Сүюге дайынсыз ба?

Сүюге дайынсыз ба?
Фото: Veralline.com

Махаббаттың өлшемі жоқ. Шексіз сезім. Шектеулі болса оны махаббат деп қабылдай аламыз ба?! Жоқ. Ол алдамшы, өткінші жауын секілді мөлтік дүние ғана.

Өмір болғаннан кейін махаббаттың иісіне мас болып жүре беру де дұрыс емес. Себебі тіршілік бар, ұрпақ сабақтастығы бар. Ал бұл сабақтастықтарды жалғастыру үшін, алдыға жетелеп тәрбиелеу үшін сізге мотивация керек. Ол мотивацияны сіз материалдық және рухани құндылықтары арқылы ала аласыз. Рухани құндылық сүйіспеншілік, материалдық деп отырғанымыз белгілі бір мөлшерде сіздің қалауыңызды орындайтын ақша. 

Өмір ақшадан тұрмайды деген күннің өзінде біз оған тәуелдіміз. Тәуелді болмаған күннің өзінде қажеттілік. Бүгінде қоғамда түрлі жағдайлар орын алып жатады. Бірі махаббаттың буына мас болып жүріп қандай ақ боз атты жігітке жолыққанын білмей қалады немесе тек байлықтың соңында кеткен серінің етегін ұстап жылап қалып жатады. 

Кез келген қыз баласы сезімін серісінің жүрегіне байлап береді. Себебі жігіт нәзік жандылардың қорғаны, оның қамқоршысы, асыраушысы болуы керек. Бұл заңдылық. Өзгенің қызын бағу дейтін сөз емес, отбасылық дейтін жауапкершілікті сезіну. Оны мойындау. Серіңізді сүйесіз, ол да сізді сүйеді. Бір –біріңізге деген сезімдеріңіз берік. Бірақ қамқоршыңыз жұмыс жасамайды, үйге ешқандай кіріс әкелмейді. Бұл деген сөз ер адамның он екі мүшесі сау бола тұра, жұмысқа жарамды бола тұра қателікке бой алдыруы. Ондай жігіттермен болашақты байланыстырып көрудің де қажеті жоқ. Себебі бүгін жауапкершілікті сезіне алмаған ер адам ертең отбасы болған күні сізді асырай алмай отырып, ұрпағын қалай асырамақ, қалай сабақтастықты үзбей жалғастырмақ. 

Бәрін махаббат жеңері хақ. Бірақ махаббат сізге қажеттілікті жасап бере алмайды. Мұндай жағдайда жүректен гөрі ақылдың орны басым. Ақылға салып, еңбек ету, отбасын асырау, жарының көңілін табу, оған сыйлық жасау, бала–шағасын бағу, материалдық қажеттіліктің бәрін қамтамасыз ету азаматтың міндеті. Басқаша ойлап көрудің қажеті жоқ. Өйткені оның өмірлік миссиясы сол. 

Сезімтал, сезімге жанымен берілген қыздарымыз кейде ақылын емес жүрегін тыңдап жүріп ұрынады. Ұрынған жүрек ақыры бақытсыз қылып тынады. Оған бірнеше себеп бар: 

- Кіріс болмаған соң үйдің берекесі кетеді; 

- материалдық құндылық болмаған соң аш қаласыз, киерге киім болмайды. Ал бұл әйел затына жақпайтыны тағы белгілі; 

- ыдыс – аяқтың сылдыры көбейеді, соңы шаңырақтың шайқалуына соғады; 

- ерінің еңбек етпей үйде жатуы, әйел адамның психологиясына тікелей әсері етеді; 

- түздің тірлігін тұрмыстық бұйымға ауыстырған ерден ешқандайда мақсат күтпеңіз, мақсаты жоқ адамнан болашақты көру мүмкін бе;

Ақ боз атты сері болсын, өзіне сенімді ер болсын, жігерлі жігіт болсын, романтик болсын оның ең басты міндеті өзіне жүктелген міндетін атқару. Ал үйленіп, үй болғаннан кейін оның жүгі екі есе артады. Бірақ өз несібесімен. Аталған ауыртпашылықты көтеріп, жауапкершілікпен отбасы үшін күн–түн демей жұмыс жасап, қызмет етуі тиіс. Еңбегімен келген жемісін өзі ғана емес әйелімен, ұрпағымен бөлісіп жегеннен артық бақыт бар ма... 

Құрметті назік жанды ару, сіз ханзадаңызды құлай сүйесіз, ол да сізді сүюден шаршамайды. Бірақ қолынан іс келмейтін болса, жатып ішер жалқау болса онымен бақытты боламын деп есептейсіз бе? 

Сіз ше махаббатты сақтап қалу үшін сүю жеткілікті ме? Материалдық құндылық сыйластықтың сақталып қалуына тікелей әсер етуші күш дегенмен келісер ме едіңіз? 

М. Ақан