Тырнақ: денсаулығыңыздан хабар беретін белгілері #2

Тырнақ: денсаулығыңыздан хабар беретін белгілері #2
Фото: med-look.ru

"Дені саудың – жаны сау" деген сөзді халық қалт айтпаған. Өзіңізді күтіп, өзіңізге қарап жүрсеңіз, дерт дендемейді. Әрбір ұсақ-түйек дүниенің өзі денсаулығыңызға әсер етеді. Тіпті тырнақтың өзі осыған себепкер. Тырнақтың түріне қарай кездесетін кейбір аурулардың және жағдаяттардың бірнеше түрін атап көрсеткен болатынбыз. Жалғасын оқуға кеңес береміз.

Тырнақтың кедір-бұдырлығы

Тырнақ, әдетте, түзу әрі тегіс болатыны белгілі. Ал тырнақ өзінің мұндай табиғи формасынан «айни» бастаса, бұл дұрыс тамақтанбаудың, кейде күйзелістің созылуының белгісі. Сонымен бірге, маникюр жасау кезінде де тырнақ жарақаттануы мүмкін. Ал тырнақ бетіндегі шағын ойықтардың терең болуы кейде псориаз не артриттің белгісі болуы да ғажап емес. Мұндай жағдайда тырнақ шыныдай аппақ әрі тырнақ астындағы тері қызыл-қоңыр түсті болады

Тырнақ ұштарының сынуы

Тырнақ ұшының сынуына көп жағдайда өзіміз кінәліміз: ыдыс жуу, қолғап кию, маникюр жасау, тазалау, лак жағу тәрізді өзге де физикалық әрекеттерді дұрыс жасамаудан болады. Дегенмен де тырнақтың сынуы қалқанша безінің қабынуынан, витаминдердің жетіспеушілігінен де болады.

 

Тырнақ бетіндегі қошқыл сызықтар

Тырнақ бетінің қара-қошқыл түске енуі әртүрлі себептерден болады. Соның бірі жарақаттанудан болса, бірі ас қорыту жүйесінің бұзуылуынан пайда болады. Ал кейбір этностар үшін бұл қалыпты үрдіс: мұндай түс тері пигментациясының табиғи реңімен байланысты. Алайда тырнақтың қошқылдануы «аты жаман ауру» рактың түрі меланоманың белгісі болуы мүмкін.

Иілген тырнақ

Тырнақтың иілген формада болуы – ағзада темір жетіспеушілігі не шектен тыс көп болуының белгісі. Сонымен қатар, мұндай тырнақ формасы ген арқылы да келуі де мүмкін.

Кез келген сәби балада бастапқыда иілген тырнақ болады, мектеп жасында дұрыс тамақтанса, тырнақ тегіс күйге көшеді.

Қоңыр жолақ

Тырнақта қоңыр жолақ, көбінесе қолды балғамен, өзге де ауыр заттармен қатты соғып алғанда болады. Егер мұндай жағдай болмаса, демек инфекционды эндокардит тәрізді аурудан басталғанын білдіреді. Алайда бұл өте сирек кездесетін симптом. Соған қарағанда, қолыңызды жарақаттап алу жағдайы көбірек ұшырасады.

М. Ақан