Гонконг – әлемдегі ең бай қалалардың бірі

Гонконг – әлемдегі ең бай қалалардың бірі

Бала кезімізден әсіресе сүйікті Джеки Чанның киноларынан Гонконг қаласын жиі көріп өстік. Ендеше Гонконг туралы толығырақ білейік. 

Гонконг 1997 жылдан бері Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы болып келеді. Бұл уақытқа дейін 150 жыл бойы Ұлыбританияның боданында болған. Ішкі экономикасы мен саясатын Гонконгтің өзі жүргізеді, ал сыртқы саясаты мен қорғанысты Қытай қамтамасыз етіп отыр. Қала боданда болғанда губернаторын Ұлыбритания патшайымы тағайындайтын еді, ал қазір ауданды Гонконг Әкімшілігінің Бас министрі басқарады. Оны 800 адамнан тұратын сайлау комитеті таңдайды. Гонконг – әлемдегі ең бай қалалардың бірі. "Әлемнің он алтыншы бай қаласы" деп те айтылады. Ақшасы – Гонконг доллары. Гонконгтің екі ресми тілі бар, олар – қытай тілі мен ағылшын тілі. Қаланың жартысы құрлықта, жартысы Лантау мен Гонконг аралдарында орналасқан. Қаланың екі шетіне автобус не такимен, метромен, пароммен жетуге болады.

Пароммен жету – ең арзан жол. Бұл тұрғыда жер үсті, жер астымен, су бетімен жүру қамтамасыз етілгенін байқаймыз. Қалада автобустар күні бойы, кейбіреуі түні бойы жүреді. Түнгі автобустың "А" деген белгісі болады. Қаланың көптеген автобусы екі қабатты, бұндай автобуспен таулы жерде жүру аттракционға отырумен бірдей екен. Тұрғындар жол ақысын көбіне Octopus магнит картасымен төлейді. Бұл картаны дүкендерде, кейбір кафелерде қолдануға да болады. Гонконгта аспанмен таласқан зәулім ғимараттар көп болғандықтан, 1950 жылдардан бері келе жатқан екі қабатты трамвайлардың өзі кейде көзге қораш көрінеді. Трамваймен жүру бағасы – кез келген жерге 2HK$ (25 теңге). Ауданның метросы өте мұқият ойластырылған – жер асты, жер үсті метросы да бар екен, көптеген станцияға wi-fi қосылған, ал кейбір станцияға интернеті тегін компьютерлер орнатылған. Тегін  wi-fi-ды Гонконгтің әуежайынан да таба аласыз. Күніне бір рет болатын Гонконгтің кешкі лазер шоуы Гиннесс рекордтар кітабына "үнемі болып тұратын ауқымды шоу" ретінде кірген. Бұл жақта сондай-ақ Қытай тағамдары өте танымал, одан бөлек, тұрғындар Тибет, Непаль, Мексика, Италия тағамдарын сүйіп жейді. Кешкі уақытта кафеден орын табу қиын, адамдар кафеге кіру үшін кезекке тұрады екен. Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда, тағам құны Гонконгте айтарлықтай қымбат.

Кафедегі тағамның орташа бағасы – 40-60HK$ (510-766 теңге). Тек дайын сэндвич пен желі дүкендеріндегі тағамдар арзан. Мейрамханаларда негізгі тағам, сорпа мен сусыннан тұратын жинақ беріледі. Оларды А1, B2, т.б. деп нөмірлеп айтады, сондықтан, тіл білмесеңіз, аш қалмайсыз, таңдалған тағамның нөмірін айтсаңыз, жеткілікті. Гонконгтің негізгі халқы – қытайлықтар етті қатты ұнатады. Сондай-ақ бұл жақта ұн өнімдері кең таралған, әр метро станциясында, әр көшеде наубайхана бар, кез келген тоқашты 5HK$-дан (15 теңгеден) бастап сатып алуға болады. Гонконгтағы ең ауқымды мереке - ақпанның басында тойланатын Қытай жаңа жылы. Бұл мерекеге жергілікті халық бірнеше ай бұрын дайындалады, осы кезде дүкендерде үлкен жеңілдіктер жүреді. Гонконгте үлкен Apple Store дүкені бар. Apple өнімдерінің бағасы АҚШ-тағы бағасынан ерекшеленбейді, барлық жаңа өнім бұл жаққа Америкадан тез жетеді, тұрғындардың жалақы мөлшерін есепке алсақ, кез келген адамның айфон сатып алатындай жағдайы бар.

Жалғасы

Ұқсас жазбалар:

Гонконг қаласының сыры неде?

Гонконг қаласында 35 миллион гонконг доллары ауаға ұшты

Сурет: huffingtonpost.com, cupon.com.co

М. Оңғарова