АҚШ: Университет бағдарламалары

АҚШ: Университет бағдарламалары
Фото: freepik.com

АҚШ университеттерінің қатарында ерекше аталатын «Шырмауықтар Лигасының» (the Ivy League) қатарына енетін 8 жекеменшік университет бар: Браун, Дартмут, Колумбия, Корнелл, Пенсильвания, Йель, Принстон және Гарвард университеттері.

Рейтингке қарамастан, жекеменшік университеттер мен мемлекеттік университеттерге деген сұраныс бірдей. Білім деңгейі де шамалас, бағада да айтарлық айырмашылық жоқ. Мемлекеттік университеттер арзанырақ, бірақ, жекеменшік университеттерде шәкіртақы алу оңайырақ.

Бірінші кезекте неге көңіл аударған дұрыс?
Өмір сүруге қажетті қаражат пен оқу ақысын есептеген соң, университетті толық зерттеңіз. Рейтинг бойынша көзге көрінбей, «бір қуыста» тығылып жататын университеттердің арасында белгілі бір сала бойынша озықтары да табылады. Мысалы, University of Central Florida және Auburn University атауларын ешқашан естімеген шығарсыз, бірақ IT саласының мамандарын дайындауда бұл университеттер алдыңғы қатарда. University of Dayton дипломы – инженерлік мансабыңыздың ең сәтті қадамы. Ал, экономикаға қызығатындар Louisiana State University қарап көруге болады.

Бағдарламаны таңдау:
Америкалық білім жүйесі – өте икемді әрі тиімді. Көптеген университеттерде студент өз мамандығына сай керекті салаларды таңдайды. Мамандықтар екіге жіктеледі: major және minor. Маjor — негізгі мамандық, minor — негізгімен байланысты қосымша таңдау. Мысалы, менеджмент саласында білім алып жатқандар қосымша урбандалу мен логистиканы оқи алады.

Одан бөлек, АҚШ-та студент оқуға қанша жыл жұмсайтынын да өзі шешеді. Бағдарламалар арасында ең негізгі деген 4 бар:

Associate Degree — Кәсіби техникалық немесе орта мамандандырылған білім дипломы. Бұл бағдарлама бойынша 2 жыл кез келген кқолледж немесе университетте білім алуға болады.

Bachelor’s Degree — бакалавр деңгейі. 4 жыл оқуы тиіс. Бірақ, есептеу жүйесі – кредиттік (credit hours). Бір кредиттік сағат – 16 академиялыққа тең. Бакалаврға 120-150 кредиттік сағат керек. Есептесек, 4 жылға жетер-жетпес уақытта да аяқтауға мүмкіндік бар.

Master’s Degree — магистратура. Bachelor’s Degree  алғаннан кейін бір жылы тынығып, қайта оқуға болады. Бұл дипломның иегерлері сабақ беруге мүмкіндік алады.

PhD — докторантура. Master’s Degree  бағдарламасын аяқтағаннан соң 2-3 жыл оқуға тура келеді. Одан бөлек, бұл уақытта диссертация жазып үлгеруіңіз керек.

Университетті, мамандық пен бағдарламаны таңдап университет сайтында тіркелуіңіз керек. Кейін нақты құжаттар тізімін аласыз.

Т. Есқали