"Эйр Астананың" жолаушылар ұшағы Дина Нұрпейісованың есімімен аталмақ

"Эйр Астананың" жолаушылар ұшағы Дина Нұрпейісованың есімімен аталмақ

"Эйр Астана" әуетасымалдаушысы Embraer 190 жаңа ұшағына қазақтың белгілі күйшісі Дина Нұрпейісованың есімін берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

"Эйр Астана" әуепаркіне 2012 жылдың қыркүйегінде келіп жеткен Embraer 190 осы типтегі бесінші ұшақ болып отыр. Ең алғашқысы 2011 жылдың наурыз айында пайда болды.

"Жаңа Embraer 190 әуелайнері бұл - осы типтегі кезекті ұшақтардың жай ғана бір түрі емес. Ол қазақтың ұлы композиторы, күйшісі Дина Нұрпейісованың есімін иемденіп отыр. Осылайша біз "Эйр Астана" әуекомпаниясының ұшақтарын Қазақстанның атақты әйелдері есімімен атау дәстүрін бастаймыз. Мысалы, Жеңіс күніне орай өз әуекөлігіміздің біреуін даңқты ұшқыш, батыр әйел Хиуаз Доспанова есімімен атауға шешім қабылдадық. Бұл ұшақ осы жылдың күз айының ортасына қарай Қазақстанға келмек",-дейді "Эйр Астана" әуекомпаниясының президеті Питер Фостер.

Embraer 190 әуелайнері 97 жолаушыға арналған, ол Астанадан Павлодар, Жезқазған, Омбы, Екатеринбург, Новосібір қалаларына қатынамақ. Алдағы уақытта Орынбор қаласына да қатынас орнату көзделген. Компания бұл әуелайнерлері өз иелігіндегі Fokker 50 атты шағын ұшақтарды алмастырады дейді. 

сурет: skyscrapercity.com

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Б. Қосмағамбет