Ажырасудың 3 түрлі себебі

Ажырасудың 3 түрлі себебі
Фото: amur.kz

Статистикаға сүйенсек, әлемде отау тіккен жас отбасылардың 80%-ы ажырасады екен. Сүйіп қосылған екі жастың махаббаты неке қиылған сәттегі серттей емес, орта жолдан үзілсе, себепті кімнен сұраймыз?

Ажырасу қоғамтану салаларында әртүрлі зерттеледі. Мысалы, ажырасу әлеуметтік, психологиялық, қоғамдық, экономикалық, т.б. бағыттан көрініс табады. Осылардың ішінде ең көбі психологиялық фактордың әсерінен туындайды. Психологиялық фактордың өзі эмоцияны басқара алмау, отбасылық жанжал және жауапкершіліктің болмауынан білінеді.

Бірінші себепке тоқталайық. Әдетте үлкендер «Қателік бір тараптан ғана болмайды» дейтін. Шынымен, кінәні бір жаққа артып тастау – үлкен қателік. Әсіресе, мінезін тізгіндей алмаған адам эмоциясын да жасыра алмаса, өзін кінәлі санамайды, екінші тараптың да ашуы «шайы орамал кеппейінше» басылмаса, тіптен қиын. Таразы басын тең ұстаған кезде ғана шаңырақ шайқалмайды. Ал егер жұбайлар бірінің бетін бірі тырнаса, дер кезінде біреуі басыла қоймаса, олар хэппи энд дегеннің тек мультфильмдерде ғана болады деген сеніммен қалады.

Екінші себеп – отбасылық жанжал. Бірінші себебіміз екі адамның арасындағы «шайқас». Ал бұл себеп одан сәл күрделірек, өйткені бұл майданның жауынгерлері – отбасы мүшелері – қайын ата, ене, қайыніні, қайынсіңлі, балдыз, тіпті, достар да араласуы мүмкін. Психологияда мұны «кландық жанжал» деп атайды. Сезімдері қыл үстінде тұрған екі жастың тағдырын отбасы мүшелері шешеді, әрине отбасы мүшелері екі жастың оларға қалай қарым-қатынас жасағанына байланысты үкім шығарады.

Үшінші себеп. Балалық па, шалалық па деп, қателікті жастық шаққа артып тастайтын жұптар да бар. Бұл психологияда жауапкершіліктің жоқтығы деп саналады. Отбасы – шағын мемлекет, оны дамыту, ішкі келісімдерін жүргізу секілді, материалдықтан бөлек рухани құндылықтарды арттыру – отбасын құраушылардың негізгі міндеті. Осы міндеттерді орындай алмағаны – жауапкершіліктен қашқандығы. Бұл себепке мысал да көп: жұмыссыздық, көзге шөп салу, немқұрайлық, т.б. «Үй болу оңай емес» деген осыдан шығар.

Тізе берсек, себеп көп. Бірақ бәрі осы үшеудің айналысында жүреді. Енді кеңес: адал махаббаттан, тәтті сезімнен, үлкен шаңырақтан айрылып қалғыңыз келмесе, үйде болсын, түзде болсын, мінезіңізді кісендеп жүріңіз. Қандай жағдай болмасын, ішкі жанжалдарды отбасы мүшелерімен талқыламаңыз, сіз жарыңызбен танысып, көңіл жарастырып жүргенде олар сіздердің орталарыңызда жүрмеді, куә болмады, демек, өз мәселеңізді екеу болып шешіңіз. Апталдай азаматқа жар болып не бір үйдің кенжесін келіншек қылып алдыңыз ба, ол – сізге берілген аманат. Оған қиянат жасаудан ада болыңыз, жанұя алдындағы жауапкершілігін сақтайтын отаға, отана болуға тырыңыз!

Г. Берік