Вакцина адамға зиян ба?

Вакцина адамға зиян ба?

Соңғы кезде Қазақстанда вакцинаның зияны туралы көп айтылып жүр. Сол себепті, ел вакцина ектіруден қорқып қалды.

Сондықтан, бүгін осы мәселені талдаймыз.

Осыдан 30-40 жыл бұрын қызылша немесе дифтерия  инфекцияларының кесірінен балалар өлімі жиі болатын.

Жер шарында табиғи оспаның көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегімен  жойылды. Ал 2002 жылы әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары болды. Айта кетелік, ең соңғы рет полиомиелит елімізде 1995 жылы тіркелді.

Вакцинаның арқасында біз адам өміріне қауіп төндіретін көп ауруды ұмыта бастадық. Кейбір ата-аналар бұл аурулар жайлы мүлде хабарсыз.

Вакцина – белгілі бір инфекцияны жоя алатын микроорганизмдерден жасалатын препарат. 

Егу – халықты полиомиелит, қызылша, қызамық, дифтерия, тырысқақ, көксау, туберкулез, «В» гепатиті, эпидемиялық паротит сияқты инфекциялардан қорғайтын ең тиімді тәсіл.

Ең алғашқы егу перзентханаларда туберкулез және «В» гепатитіне қарсы жүргізіледі. Вакцинациядан кейін баланың ағзасы оған өтпелі реакциямен жауап қайтарады. Бөгде зат енген денеде міндетті түрде түрлі реакция болады. Алайда, мұндай реакциялардың зардабы инфекциялардың зиянымен салыстырғанда түк емес.

1 қазаннан бастап жүргізіліп жатқан тұмауға қарсы жаппай егу жұмыстары отандастырымызды осы инфекциялардан қорғайды. Еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин биылдан бастап жүкті әйелдерге де тұмауға қарсы вакцина егіле бастайтынын, одан ешқандай зиян болмайтынын айтты.

Автор: Мақпал Бисембаева

сурет: lode.by