Темекі шегетін жігіттің қоғамға хаты

Темекі шегетін жігіттің қоғамға хаты

Қоғам, орта – барлығы сізді тәрбиелеуші көздер. Бірақ бәрі бірдей оң қабақ таныта бермейді. Бүгінгі күнде шылым шегуге жастардың құмартуы – індет. Зиянын біле тұрып, өміріне қауіпті екенін сезе тұрып, оған тәуекел жасау – үлкен қателік. Сіздерге темекі шегетін жігіттің хатын ұсынып отырмыз. Бәлкім ойланарсыз... 


«... Қызығасыз. Білемін. Қызығудан басталатын осы бір қарапайым заттың өмір бойы індетке айналып кетеріне сенген емеспін. Татып көру. Шегіп көру. Бір рет қана. Бір рет, екі, үш... әрі қарай қанша рет емес, қанша данасын шеккенімді айта алмаймын. Есепсіз. 

Ең алғаш мектеп қабырғасында жүріп үйрендім. Өмірдегі үйренген ең жаман ісім осы болар. Соңғысы да осы болса екен. Өкінішті, қоғам мені әрі қарай қандай күйге апаратынын ескертпеді. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген сөздің мағынасын енді түсіндім. Сіздерге шылыммен шырмалған бір күндік өмірімнен сыр шертейін. 

Таңертең оянғанда ең бірінші кеудем қысылады, еріксіз оянамын. Өйткені кеудеме жиналған түтін еріксіз тұрғызады. Ел қатарлы таңмен тұрып күнге қарау арман болды. Ең алдымен жуынатын бөлменің есігін ашамын. Кеудем ауырғанша жөтеліп, есім шығады. Көз алдымда тұрған айнаға қарап «енді шекпеспін» деймін. Бұл сөздер кеудемнің іштен жұлмаланып бара жатқан дертінен кейін шықты. Бірақ... жұмысқа шығып бара жатып жолай қорабымды алып, ішінен бір данасын алып тұтатамын. Асқазанымда ештеңе жоқ. Оразамды да ашқан жоқпын. Ішке енген түтін алай-дүлей болып миыма келеді. Басым сәл теңселгені болмаса, мән бермей жүре бердім. Күні бойы, түстік астан кейін барлығын қосқанда қораптағы жартысынан көбісін бітіріп қоямын. Асқазанға ел қонғаннан кейін әсері болмайтын секілді көрінеді. Тек жөтел кетпейді. Жоқ сіз ойлағандай жөтел емес, гүрілі басым, бүкіл өкпем далаға шығып кететін секілді. Тіпті дыбысының өзі ерсі. Айналамнан қысылып та қаламын. 

Кешкісін тағы да бір қорабын аламын. Үйге жеткенше жөтеліп келемін. Бара-бара жағымсыз иіс пайда болғанын, айналамдағы адамдар маған жек көрінішті көзбен қарағандарын аңғара бастадым. Тіпті жақын араласатын жандар да. «Қой» дегендеріне «қоямын» деумен келдім. Кешке ауырамын. Бүкіл денем, іш құрылысым, ең ақыры табаннан өткен суық секілді маңдайымнан бір-ақ шығады. 

Иә, сән көрдім. Әрбір ер азамат шегу керек деп түсіндім. Бірақ адасқан арманымның қайда апарғанын аңғармаппын. Дәл қазір жүгіре алмаймын, жүгірсем өкпем ауырып, тез шаршаймын. Буындарым сәл ауыр зат көтерсе талып, әлсіздік танытады. Тез терлеймін. Тіпті себепсіз тер шығып, ауру адам секілді күйде боламын. Өмірім бір күні осы темекімен бітіп қаларын да білемін. Бірақ тәуелділік мұны жеңіп шығуыма қарсы. Ең ақыры қазір іздеймін, онсыз ойлана алмайтын секілдімін. Бірақ мұның бәрі сылтау ғана. 

Жас дос, темекі шекпе! Бір-ақ мысал келтірейін, ең алғаш көргенде қараңғы жерге баруға сескенесің. Бірақ қолыңа жарық түскен кезде сенен батыр адам жоқ. Жарықтың да, батырлықтың да соңы саған белгісіз аймаққа бастап кетсе олардан пайда қанша. Дәл сол секілді өзің татып көрмеген, қыр-сырын білмейтін шылымды алғаш шегуге қорқасың, оның өзінде үйдегілер ұстап алмасын деп қана ойлайсың. Бірақ бір көру мың көруге апарады. Етің үйреніп кеткен күні өкінесің.  

Ештеңе кеш емес. Кешігіп жеткен қонақтың да төрде орны бар. Өз өміріңіз өз қолыңызда. Құртып алмаңыз. Осы хатты оқыған болсаңыз, темекіге жоламаңыз. Бастап қойған болсаңыз, тереңіне кетпей тұрып алдын алыңыз. Басқаша жеткізе алмадым, өйткені өкініш өзегімді өртеп барады...» 

М. Ақан