Латын әліпбиі бізге керек пе?

Латын әліпбиі бізге керек пе?
Фото: KazMedic.kz

Елбасының кеше жарияланған мақаласынан кейін латын әрпіне көшу туралы БАҚ беттерінде дау мен шу басталды. Бірі - өтуді, бірі керек еместігін айтып екі жаққа жарылып жатыр. Біз сіздерге жалпы латын әліпбиі керек пе деген тақырыпта зерттеу еңбегін ұсынып отырмыз. 

Аталған еңбек ХХ ғасырдың кезіндегі қазақ тілі турасында жарық көрген түрлі зерттеу мақалалар бойынша сарапталынып алынды. Бір ғасыр бұрын талдауға түскен латын әліпбиі туралы алдыңғы буын қандай пікірде болды, сол жайында сөз қозғасақ. 

Латын әрпі туралы 

Жалпы латын әрпінің тарихы Нәзірдің «Жаңа әліп-биінде» толық жазылған. Бірақ бұл жалпы алғанда білу үшін керек болса да, қазіргі қай әріп жақсы, қай әріп жеңіл деген таласқа келгенде латыншаларға да, бізге де пайдасы шамалы, дәлелдігі жоқ. Дегенмен латын әрпінің тарихына, оның араб әрпінің баспасына қалай келгенін айтып өткен жөн. 

Араб әрпі ең әуелі жазба түрде жарық көрген. Баспасы болмаған. Уақыт өте келе даму үдерісі арқылы баспа машиналар пайда болған соң ғана бізге жетті. Ең қызығы латын әрпін алғаш шығарған латын елі қазір жоқ. Латын бұл кезде жоғалған ел. Қазіргі Еуропа мәдениеті дамымай тұрып, әріпті төресінен арабтан үйренген. Қазіргі қолданыстағы әріптері тегі арабтың тамыры. Тек өзгеріске ұшыраған. 

Айналып келген кезде мәдениетті ел өнерді, табиғатты өздеріне икемдеп, сыртқы түрлерін өз қажеттіліктеріне қарай өңдеп алады. Ал біз бұл жағынан қалыс қалып қойғанбыз. Қалай бар солай қабылдауды әдетке айналдырып алғанбыз. 

Тегінде латын әрпін алған елдер неге алып отыр? Алуларына қандай себеп бар? Олардың себебі бізде бар ма, осы мәселеге жауап іздеп көрсек.

Мәселен латын әрпін әзірбайжан алса, оларда бұрын сөзге өлшенген дыбыс заңында әріп болмаған. Жазу ережелері, емлелері тіпті жоқ болатын. Қазір латын әрпін алғанмен, емлелері жоқ. Осы күні олар латын әрпімен жазған сөзді дұрыс оқи алмайды. Аталған ел латын әрпінің түрін тексермей, өз тілдеріндегі дыбыстарын есептемей алып отыр. Міне, бұл еліктеу жасаудың қажеті жоқ. Бұл арты жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан әріптің өзі мәдениетке керек деген пікірді дұрыс ұстанған жөн. 

Жоғарыда көрсетілген зерттеулер қоғам қайраткері, ғалым, лингвист, математик - Елдос Омарұлының еңбегі бойынша түйінделді. 

Ал «ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі» жөніндегі зерттеулер еңбегінде «Латын әрпін алу туралы» мақаланың авторы Қ.Нұрымұлы былай дейді: « Біздің 7 жылдан бергі бала оқытып келе жатқан тәжірибемізге қарағанда, араб әрпінің кемшілігін көріп келе жатқан жоқпыз ба? Алғашқы жылдары, «аор» жазса келе жылдары а-ны қалдырып «ор» жазды. Өткен түркішілдер жиылысында, бір мықынды әріпке көшуге қаулы етті. Қысқасы Ақаңдар (Ахмет Байтұрсын) қалай мақтанса да әріпіміз құбылмалы екендігінде дау жоқ.» 

Аталған пікірге қарап отырып, қазіргі орыс әрпінің де бізге кері әсері барын айта кеткен жөн. Бұл біріншіден тәуелсіз ел бола тұра, өзіміздің төл әріпке икемделген әліппеміздің болмауы. Ал латын әрпіне өту арқылы біз грамматикалық, фонетикалық, морфологиялық жағынан болсын жеңілдікті сезінеміз. Байқап отырғандарыңыздай, Ахмет Байтұрсыновтың жасаған «төте» жазуы бүгінде қытай қазақтарының арасында жақсы сақталған. Дегенмен аталған әріптің құны жоқ. Себебі оның құны тек архив ақтаруға негізделмесе, ол ендігі ескілік болып қала бермек. Сондықтан ХХ ғасырдың басында латын әрпіне өту туралы дау туған екен оның бір мәнісі бар. ХХІ ғасыр ширегінде бұл мәселе қайта қолға алынса, ендігі іске кірісу керек. 

Пайдаланылған әдебиет:

1. "ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі" – ғылыми-зерттеулер. "Қазығұрт". – Алматы, 2013 ж. 

М. Ақан