Әлемдегі ең алып өрмекші

Әлемдегі ең алып өрмекші

Әлемдегі ең үлкен өрмекші жайында не білесіз? Білмесеңіз, біз сізге бүгін сол өрмекші жайында әңгіме қозғайтын боламыз. Ең алдымен өрмекшілердің орта өлешемін анықтап алайық. Олардың барлығы 4-6 сантиметрде тұрақтап тұр. Әлемдегі ең үлкен өрмекші атануға бұл өлшем аздық етеді. Солай ма? Әлемдегі ең алып өрмекшіні табуымызға бір ғана кітап көмектеседі. Иә, ол – Гиннестің рекордтар кітабы. Бұл кітапқа жүгінетін болсақ, әлемдегі ең алып өрмекшінің Терафоза Блонда (Theraphosa blondi) екеніне кәміл сенеміз.

Бұл ең үлкен өрмекші түрін 1965 жылы Венесуэлада экспедиция мүшесі Пабло Сан Мартин тапқан. Бұл өрмекші табанының құлашы 28 сантимерге жеткен. Бұл өлшеммен түстік астың тәрелкесін толық жауып қалуға болады.

Өрмекшілердің мұндай түрлері тек Суринами тропикалық орманына жақын жерлерден және Гайана мен Француз Гвинеясында ғана кездеседі. Бірақ осыған ұқсас түрлері Венесуэла мен Бразилияда да тіркелген.

Бұл тіршілік иелері тор жасап алып, терең індерде мекен етеді. Ең алып өрмекшілер кесіртке, құрбақа, бақа, тышқан аулап жеуге өте епті. Тіпті олардың кішкентай жыландарға да шабуыл жасауға батылы жетеді. Алғашқы түрін 1804 жылы француз энтомологы Латрейл жазып алған.

Сол түрге жататын екі жастағы бұл өрмекшінің құлашы 28 сантиметр болса, салмағы 170 грамды құрайды. Дегенмен мұндай түрлері жеке коллекцияларда да жиі кездеседі. Олардың көбеюі көп уақытты қажет етеді. Оның үстіне Терафоза Блонда өрмекшісін өзі мекен етіп жатқан жерден басқа жерге көшіруге қатаң тиым салынған.

Терафоза Блонда өрмекшісіне бәсекелес өрмекші де жоқ емес. Ол «қарсылас» Париж музейінің жертөлесінен табылған.

Бірақ та ресми түрде рекордсмен және «әлемдегі ең алып өрмекші» атына Терафоза Блонда (Theraphosa blondi) өрмекшісі ие.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: samie-samie.ru, tyiya.ru, 100facts.ru

А. Әбілхан