Шымкент – салт-дәстүрдің астанасы

Шымкент – салт-дәстүрдің астанасы

Қызылорда – Қазақстанның бұрынғы астанасы

Алда келе жатқан Астана күніне орай еліміздің өзге де халықтың ықыласына бөленген ресми емес "астаналары" туралы айтуды жалғастырамыз.

Шырайлы Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағы 347 шаршы километр, мұнда 600 мыңнан астам халық өмір сүреді. Жергілікті уақыт Астана уақытымен бірдей.

Күннен-күнге ажарланып келе жатқан облыс орталығындағы өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Шырайлы Шымкент деген атқа ие қаланың жыл сайын көркейіп, келбеті ажарлана түскеніне қала тұрғындары куә. Және осы әсемдікті сақтап қалуға атсалысып жатқандар да баршылық.

Ең бастысы, қазіргі таңда ел экономикасының негізгі діңгегі саналатын өндіріс саласын дамыту бағытында қолға алынған республикалық бағдарламалардың орындалу көрсеткіші Шымкент қаласында оңтайлы жолға қойылғаны көз қуантады

Шымкент десе елең етпейтін ел жоқ болса керек. Ал шымкенттіктер десе қорқа қарайтын да, қызыға қарайтын да жұрттар бар.Әсірелеп айту емес, шынында Шымкент қаласының тұрғындары кең пейілді, ақ жарқын, барған жеріне тез үйренісіп кете алатын адамдар. Шыққан жерінің ерекшелігінен бе, бар ғұмырын өнерге жұмсаған өнерпаздардың көбісі сол аймақтан шығады. Бұл жағынан қызыға да, қызғана қарайтынын жасырмайтын қазағымыз баршылық. Оңтүстіктің тұрғындары ел демографиясының өсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Бұл өңірде туу көрсеткішінің жоғары болуы діні мен дәстүрін тиянақты ұстағанынан болар.

Ерекшеліктері

Оңтүстік аймақта түсті металлургия, машина жасау, мұнайды қайта өңдеу және тамақ өнеркәсіптері кеңінен дамыған. Мұнда өндіріс ғимараттарынан бөлек, әкімшілік, білім беру және мәдени орталықтар да бой көтерген. Ал қала қонақтары үшін қолайлы жағдай мен заманауи қонақ үйлер өз жұмысын жасап келеді. Қаланың инфрақұрылымы жақсы ойластырылған, сондай-ақ, транспорт қозғалысы да тұрақты. Қазақстанның бұл оңтүстік өңірінде қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, татарлар, корейлер, әзірбайжандар, украиндар, түріктер мен қырғыздар секілді көптеген түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп келеді. Қала аймағында жасылмен көмкерілген мекендер өте көп. Айта кетсек, Дендросаябақ, Абай саябағы секілділер.

Қаланың тарихы

Қаланы бір рет толық тамашалап шықсақ, оның тарихи және мәдени құндылықтарға толы екенін байқаймыз. Шымкенттің территориясына XI – XII ғасырларда алғашқы қоныс аудару басталған. Кейіннен Орталық Азиядағы маңызды сауда орталықтарының біріне айналып, XVI ғасырда Қазақ Хандығының құрамына енді. Қанша соғыс пен жаулап алушылық әрекеттері болғанымен, қаланың тұрмыс тіршілігі өзгерген жоқ. Жер шаруашылығымен айналысуын тоқтатқан емес. XIX ғасырдың II жартысына келіп, Шымкент қаласы маңызды стратегиялық аймақтың орталығына айналады. Кеңес Одағы құрылғаннан кейін жергілікті халықтың көптігіне байланысты көптеген өндірістік орталықтар салына бастады. Ал Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздің солтүстік және батысындағы зауыттар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, оңтүстікке көшірілді. Соғыс кезінде барлық жабдықтар мен тамақ өнімдерін дайындап беруде оңтүстік өңір айтарлықтай үлес қосқан. Ал Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де Шымкент қаласы еліміздің экономикасын көтеруде, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуда белсенділік танытып келеді.

Ауа райы

Оңтүстік Қазақстан облысы континенталды климаттық белдеуде жатыр. Қыстың орташа температурасы -5 градусты қамтиды.  Ал жазда +25, +30 градустар шамасында болады. Шымкентке туристік сапармен келгіңіз келсе, амалынша, сәуір мен мамыр айлары немесе қыркүйек пен қазан айлары аралығын таңдаңыз. Себебі, жаздың орта шенінде мұнда өте ыстық болуы мүмкін.

Қоғамдық орталықтары

Шымкенттің ең танымал қоғамдық орталықтарына Жібек Жолы аллеясы мен Тұрар Рысқұлов атындағы орталықты жатқызуға болады. Мұнда келген адамдар серуендеп қана қоймай, тарихи тұлғаларымыздың ескерткіштерін тамашалай алады. Абай атындағы саябақта Ұлы Отан соғысының 60 жылдық мерейтойына орай соғысқа оңтүстіктен қатысқан ата-бабаларымыздың есімдері жазылған үлкен кешен салынды. Ал кішкентай балақайлар үшін дендросаябақ, "Бамзик" сауықтыру орталығы, хайуанаттар бағы мен "Кен Баба" этнографиялық саябағы жұмыс істейді.

Ас мәзірі

Мұнда тамақ өнеркәсібі өте жоғары деңгейде дамыған. Айта кетсек, түрлі ұлттық тағамдардан бөлек, тек оңтүстікке ғана танымды тандыр самсасы мен шертпек секілді тәттілер дайындалады.

Өзге де қызықты ақпараттар

Аталған қалада 19 мәдени ұлттық орталық жұмыс жасайды. Олар қазақ, славян, өзбек, татар-башқұрт, неміс, еврей, корей, күрді, поляк, әзірбайжан тағы да басқа ұлт өкілдерінің орталықтары болып табылады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: otyrar.kz

Ж. Өрісбай