Қауіпсіздік белдігін тағудың маңызы

Қауіпсіздік белдігін тағудың маңызы
Фото: Seldon.News

Қауіпсіздік белдігін тақпау үшін түрлі сылтауды ойлап табатынымыз рас. Көлік есігін ашқанда-ақ бұл бір ыңғайсыз затты не үшін керек деп ойлаймыз. Ал жүргізушілердің басым көпшілігі белдікті қауіпсіздік үшін емес, айыппұл алып қалмас үшін тағатыны тағы бар. 

1. Қауіпсіздік көпшігі бар ғой...

Қауіпсіздік көпшігі аты айтып тұрғандай қауіпсіз емес. Көлік соқтығысы кезінде ытқып шыққан қорғаныш заты сізге жарақат салуы мүмкін. Оның үстіне көптеген көліктерде қауіпсіздік белдігін тақпаған жағдайда бұл функция да қызметін атқармайды. Егер бітеуіш қолданып, жүйені алдап қойсаңыз серпіліс заңы бойынша сізді алдыға лақтырып, қарама-қарсы бағытта қауіпсіздік көпшігі ытқып шығады. Бұл өте қауіпті, сеніңіз.

2. Маған ыңғайсыз

Расында, қауіпсіздік белдігі біршама ыңғайсыздық келтіреді. Алайда жүргізуші көп қимыл жасамайды, оның үстіне ойы қауіпсіздік белдігінде емес, жолда болуы қажет. Көп жағдайда қауіпсіздік белдігін тағып үйренбегендер үшін ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті уақыт өте дағдыланып кетесіз.

3. Оқыс жағдайда қауіпсіздік белдігін шешіп үлгермеймін

Бұл - ең негізсіз сылтау. Қауіпсіздік белдігін істен шығару үшін соқтысу күші өте мықты болу қажет. Ондай жағдайда қауіпсіздік белдігі емес, көлікте отырған адамның тірі қалуы екіталай.

4. Мына тұрған жерге жетіп алайын

Статистика бойынша жол-көлік оқиғасының 80% 65 км/сағ жылдамдықтан төмен кезде болады. Ал басым көпшілігі үйден 40 шақырым аумақта ЖКО-ға ұшырайды. Тіпті, тәжірибелі тіс қаққан жүргізушілердің көлік апатына ұшырамауына кепілдік жоқ.

5. Жолаушымын

Көлік апаты кезінде жолаушы да жүргізуші секілді жарақат алады. Мамандар көлік алдында отырған жолшаушылардан бөлек арт жақта отырғандарға да қауіпсіздік белдігін тағуға кеңес береді. 

6. Қауіпсіздік белдігінің пайдасы жоқ

Статистика бойынша, қауіпсіздік белдігін тағу - жүргізушілердің тең жартысының өмірін сақтайды. Көлік аударылған жағдайда жолаушыны тек қауіпсіздік белдігі ғана құтқара алады. 

А. Рысдәулет