Зиянды әдеттерден қалай құтыламыз?

Зиянды әдеттерден қалай құтыламыз?
Фото: fonday.ru

Көп адам "зиянды заттар" деп тек арақ, шарап, темекі, есірткі секілді нәрселерді айтады. Әрине ол дұрыс, бірақ бұл сөздің ауқымы тек онымен шектелмейді. Себебі зиянды әдеттерге тырнақ тістеу, тамақ ішер алдында қол жумау, видеоойындарды жиі әрі ұзақ ойнау, салқын күндері бас киімсіз жүру тағы сол сияқты іс-әрекеттер де жатады. Сондықтан мұндай әдеттерден қолыңыздан келгенше тездетіп құтылғаныңыз дұрыс. Өйткені оның адам өміріне тигізетін зияны өте көп. Мысалы қолыңыздағы микробтар мен бактериялар сізді ауруға шалдықтырмай қоймайды. Сол себепті біз бүгін сіздерге олардан құтылудың тез және оңай жолын ұсынғымыз келіп отыр.

Дана халқымыз «ауру қалса да, әдет қалмайды» дейді. Бұл әдеттерден қысқа мерзімнің ішінде құтылу оңай емес секілді көрінеді. Бірақ шын ниетіңізбен тырыссаңыз, сіздің қолыңыздан келетініне сенімдіміз. Егер темекіні тастағыңыз келсе, оның орнына пісте шағыңыз. Ақылға қонбайтын іс секілді, алайда нәтижесіне көзіңізді жеткізесіз. Әсіресе қара пісте пайдалы.

Ішімдіктен бас тартыңыз. Егер адамның алкогольге еті үйреніп кетсе, оны бірден тастап кету қиынға соғады. Сондықтан одан аз-аздан құтылған абзал. Бұрын аптасына 4-5 рет тұтынған болсаңыз, қазір 3 рет немесе 2 рет тұтыныңыз. Сөйтіп-сөйтіп ішімдікпен мәңгілікке қош айтысасыз.

Пайдалы істермен айналысыңыз. Кейде зиянды әдеттер басқа бір айналысатын нәрсенің жоқтығынан пайда болады. Сол себепті жаныңызға жақын хобби тауып алыңыз. Мысалы спортпен шұғылданыңыз немесе кішігірім кәсіп ашыңыз. Денсаулығыңыз бен уақытыңызды түкке тұрғысыз заттарға құртқанша, өзіңізге де, қоршаған ортаңызға да пайдалы істерге жұмсаңыз.

Мұндай ситуациядан өзіңізге шығу қиын болады. Сондықтан сенім артатын және тыңдайтын адамның көмегіне жүгінгеніңіз жақсы. Ол сіздің анаңыз немесе әкеңіз болуы мүмкін. Олар сіздің бұрынғы күйіңізге қайта оралмау үшін, бүгінгі іс-әрекетіңізді жіті бақылап отыруы керек. Басында оларға ашулы болуыңыз мүмкін, уақыт өте келе міндетті түрде алғыс айтасыз.

Зиянды заттардан құтылу үшін уәждеме табыңыз. Ол сіздің өміріңізді біржола өзгертіп жібермегенмен, пайдасы бар. Сонымен қатар болашағыңыздың бұлыңғыр болмағанын қаласаңыз, ескі әдеттерді қойып, келешекке нық қадам басыңыз. Ең ерекше уәждемені тек жақын жандардан ғана күтіңіз. Егер сіз әлі жас жігіт болсаңыз, онда оны сізге қызыңыз немесе құрбыңыздың айтқаны әлдеқайда тиімді. Себебі қыз-қырқын жігітінің зиянды әдеттерден арылып, салауатты өмір салтын ұстанғанын қалайды.

Осындай әдеттерден қаншалықты зардап шегетініңізді есіңізге алыңыз. Мысалы шылым өміріңізді өкінішке айналдыратын қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады. Оны шегердің алдында қорабындағы түрлі қорқынышты суретке мұқият назар аударып, ойланыңыз. Егер оны тез арада қоймасаңыз, жағдайыңыздың өте ауыр болатынына көзіңізді жеткізіңіз.

Қанша өміріңіз қалғанын санап көріңіз. Егер уақытында емі қолданбаса, адам қарапайым жөтелден де жазым бола алады. Ал оның қасында темекі мен ішімдіктен пайда болатын аурулардан аман қалу оңай емес. Сондықтан ең басты байлық – денсаулығыңызды ойлаңыз.

Біреумен біраз ақшаға бәстесіңіз. Тіпті көлігіңізді нотариусқа барып, тума-туысыңыздың немесе жақын досыңыздың атына аударып, зиянды заттарды қойған кезде ғана өз атыма аударам деп қол қойыңыз. Сонда сіз белгілі бір уақыт ішінде зиянды әдеттеріңізді қоюға тырысып бағасыз.

Жоспар құруды ұмытпаңыз. Оған қатты асығудың қажеті жоқ. Өйткені ол өте байсалдылықпен шешетін мәселе.

Ж. Исакаев