Омыртқаңыздың неге ауыратынын білесіз бе?

Омыртқаңыздың неге ауыратынын білесіз бе?
Фото: infomrt.ru

Бұрындары арқа, жауырын, омыртқа сүйектерінің cырқаты тек қарт адамдарда ғана кездесуші еді. Ата-әжелеріміз «Отырсам, тұра алмаймын, тұрсам, отыра алмаймын» немесе «Мына сүйектің ішіне бір нәрсе кірген бе өзі?» деп налитын-ды. Ал қазір бұл ауру жастардың да мазасын алып жүргенге ұқсайды. Бұның сыры неде екенін білесіздер ме?

1. Өте аз қозғаласыз?

Мүмкін сіз күні бойы көлікте, жұмыс үстелінде, ал кешке компьютер алдында отыратын боларсыз. Бұның бәрі сіздің денсаулығыңыз үшін, дене бітіміңіз үшін кері әсерін тигізетінін білесіз бе? Егер осылай жалғаса берсе, жауырыныңыз бір күні шаншып, ауырып, жаныңызға маза бермейді. Құдды бір ине сұғып алғандай болады. Сондықтан, қазірден бастап көп қозғалып, жаяу жүріңіз және де арқаңызды тіктеп ұстаңыз.

2. Мүмкін, еңкейіп отырасыз?

Осы жазбаны компьютер алдында еңкейіп оқып отырған да шығарсыз. Басты алдыға қарай созу сіздің дене бітіміңізді өзгертеді. Тұлғаңыздың қалыпты жағдайынан айырылып қаласыз, омыртқаңыз қисық бітеді. Есіңізде болсын: көлікте, жұмыс орнында, қандай жер болмасын денеңізді тік ұстауға тырсыңыз.

3. Әлде, бүкірейіп жүресіз бе?

Омыртқаңыздың тік болмауы басқа да дене мүшелеріңізге әсер етеді. Кеуде тұсыңызға арқаңыздан берілген күш салмақ түсіреді. Бұл күн ішкі ағзаларыңызды «сығып, қысып» тастауы мүмкін. Жұмысбастылықтан бұл сізге байқалмауы мүмкін. Бірақ, уақыт өте келе жас келіп, қартайған шақта бұның бәрі мазаңызды алады. Сондықтан, ауру үстіне ауру жамамас үшін «қыстың қамын жаз ойла» деген аталы сөздің мағынасын жете түсіне біліңіз.

4. Тәбетіңіз қалай?

Арқа ауруының тағы бір себебі – дұрыс тамақтанбау. Омыртқа сүйектеріне керекті дәрумендер мен құнарлы заттардың аз мөлшерде болуы оның бітік бітуіне кері әсерін тигізеді. Мысалы, кальций, ақуыз, т.б. Қарапайым мысал: үйді тұрғызу кезінде кірпіштерді цементсіз қалай алмайсыз ғой. Сол секілді сіздің тұлғаңыздың тіреуі болып тұрған сүйектеріңізге нәрлі өнімдер керек. Артыққа бармай, кемге салынбай өз мөлшеріңізді біліп, азықтансаңыз және де жоғарыда аталған кеңестерге құлақ түрсеңіз, дене бітіміңізді сақтай аласыз.

Е. Жұмабайұлы