15 қараша. Бүгін қандай күн?

15 қараша. Бүгін қандай күн?

Бүгін – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні.

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге. "Теңге" – "денге" немесе "таньга" деген ортағасырлық күміс тиындардың атауынан шыққан. Міне қызық, дәл осы түркі сөзінен орыс тіліндегі "деньги" сөзі пайда болған екен. 

Биылғы жылы теңге 20 жасқа толып отыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 3 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. Оның құрамында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі С.Терещенко (комиссия төрағасы) және комиссия мүшелері — Қазақстан Республикасының вице-президенті Е.Асанбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Д.Сембаев, ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ғ.Байназаров, ҚР Қаржы министрі Е.Дербісов және ҚР Экономика министрі Б.Ізтілеуов болды.

Республиканың Жоғарғы Кеңесінде және Үкіметінде өткізілген Ұлттық валютаның атауы туралы кеңейтілген жабық пікір-таластың нәтижесінде Жоғарғы Кеңестің жоспарлау-бюджет комиссиясының сол кездегі төрағасы болған С.Тәкежановтың ұлттық валютаны — "Теңге", ал оның жүзден бір бөлігін — "Тиын" деп атау туралы ұсынысы қабылданып, теңгенің дизайнын дайындау құрамында Т.Сүлейменов (жетекші), М.Әлин, Х.Ғабжәлилов және А.Дүзелханов (дизайнерлер) бар авторлық ұжымға тапсырылған.

1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге тұңғыш рет Англиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын ағылшын компанияларының бірінде дүниеге келген. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Сол күннен бері 15 қараша – Ұлттық валюта күні ретінде атап өтіліп келеді.

Бүгін – Қазақстанда Қаржыгерлер күні атап өтіледі.

Экономиканың қаржы секторының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін 1997 жылдан бері атап өтуде. Бұл мереке де Ұлттық валюта күніне сай белгіленген. Қазақстан экономикасының қаржы әлеуетін дамытуға және күшейтуге үлес қосып жүрген барлық қаржыгерлерді төл мерекелерімен құттықтаймыз!

Бүгін – ақын, жазушы, драматург қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Бейімбет (Бимұхамед) Майлин Жармағамбетұлының дүниеге келген күні. Ол 1894 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Б. Майлин бірнеше әңгімелердің, повестердің, поэмалардың фельетондар мен очерктертердің, 25 пьесаның, либретто мен сценарийлердің авторы.

Бүгін – педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Мәлік Ғабдулиннің туған күні.

Бүгін – ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектебі ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Жанғара Дәдебаевтың туған күні.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: kzinfo.far.ru, lenta-ua.net

Қ. Бүйенбай