Еңбекқорлық синдромы

Еңбекқорлық синдромы

Бойыңыздағы еңбекқорлық қасиет бала кезден бар. Мектепте белсенділік танытып, оқу орнында әрдайым алда болатынсыз. Енді, міне, бала кезден армандаған мамандық иесісіз, жұмыс орныңыз, әріптестеріңіз, еңбекақыңыз барлығы да ойыңыздан шығады. Әйтсе де, әр кез сіздің көңіліңіз толмай, үнемі мазасызданып жүресіз. Өзіңізді нашар сезініп, күн қайтқанда қатты шаршайсыз. Моральдік және физикалық тұрғыдан қажып кеткеніңізді өзіңіз де сезесіз. Бұны «еңбекқорлықтың синдромы» деп атайды.

Қандай болмасын жұмыстың аты жұмыс. Оған арнайы уақыт бөлінген. Ол уақытқа ағза да бейімделген. Алайда, жұмыста өткізілетін артық уақыттар денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Сондықтан да ең алдымен тайм-менеджментті дұрыс құрып алу керек.

Үйде жұмыс істеуді доғарыңыз!

Берілген тапсырманы уақытылы орындауға тырысып бағыңыз. Кері жағдайда, жұмыста кеш қалып, демалыс күндері жұмысқа шығуға тура келеді. Бұл заңды құбылыс. Бірақ та, ешуақытта жұмыс тапсырмасын үйде бітіруге талпынбаңыз. Үйге келгенде сіз жұмысыңыз жайлы, аяқталмаған тапсырмалар туралы ойламауыңыз керек. Ауыр жұмыс күнінен кейін өзіңізге шағын болса да демалыс жариялаңыз. Ыстық ванна қабылдаңыз, қызықты кітап оқыңыз, комедиялық кино көріңіз, үй шаруасымен айналысыңыз, газет-журналдардың жаңа санын парақтаңыз. Жанұя мүшелеріне көңіл бөліңіз, құрбыларыңызбен кездесіңіз. Олармен сырласып, кешкі уақытты көңілді өткізуге ұмтылыңыз. Демалыс күндері де үйде жұмысыңызды ұмытыңыз. Аяқталмаған тапсырмаларды демалыс күндері үйде жасаудың еш қажеті жоқ. Демалыстың аты демалыс.

Үзіліс жариялаңыз!

Жұмыс уақытында ара-тұра үзіліс жасап тұрыңыз. Жұмыс ешқайда қашпайды, оны тез арада бітіремін деп түскі асқа бармай, кешке дейін орныңыздан бір қозғалмай жұмыс істеудің қажеті шамалы. Біріншіден, сіз омыртқаның обалына қалып, денсаулығыңызға зақым келтіресіз. Екіншіден, асығыстық танытып, өзге тапсырмаларды орындауға уақыт бөле алмайсыз. Түскі ас уақытында тамақтанып қана қоймай, қызықты кітап оқыңыз, көшеге шығып, таза ауада серуендеп қайтыңыз.

Жаттығулар жасаңыз!

Үзіліс жариялаған соң, уақытты жаттығу жасаумен өткізіңіз. Көз, тыныс алу, омыртқаға арналған жаттығуларды жасап, денсаулығыңызға көңіл бөліңіз.

Жұмыс кестесін құрыңыз!

Жұмысқа келген бойда, қолыңызға қалам мен қағаз алып, сағатқа қарап жұмыс кестесін құрыңыз. Аса маңызды істі ертерек бастап, оған көп уақыт бөліңіз. Телефон қоңыраулары, келген хаттарға жауап жазу, құжаттарды реттеу т.с.с. істерді кейінге қалдырыңыз. Қай уақытта үзіліс жасап, қай уақытта түстеніп, қай уақытта жаттығу жасайтыныңызды да ұмытпай жазып қойыңыз. Жұмыс кестесін алдын ала жасап қойған да дұрыс.

Шетелдерде қызметкерлерге арнап, «Мен еңбекқормын» («I am workaholic») атты тренинг дәрістері өткізіледі. Бұл қызметкерге өз уақытын дұрыс пайдалануға, берілген тапсырманы тиянақты әрі уақытында орындауға, бастысы, «еңбекқорлық синдромынан» арылуға мүмкіндік береді екен.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Сурет: amaol.ru

Ғ. Ұзақ