Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған...

Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған...
Фото: Дарья Лапина

Мына дүниеде ананың ақ сүтіне не жетсін?! Әкенің маңдайыңнан иіскеп, махаббатпен сүйген сәтінен артық не нәрсе болсын?! Бала үшін мұнан артық бақ та, арман да жоқ шығар. Дүние атаулының ең ғажайыбы – бақытты отбасы болса керек-ті. Ал, сол дүниедегі сормаңдай жан кім десе, ана мен әкенің мейіріміне қанбаған бала дер едік. Әлбетте, сорлылығы үшін бала кінәлі емес, тағдыры, бәлкім, солай-ды. Ал, егерәки, сол сормаңдай дүние есігін кемтар немесе ауру болып ашса һәм ата мен ананың мейірімін көре алмайтын жетім болса ше? Кінә кімде екен?! Тар құрсақтан шыққан сәбиге талайға жетер мұң сыйлаған тағдыры, бәлкім, өзегін жарып шыққан баласын тастап кете баратын ана мен әкесіне рухи азық бере алмаған тас қоғам шығар?!... «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ», балаңның ақыл-есі кем болса қалай болмақ? Бітпейтін сұрақ, түгесілмейтін мәселе...

Бүгінгі қоғамға барлап, көз салсаң айналада көптің барын, бірақ, өмір сүруге қажетті негізгі күш – сенім мен сезімнің, адамгершіліктің жетіспейтінін көре аламыз. Дегенмен, тар тірлікте кең тыныс болмайтыны белгілі. Мәселе – қоғамның әлсіз тұсына айналған, адамның жан-жүрегін тебірентіп, өзегін өртейтін ақыл-есі кем балаларды ата-аналарының тастап кететіні болып отыр. Жығылғанға жұдырық. Бұл мәселенің шеті емес, түгелдей-ақ айтылған, айтылуда, айтыла да бермек. Бұл – ғасыр індеті һәм даулы мәселе.

«Басқа түссе, баспақшыл». Иә, көнбесіңе лажың да, амалың да жоқ. Балалар үйі – баланың өз үйі, жылы қонысы еместігі де белгілі. Бірақ, панасыз жандарға бұл да қорған. Ал, денсаулығы нашар, қараусыз, өз мұқтажын өзі өтей алмайтын, тіпті, әлі есі кірмеген сәбилер жайы ше? Бұл да күрмеуі қиын түйткілді түйін.

Айтылғалы отырған мәселе – Тараз қаласындағы «Ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйінің» жай-күйі. Ондағы балалар жағдайы. 1964 жылы құрылған бұл балалар үйі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін сегіз бағытта жұмыс істеп келеді. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналыық, педагогикалық, психологиялық, мәдени, еңбек, экономикалық және құқықтық бағыттар. Мұнда түскен әр бала 14 күн ішінде, яғни екі апта көлемінде жеке жұмыс жоспары дайындалып, бекітіледі. Бұл мерзім ішінде балалардың диагнозы анықталып, арнайы бөлінген топтың қайсысына жататыны белгілі болады.

Қоғамнан оқшауланған осынау сәбилердің жай-күйімен танысу үшін арнайы рұқсат алып, балалар үйіне барған едік. Осы мекемедегі балалардың дәл бүгінгі күйін жақсы деуге келмес, әрине. Себебі мұндағы төсек тартып жатқан балалар дауна, паралич, сал ауруларымен ауырады. Дегенмен, мемлекеттің және соңғы бесжылдықта келген жаңа басшының қолдауымен балалар үйінің жағдайы едәуір жоғарылаған. Бала денсаулығын жақсартуға арналған соңғы жабдықтар, психологиялық, емдік жаттығулардың озық түрлері қарастырылған. Өз бетімен қимылдай алмайтын жасөспірімдерге арнайы креслолар, жатын орындар, ақыл-есті жаттықтыруға және дамытуға, немесе жәй тынығуға арналған психологиялық арнайы жаңа үлгідегі керек-жарақпен мекеме толықтай қамтылған.

«Ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мәдени ұйымдастырушысы Тоқтыбаева Бибіжамалдың айтуынша, қазіргі таңда бұл балалар интернатындағы 106 баланың ішінде 40 бала ата-ананың қамқорлығынсыз қалған. Ал, өзге 66 баланың ата-анасы бар және олар белгілі уақыттарда балаларына келіп, қатынап тұрады. Тіпті, кейде үйлеріне алып кететін де көрінеді. Өкініштісі сол, баланың денсаулығы тым нашарлылығына байланысты ата-анасының өзіне көндікпей, бір аптаға жаздырып алып кетіп, 2-3 күннен соң қайта алып келетіндер, немесе, тіпті жолдан қайтып келетіндер де кездесіп жатады екен. Бұл балалардың туа бітті сырқаттары. Ал, ата-ананың өзі қашқақтайтын, ақыл-есі кем балалардың күтімімен арнайы тәрбиеші мен күтушілер айналысады. Олардың міндетіне өз бетімен қимылдай алмайтындарды тамақтандыру, киіндіру, қажетті жұмыстарына шығару сынды істер кіреді. Бұдан өзге, интернат тұрғындарын жуындыру, шашын қидыру сынды процестің барлығы мекеме ішінде жүргізілетінін айтуға болады. Оған бар жағдай жасалған.

Мінекей, бір күннің астында, бір жердің бетінде осындай түрлі тіршілік өтуде. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы деген осыдан қалса керек. Әр мерекеде, айтулы даталарда қоғаммен тікелей араласып, саябаққа қыдыруға немесе мультфильм көруге баратын бұл жеткіншектерді мүсіркеуге де келмес. Балалар үйінің дәлізінен өтіп бара жатсаңыз, ұзағынан түрлі картиналар, шеберханадан шыққан түрлі еңбектердің ілініп тұрғанын көресіз. Теңіз, гүл, аққу... Мұның барлығы осы жеткіншектердің қолынан шыққан дүниелер. Сондай сүйкімді, көркем бұйымдарға қарап, тіпті шебердің қолынан шыққан ба деп қаласыз. Себебі, олардың денсаулығы нашар және аяулы ата-аналарының қамқорлығында болмағанымен, өмірге деген құштарлықтары ерекше. Оны тек көзбен көру керек һәм жүрекпен ұғыну қажет.

Р.S. Барлық жағдайы қарастырылған, уақытылы ас ішіп, мезгілімен қыдыратын бұл балаларды және өз жүйесімен жұмыс істеп келе жатқан «Ақыл-есі кем балаларға арналған интернат» жайын бекер айтқанымыз жоқ. Онсыз да дүние есігін кемтар болып ашқан бұл бейкүнә жандарға отбасы қамқорлығы аса қажет екенін ардақты аналар сезінсе екен дейміз. Ана сүтінің қасиеті түрлі сырқатты емдей алатынын сол ананың өзі білмей ме екен? Жылы сөзі мен ыстық құшағы ше? Он балаға жарық сыйлап, бір баласының да бетінен қақпай, мәпелеп өсірген қайран кешегі қазақтың аналары-ай!...

Жолдаған: Асылзат Жұмабай

Ш. Талап