Ең қымбат үй жануарлары

Ең қымбат үй жануарлары
Фото: tourweek.ru

Үйінде жануар бағуға ниетті адам саны күн өткен сайын артып келеді. Бұрын бұл санатқа тек ит пен мысық кіретін болса, енді заңды жолмен жыртқыш жануарларды да қолға ұстауға мүмкіндік бар. Алайда, ол үшін қырауар қаржы қажет.

Ең қымбат мысықтардың көш басында саванна жануары тұр. Оның түрінен жабайылық байқағаныңызбен адамдарға аса қауіпі жоқ. Сондықтан қалтасы қалың азаматтар мұндай мысықты үйінде асырауға құмарлық танытады. Жиырма екі мың долларға дейін бағаланатын жануарлар үйңізге экзотикалық көрініс сыйлайды. Саванналар негізінен еркін жүріп, кең аймақты мекендегенді жаны сүйеді. Сол себепті мұндай мысықтарды қолда ұстағанда демалысына көбірек көңіл бөлген абзал.

Қалталы азаматтар тазалық пен талғамға ерекше мән береді. Сондықтан көптеген бақуатты жандар үйлерінде маймыл асырағанды жөн санайды. Барлығын жылдам түсініп, кейде адамның досына айналатын мұндай жануарлар үшін алпыс бес мың доллар жұмсауға дайын болсаңыз, сізге бұйырады. Маймылдарды тамақтандыру да өзге жабайы аңдарға қарағанда едәуір оңай. Алдына жеміс-жидекті толтырып қойсаңыз, сеніміңізді ақтайды. 

Әлемдегі ең қымбат жануар есебінде ақ арыстан тіркелген екен. Жүз отыз мың АҚШ долларына жуық бағаланатын мұндай жануарлар тұқымы сирек кездеседі. Кейде, қолында қаражаты бар адамдардың өзі аталған жыртқышты таппай әлекке түседі. Ақ арыстандар бүгінгі таңда қара базар сатылымында да ең құнды нәрселердің бірі. 

B. ZHAQSYMBET