Махаббатсыз дүние бос (Жігіт күнделігінен) #2

Махаббатсыз дүние бос (Жігіт күнделігінен) #2
Фото: Инна Иноземцева

Басы

«Міне, екеуміздің танысқанымызға да айдың жүзі болды. Сен сияқты қызды жолықтырғаныма сондай қуаныштымын. Сен менің басыма қонған бақытымсың. Танысқанымызға аз уақыт болса да, маған сенен өзге жанның керегі жоқтай сезінемін. Сені тезірек мендік еткім келеді. Сендей қыздың бұл әлемде жалғыз екенін түсінемін. Сондықтан жоғалтып алғым келмейді...»

09.10.2007 жыл

«Бүгін мен саған ұсыныс жасадым. Жүрегімді қолыма ұстап тұрдым. Егер «иә» десең, бұл ғаламда менен асқан бақытты жан табылмас еді, «жоқ» десең, лаулап тұрған сезімімді салқын су сепкендей өшіретін ең. Қанатым қайырылған құстай сезінер ме едім өзімді. Ол жағын мүлдем ойлағым да келмейді.

Сен маған қарап тұрып, жанарыңа жас тұна, басыңды изеп келісіміңді бердің. Қуанғаннан сені құшақтап алып, шыр айналдырдым. Ең алғаш қыпша беліңнен қысып, құшағыма тартып, тәп-тәтті ерніңе ернімді тигіздім. Бақыттан басым айналып, ішпей-жемей мас болдым. Араққа емес-ау, махаббат деген ұлы сезімге мас болдым. Қараңдар, аспан, тау-терек, бәрің-бәрің маған қараңдар. Сендер менің махаббатыма куә боласыңдар. Еркеназдың көзінен бір тамшы жас шығармайтын болам. Уәдем уәде...»

10.10.2007 жыл

«Мен бүгін түсімде сені көрдім. Сен аяғыңды ақырын ғана басып, менен алыстап бара жатыр екенсің. Сені жібергім келмейді, бірақ саған "кетпе" деп те айта алар емеспін. Қол-аяғым байлаулы адамдай бір орыннан қозғала алмаймын. Жарығым-ау, осы түстен шошып оянып, жүрегім дамыл таппай дүрсілдеп қоя берді. Қолыма ұялы телефонымды алып саған қоңырау шалдым. Сенің құлаққа жағымды, нәзік дауысыңды естіп қана тынысым кеңейіп, дем алдым»

30.10.2007 жыл

«Еркеназ, мен сенің жаныңда жүріп махаббаттың, бақыттың, қызғаныштың не екенін білдім. Сен жанымда қатар жүргеніңде кеудемді қуаныш сезімі кернеп кететін. Сенің күлкің мен дауысыңды өмір бойы естіп өтуге дайынмын. Бүгін жұмыстан қайтқан кезде мен сені аялдамадан көрдім. Жалғыз емес едің... Жаныңда бір жап-жас жігіт тұрды. Ол сенің қолыңнан ұстап жымиып қоштасып, қасында тұрған қара көлікке мініп жүріп кетті. Енді менің санамды қызғаныш уы торлап, жатсам, тұрсам да көз алдымнан екеуің кетер емессіңдер. Сені көрсем бойымды ашу кернер ме екен деп, хабарласпағалы 2 күн болды. Бірақ жанымды қызғаныш оты өртеп барады»

05.11.2007 жыл

Жалғасы бар...

Жолдаған: Ақерке Талғатқызы 

Ф. Абилова