Жарқын Сәленұлы: "Электронды қазақ үй – «EXPO-2017» көрмесіне арналған алғашқы жоба"

Жарқын Сәленұлы: "Электронды қазақ үй – «EXPO-2017» көрмесіне арналған алғашқы жоба"

"Электронды қазақ үй жарыққа шығыпты!" деп қуанышты хабарды ең алдымен таратқан БАҚ – Massaget.kz жастар ойын-сауық порталы болып еді. Бүгін сол жоба халық назарына ұсынылып, көптің көңілінен шығып, қолданыста жүр. Бүгін назарларыңызға «Электронды қазақ үй» жобасының жауапты редакторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Этнография мамандығы бойынша магистры Жарқын Сәленұлымен болған сұхбатымызды ұсынып отырмыз.

Massaget.kz: Электронды қазақ үй жайлы ең алдымен сүйіншілеп Massaget.kz сайты жазған болатын. Өнімдеріңді қазақ елі қалай қабылдап жатыр?

Ж.С: Иә, дұрыс айтасыз. Сіздердің жақсылыққа, жаңалыққа жаны құмар, ұлттық құндылыққа оң көзбен мән бере қарайтын ұстанымдарыңызды аңғардық, алғыс айтамыз. Ал электронды қазақ үйіне келсек, сәуір айында Астанада тұсауы кесіліп, талғампаз тыңдаушыларына жол тартқан еді. Алғашқы тыңдарманынан бастап бүгінге дейін қызығушылық танытушылар, бір-бірінен біз үшін сүйінші сұрап құттықтап жатқандар, тіпті осы өнімді өзі жасағандай құрақ ұшып қуанғандарды көрдік, орысша сөйлеп отырғандардың орнынан тұрып құрметпен қабылдағанына куә болдық. Сол сәттерде көңіліміз көтеріліп, мерейіміз өсіп, төбеміз көкке жеткендей шаттандық. Тағы бір айта кетерлігі, осы өнімге ұлттық ірі жаңалық ретінде мән бере назар аударған өзге ұлт өкілдерін де байқадық, іздеп келіп сатып алғандар да бар. Дегенмен, жекелеген кері пікірдегі адамдардың да болғанын жоққа шығармаймыз. Бұл дегеніңіз, біріншіден, қазақтың үйін киелі құндылық ретінде қабылдай алмайтындар, екіншіден, ұлттық музыка мен халық ауыз әдебиетінің мән-маңызын терең түсіне алмайтындар, үшіншіден, қызғаныштың орын алуы деп білемін. Дегенмен, уақыт біздің өнімнің шын мәнінде ұлттық рухы жоғары ұрпақ тәрбиелеуге тікелей ықпал ете алатынын дәлелдейтініне сенімдімін.

Massaget.kz: Қанша жерден ұлттық мәдениеті, этнографиясы, руханияты дегенмен, бүгінгі нарық ондай ұғымдарға қарамайды. Бұл жобаны қалай бастадыңыздар? Не түрткі болды? Өнімдеріңіздің бүгінгі қал-күйі қалай?

Ж.С: Біздің басты мақсат, нарықтан орын тауып пайдаға батудан гөрі ұлттық өнер мен ауыз әдебиетінің жауһарларын заманауи әдіспен қазақи нақышта насихаттауға құрылған. Оның жанды мысалы, осы жобаға арналған 3 жылдық алтыннан қымбат уақыт, қаншама қажыр-қайрат пен жұмсалған қаржы-қаражатты атар едік. Жобаның авторы, IT технология маманы, өнертапқыш азамат Ғалымбек Қызырбекұлы, техниканың тетігін тауып, тілін меңгерген майталман маман. Қазаққа қалай қызмет етсем деп жан ұшыра жүгіріп жүрген рухы биік жас. Бұл идея – бүгінгі қазақ қоғамын өзінің төл өнерін төбесіне көтеруге бағыттайды, бесігін әнмен тербетіп, бабалар жаратқан бай рухани қазынамен балаларды барынша қандыра сусындатуға қызмет етеді. Бір сөзбен айтқанда, озық материалдық құндылық арқылы әдебиетіміз бен мәдениетімізді, өнерімізді дәріптейді. Өйткені, бүгінгі замандастарымыз арасында «қағынан жеріген құландай» кейіпте жүргендері қаншама? Олар өз ұлтының ән-күйі мен терме-толғауы секілді құнды қазынасынан безінген, түсінуге, бағалауға санасы мен деңгейі жетпейді. Намысы жоқ, аты қазақ болғанмен, заты басқа. Солардың қатарын сирету керек, ол бесік басынан басталады, біз және біздің өнім соған қызмет етеді. Ал ұлттық өнім біз баспаған дала мен аяғымыз тимеген қалаларды, байтақ қазақ топырағын шарлап барады, бұл қан тамырдан тараған қандай ұлттық рухани күшіміздің жан-жаққа қуат алып таралуы дер едік.

Massaget.kz: Ресми орындардан қолдау бар ма?

