Әлемде тек екі түрлі адам бар

Әлемде тек екі түрлі адам бар
Фото: Oscar Photostudio

Әлемде тек екі түрлі адам бар дегенге сенесіз бе? Бұл арада философтар кереғар пікір келтірсе, әлеуметтанушылардың көбі келісер еді. Ол екі типке кімдер жатады?

Бірінші тип – бүгінімен өмір сүретін адам

Жаңа заман ағымына сай өмір сүруге тырысатын адам баршылық. Олар әдетте саналы түрде «өспеген» адамдар. Ақша шашу, түнгі клуб аралаумен жылдар өткізетін қыз-жігіттер қазір көп екені рас. Түскі астың уақытында қаланың бір әсем жерінде кофе ішіп отырып, қандай әңгімені жиі естисіз? Жас қыздар топтасып, өзінің жігіттері, күйеулерін аузынан тастамайды. Бірі жамандап жатса, екіншісі асыра мақтап жатады. Екеуінің де сөздері жат құлаққа ерсі естіледі. Ал жігіттер кешегі қыздың алдыңғысынан қай жері кем екенін талқылап отырады. Бірі тіпті күніне бірнеше қызбен кездесіп үлгеретінін айтып, мәз болады. Мұны естіп, кез келген адамның тәбеті қашып кететіні сөзсіз. Бұлар – жаңа заманның анасы мен әкесі.

Екінші тип – өмірдің маңызды сәттерін бағалайтын адам

Адамға бақытты болуы үшін не керек? Ақша ма? Олай болса, кеше болған жайтты есіңізге түсіріңіз. Кез келген уақытта табатын ақшаңыз құнсыздануы мүмкін. Кез келген сәтте жинаған ақшаңыз жарамсыз болып қалуы мүмкін. Әрине, мұндай жағдайдың болмағаны игі. Дегенмен, ақшаны бірінші орынға қоймағаныңыз жөн. Екінші типті адамдар өмірдегі ең маңызды – адамның адамға деген қарым-қатынасы екенін түсінеді. Күнде кездесетін қыз-жігітті емес, өзін түсінетін, сүйетін және сыйлайтын жанды ойлайды. Соның көңілін табуға барын салады. Махаббатқа махаббатпен жауап беруге тырысады. Болашағын жарқын ету үшін өз жанұясын құрып, бақытты ету керектігін мақсат етеді.

Қаржы мен дүниеге ұмтылған адам ақшаның курсы секілді бірде құлап, бірде көтеріліп отырады. Ал отбасылық бақытқа ұмтылған адам тұрақтылыққа жетеді. Өмірдің рахатын да, қызығын да, қиындықтарын да өз жарымен бірге көріп, көтереді.

Сіз шын мәнінде дұрыс бағытта келе жатырсыз ба?

Ф. Абилова