - киелі жер деген мағынада. Бұрынғы көшпелілер тағатын тұмардың  ішінде туған жердің  бір уыс топырағы болған. Тұмар сөзінің өзі түркінің  «тума иер» - «туған жер» деген сөздерінің кірігуінен пайда болған. Кейінірек мұсылман дінінің орнығуына байланысты тұмардың ішінде дұға жазып салу салт-дәстүрі қалыптасқан.

Иә, тұмар халқымыздың ұғымында өте киелі мағынаға ие болған. Қайырылмас ғасырлар бұрын қағаз жоқ, тауар аз кезде, сауда-саттық жасау мақсатымен алысқа  сапар шеккенде немесе соғыс жорықтарына аттанғанда, бабаларымыз мал терісінен жүрекке ұқсатып, үшбұрышты етіп тігілген қалташыққа, яки тұмарға туған жердің топырағын толтырып алып шығатын-ды. Бұл туған жерге, туған елге деген перзенттік парыздың белгісі болса керек.

Тұмар – Түркі халықтарының дәстүріндегі туған жерді қадірлеп, қастерлеуден шыққан сенім. Аяулы дәстүр. Осы бір дәстүрді барша қазақ жастары біліп жүрсе екен!

Сурет: kz.magicofnomads.kz

Л. Лига