Ж.С: Біздің жобаның алғашқы қолдаушысы - Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, сосын М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының мамандары да қолтығымыздан демеді. Қаншама ақын-жазушы, қаламгерлер, қайраткерлер, өнер иелері кеңес беріп, маңдайымыздан сипап бата берді, сол тілектер қабыл болып ісіміз ілгері басып келеді, Құдайға шүкір дейміз. Сондай-ақ осы жобаның негізгі қолдаушысы болуға ниетті мекеме – Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл комитеті. Олар мемлекеттік тапсырыс беруге уәде беріп отыр. Бірақ, әріптестеріме, яғни, журналистерге ескертерім, бұл өнім Тіл комитетінің тапсырысымен жарық көрген жоқ. Тіптен ешқандай мемлекеттік мекеме тапсырыс беріп, идея ұсынып, қаржы бөліп дайындатқан жоқ. Біздің жеке меншік серіктестік «Ұлас-Электрон» ЖШС ұжымы жасап шықты. Жеке азаматтардың өзінің бастамасымен, тікелей атқарған жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Алғашында бірнеше кәсіпкер қаржы салып, табысқа ортақтасуды ойлаған, белгілі мөлшерде ақша да бөлген, алайда жұмыс барысы қиындап, уақыт созыла бергесін олар жобадан бас тартты, ақшасын қайтарып алды. Сосын біз банктерден, жекелеген азаматтардан қарыз ала отырып жұмысты соңына дейін шыдамдылық танытып жалғастырдық. Сондықтан да, өнімнің сапасы жоғары деңгейде, ал сапалы өнімнің бағасы ешқашан арзан болмайды. Ал бізден өнім сатып алған барша азаматты, мемлекеттік мекемені біздің және ұлттық өнердің қолдаушысы санаймыз. Мемлекеттік мекемелер тапсырыс беріп жатса қуана қабыл аламыз, себебі, біздің заңды құжаттарымыз толық, өнім патенттелген, авторлық құқықтары толықтай қорғалған.

Massaget.kz: Болашақ жоспарларыңыз?

Ж.С: Біздің бұл өнім «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне арнаған алғашқы жобамыз. Құдай бұйыртса, алдағы уақытта Ұлы қазақ халқының материалдық және рухани құндылықтарын бүкіл әлемге кең көлемде насихаттайтын жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Ол ұлттық қолөнерді, ұлттық музыка өнерін, ұлттық сәулет өнері мен бай дүниетанымымызды әлемге әйгілеуге бағытталады. Негізі жұмысты жүзеге асырған кезде сүйіншілеп жеткізген жөн деп санаймыз. Сондықтан, алғы күннің ақжолтай жаңалықтары көп болады деп ойлаймыз.

Massaget.kz: Өнімдеріңіз өзге жұртта, Түркияда, Еуропада, Ресейде, Өзбекстанда өмір сүріп жатқан қандастарымызға жетті ме?

Ж.С: Бұған дейін бұл өнімді Түркияның Анкара, Ыстамбұл қалаларындағы қандастарға таныстырдым. Жақында Моңғолияның Баянөлгей аймағы мен Ресейдің Қосағаш ауданындағы бауырларымызға көрсеттім. Олардың бәрінің де ықыласы ауып, жоғары баға беріп отыр. Тіпті, «бүкіл қазақ ауылы көшіп келгендей қуандық» деп тебіреніп жатқандары да бар. Сонымен бірге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Еуропада, Ресейде, Түркияда өткен шараларында да насихат жұмысына қолғабыс еткенін айта кеткім келеді. Жеке белсенділігі мен ынтасы арқылы дәріптеушілер де жоқ емес, біз барлық қолдаушымызға рақмет айтамыз.

Massaget.kz: Бұл өнімге сынай қарап, қырын қабақ танытып, маңызын түсінбеушілер бар ма?

Ж.С: Бәрімізге аян, бір Құдай ғана мінсіз, басқаның бәрінде кемшілік бар. Сол секілді біздің де өнімде өзіндік олқылықтардың болуы мүмкін. Өйткені, бұл алғашқы жоба. Ал бізге жанашырлық, жақындық танытып пікір айтып, ұсыныс білдіріп жатқандар баршылық, біз оларды қуана қабылдаймыз. Алайда, пендешілік пиғылына ерік беріп жүргендер де жоқ емес. Мәселен, есімі елге белгілі жекелеген өнер иелерінің тек біздің өнім арқылы пайда тауып, ақша құрап алғысы келетін ойлары барын аңғардым. Сонда ол бізге дейін қалай жан бағып, күн көрген? Біз осы өнімді жасамасақ аш-жалаңаш, тірлік харекетсіз отырар ма еді? Әрине біз ешкімнің еңбегін жегіміз келмейді, жағдайымыз жақсарғанда сыйға сый жасай аламыз, бірақ өз қолымыз өз аузымызға жетпей тұрғанда «мені қашан, қалай жарылқайсың?» деп аузын арандай ашып алақан жайғысы келетіндерді көргенде қарным ашып, аяп кетем. Сосын, біздің қазақта отырып алып өзгенің табысын санап есептейтін, содан ләззат алатындар да бар. Өзі әрекет етпейтін, ептеп еңбек етіп жатқандарды көре алмай күндейтін, қызғанышын жасыра алмай жайып салатын, ісімізге бөгет болып, беделімізге нұқсан келтіргісі келетіндер де бар. Оларға кеңесім, электронды қазақ үйдегі ертегілерді, терме-толғауларды, Абайдың қара сөздерін тыңдап, санасына сіңірсін, сосын бізбен санасып бетпе-бет сөйлессін дегім келеді. Дегенмен сіздер секілді шын жанашыр қолдаушылардың игілікті ісіне дән ризамыз. «Өсер елдің баласы екенімізді танытып, бір-бірімізді батыр» санайық. Сонда ғана еліміздің еңсесі биік, рухы асқақ болып, мәңгілік Қазақ еліне айналамыз.

Әңгімеңізге рақмет!

"Электронды қазақ үй" жобасының ресми сайты: www.ulas.kz

Сұхбаттасқан: Мейіржан Әуелханұлы

Суреттер: Жарқын Сәленұлының жеке мұрағатынан

M. Auelkhan