Үй шашпаудың оңай жолдары

Үй шашпаудың оңай жолдары

Келе жатқан демалыстың басты істерінің бірі – үй жинау. Алайда апта соңында жұмыстан шаршаған жанымыз демалысты қалап тұрады. Оған уақыт қалу үшін күнделікті үй жинастырудың сырларын біліп, демалыс күндерін ұйқы мен достармен кездесуге қалдырыңыз. 

Әсіресе қыздар тұратын үйде ұсақ-түйектер көп болып, әр жерде шашылып жатады. Әрине нәзік жандылар жігіттерге қарағанда қажеттіліктері көбірек: киім, косметика, бижутерия, түрлі журналдардың әр жерде жатуы аптаның соңында бөлмеңізді танымастай жағдайға жеткізеді. Ондай болмас үшін кішігірім күнделікті шараларды әдетке айналдырып алыңыз.

Әр кез жаңа зат: киім, косметика не үй шаруасына қажет зат сатып алғанда соның ескі баламасын қоқысқа лақтырудан аямаңыз. Ескі, мүлдем қолданбайтын заттарды жия бермеңіз. Бұл үйде орын босатудың ең дұрыс жолы. Осы ережені әдетке айналдырсаңыз, болашақта да бейберекет шашылған үй, бос орынның болмауы сіз үшін мәселе болмайды.

Жаңа сатып алған косметикалық құрал, киім не аксессуар сізге артынан ұнамай қалды делік. Мұндай кезде біз оған құртқан ақшаны аяп, сөреге "Бір күні киіп қалармын..." деген ниетпен қоя саламыз. Артынан жылдар өтсе де, қолданылмаған бұйым сол беті құртылып қалады. Оданша мұндай заттарды әпкеңізге, сіңіліңізге, құрбыңызға ұсынып көріңіз. Оларға бұл зат шынымен қажет болса, біреуді қуантып, сөреңізді де артық заттардан босатасыз.

Сөрелерді ылғи жинастырып жүру сіздің көп уақытыңызды үнемдей алады. Шашылған сөреден қажетті киімді, шұлықтын екінші данасын, соңғы алған сәнді сырғаны таба алмай уақыт құртпау үшін, сөрелерді әр кез жинастырып жүріңіз. Әр заттың өз орны болса, уақыт өте оларды бір сәтте-ақ табуға дағдыланасыз.

Әр үйді жинау шарасы заттарды өз орындарына қоюмен басталады. Ал егер күнделікті алған затыңызды орнына қойып жүрсеңіз, талай уақытты үнемдейсіз. Бұл – үйді шашпаудың алтын ережесі. Әр заттың үйдегі өз орны болады, егер заттарды қолданып болғаннан кейін өз орнына қайта қойсаңыз, еш қиындық болмас еді.

Тамақ даярлау, тамақтану барысында ас үйдің еденіне, үстелге тамақ, май тамып қалып жатады. Сол дақтарды демалыс кезінде қатып қалған қалыпында қырып отыратынымыз бар. Ал егер оны тамған сәтінде сүртіп жіберсеңіз, демалыстағы үй жинау шарасы оңайырақ болар еді.

Жалпы күнделікті көзіңізге түсіп жүрген дақтарды сол сәтте сүртіп, шашылып жатқан заттарды бірден орындарына қойып тастауды әдет қылсаңыз, демалыстағы үй жинау шарасы әжептеуір уақытқа қысқарта аласыз.

Кешкісін жылы көрпенің астына жатып, сүйікті газет не сәнді журналды оқуға не жетсін? Алайда артынан жиылып қалатын газет пен журналдарды қайта құртарымызды білмей, ол үйде жататын тағы да бір қажет емес қоқысқа айналады. Заманауи технологиялар көмегіне жүгініп, қызықты журналдар мен жаңалық газеттерін интернеттен онлайн оқыңыз.

С. А