Ақыл аз болса да, жатыр асыл болу керек

Ақыл аз болса да, жатыр асыл болу керек
Фото: islam.kz

Әйел адамның о бастан бері орындайтын миссиясы – ана болу. Өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, оны тәрбиелеу де еншісіндегі ең құнды дүние. Ошақ қасы, отбасының күйбең тірлігі кімді болса да шаршатары сөзсіз. Дегенмен, ұрпақ алдындағы борышын, сәби алдындағы парызын, азаматтың алдындағы адалдықты  бәрінен биік қою – ақылды әйелдің әрекеті. Ұлттың тазалығы  әйелдің жатырынан бастау алады. Қазақтың бір сөзінде "әйелдің ақылы аз болса да, жатыры асыл болуы керек"– дейді. Шын мәнінде, тарих беттерін парақтасақ,  қазақ халқының бағына орай бөрі боп туған баһадүр көп, арыстан боп туған асылзада көп. Қазақ әйелі қашаннан қанағаты мол сөздің қадіріне жеткен. Өз болмысындағы құндылықтарды сақтай білген. Қай қазақ болмасын, қызының етін жасық, сүйегін бор етіп тумаған. Қыз балаға ұлттың анасы, бір әулеттің түтінін түзу түтететін, орамды сөзді орнына жұмсап, азаматты сыйлайтындай етіп тәрбие берген. Оның айқын көрінісі ретінде айта алар қыздарымыз қаншама.

Заман қанша өзгерсе де, адам болмысы сақталады. Болмысты пен бітімді сақтау – ұлттың өз қолында.  Әйел адамның құдіреттілігі де осы жерде.  Бесіктегі сәбидің тәрбиесіне бел шешіп кірісіп, аналық ақ сүтін тау суының тазалығындай сіңірсе, ұлтқа деген махаббаттың анаға деген махаббаттан  бастау алатынын түсіндірсе ол баладан ел үшін еміренетін ердің шықпасына кім кепіл?! Ер адамдар әйелге ана, жар, қарындас деп қараса, әйел адам ер-азаматқа асқар тау әке, намысты ұл, жігерлі жар ретінде қарауы керек. Абайдың күллі қазаққа Абай болуы – Зере мен Ұлжанның  жатырының асылдығы. Кез келген қазақ қызы ұлтын сүйер ұлы ұрпақты өмірге әкелуді басты міндетім деп санауы керек. Оған тәрбие беріп, тумысынан тұлға етіп қалыптастыру да – басты миссиясы. Тегі жақсыдан жаман туды десең де, тегінің бір сарқын-сарқыты көрінбей қоймайды. Тегі жаманнан қанша жақсы туды десең де, түр-қазығы бақайынан тартпай қоймайды.

Ә. Жутаева