2100 жылға қарай әлемдік мұхит деңгейі 2 метрге көтеріледі

2100 жылға қарай әлемдік мұхит деңгейі 2 метрге көтеріледі
Фото: vladtime.ru

Сарапшылар ғасыр соңына дейін климат қалай өзгеретіні жайлы өз болжамдарын жасады. Олар әлемдік мұхит деңгейі қаншалықты көтерілетінін басты назарға алған.

Мұздықтарды зерттеумен айналысатын ғалымдар тобы Гренландия мен Антарктикадағы жағдайды бақылаған. Олар ғаламдық жылыну әсерінен мұздықтардың жылдам еруіне алаңдауда.

Зерттеушілер 2100 жылға қарай әлемдік мұхит деңгейі 7 футқа дейін (2,13 метр) көтеріледі деп болжауда. Мұның салдарынан 1,79 миллион шаршы километр жер су астында қалуы мүмкін. Оның ішінде Лондон, Лос-Анджелес, Нью-Йорк пен Рио-де-Жанейро қалаларына төнер қауіп көп. Сондай-ақ аралдық мемлекеттер жер бетінен жойылуы мүмкін, - деп жазады The Independent.

Әлемдік мұхит деңгейі 2 метрге көтерілетін болса, 187 миллион адам жаңа қоныс іздейтін болады.

Ғалымдар көмірқышқыл газының жыл сайын жоғарылауына да алаңдауда. Дәл қазіргі деммен жалғаса берер болса, ғасыр соңына қарай жер бетіндегі ауа температурасы Цельсий бағамы бойынша 5 градусқа жоғарылауы мүмкін.

- Қандай жағдай болмасын, біз де табиғаттың бір бөлшегіміз. Демек әлемдік экожүйенің бұзылуы біз үшін де қауіпті, - дейді Бристоль университетінің профессоры Джонатан Бамбер.

Егер әр мемлекет Париж келісімі бойынша жаһандық жылынудың алдын алар болса, онда ғасыр соңына қарай мұхит деңгейі 2 метр емес, 26 сантиметрге ғана көтеріледі екен.  

Н. Үсенова