"Astana Piano Passion" жас дарындарды танытады

"Astana Piano Passion" жас дарындарды танытады

10-мамырда өтетін “Astana Piano Passion” бірінші халықаралық классикалық музыка фестивалінің ашылу салтанатында «Жаңа есімдер» қорының дарынды балалары өнер көрсетеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шара аясында, сонымен қатар, маэстро Денис Мацуев С.В.Рахманиновтың «№2 оркестрімен фортепиано үшін концертін» орындайды. 

«Жаңа есімдер» қоры - бұл жиырма жылдан бері түрлі елдердің мәдениеті мен орындаушылық мектебін танытатын жас музыканттар мен суретшілерді, ақындарды іздеп тауып, іріктеп, қолдап келе жатқан қайырымдылық ұйымы. 

Қордың шәкіртақы иелері - ММУ жанындағы Чайковский атындағы Орталық музыка мектебінің оқушылары тоғыз жасар Син Ма мен он төрт жасар Данил Харитонов жұртшылыққа К.Вебер мен Ф.Листтің туындыларын ұсынады. Гнесиндер атындағы МСС музыка мектебінің шәкірті он жасар Елизавета Сеселкина Ф. Крейслердің «Прелюдия және Аллегросын»  орындайды.", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, К.Байсейітова атындағы  дарынды балалар Республикалық музыка мектебінің оқушысы, тоғыз жасар Беназир Парпиева өнер көрсетеді. Ол А. Копленданың «Мысық пен тышқан» әзіл скерцосын және Т.Қажығалиевтың «Прелюдиясын» орындайды.

«Қазақстан» ОКЗ-да 10-мамырда өтетін салтанатты ашылуға барлық тілек білдірушілер тегін кіре алады.

Естеріңізге сала кетелік, Массагет порталы бұған дейін Қазақстанның Астана қаласында 10-16 мамыр аралығында өтетін "Astana Piano Passion" І Халықаралық классикалық музыка фестивалі аясында "Astana Piano Passion" Халықаралық жас пианистер байқауы өтетіндігін хабарлаған болатын.

 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: usiter.com