Студент: Күз. Сабаққа зауқым жоқ!

Студент: Күз. Сабаққа зауқым жоқ!

Жаз айлары – алаңсыз демалыстың, ескі достармен кездесіп, көңіл көтерудің, ойын-сауықтың, ұзақ қыдырулардың таптырмас маусымы. Алайда, барлығыңыз да сол бір уайым-қайғысыз, көңілді күндеріңізге нүкте қойып, қоңыр салқын және күздей көңілсіз күндерге, жұмыс пен сабаққа орын босатып үлгерген боларсыздар. Әй, қайдам?! Сол нүктені әлі де қоя алмай, үтірмен қайырып жүрсіз-ау осы...

Мұндай үтірлер әсіресе, студенттер қауымында басымырақ. Өйткені, осыдан 2-3 ай бұрын тоғыз айға созылған оқу жылын аяқтап, жан-жаққа тарасқан білім іздеуші халыққа ұзақ демалыстан кейін сабаққа қайта еніп кету қиынға соғады. Бүгінде мұндай қалыпты жағдай ғылымда «демалыстан кейінгі синдром» деген атпен қаралып жүр.

Жаңа ұстаздардың ұзақ әрі қиын дәрістерінде қайта-қайта есінеп, тіпті артқы партада отырып, ұйықтап та алып жүрсіз бе? Немесе сіздерге білім нәрін себуге асығып отырған оқытушыларыңызды: «қайта салайықшы, келесі сабаққа дайындалып келеміз ғой» деген жеңіл сөздермен ренжітіп алдыңыз ба? Үйге берген тапсырмаларға қарауға зауқыңыз соқпай, көшеге, ойын-сауықты орталарға есіңіз ауып жүргендігіне де сенімдіміз.

Мұныңыздың бәрін тоқтататын кез келді. «Қалай?»дейсіз бе? Саспаңыз, кеңестеріміз тек сіз үшін!

  1. Бірнеше айға созылған демалыс барысында ұйқыға кеш жатып, таңертең ояну дегеннің не екенін естен де шығарып алдыңыз. Ең алдымен, осы әдетіңізге тосқауыл қойып алыңыз. Сіздің көңіл-күйіңіз бен еңбекке деген құлшынысыңыздың дұрыс болуында ұйқының атқарар рөлі ерекше. Уақытылы ұйықтап, ерте тұрыңыз.
  2. Күн сайын күн тас төбеге келгенде оянып жүріп, таңғы жаттығуларыңыз жайында қалды. Оны да қайта қалпына келтіріңіз. Таңғы жаттығу ұйқыңызды ашып, күні бойы сергек жүруіңізге жәрдем береді.
  3. Дұрыс тамақтаныңыз. Жаңа пісіп жатқан көкөністер мен жеміс-жидектер, балық  және сүт тағамдары сізге күш беріп, құлшынысыңызды оятады.
  4. Жаз айларында айнымас серігіңізге айналған агентке, таңнан-кешке дейін құлағыңыздан түспеген құлаққабыңызға, өміріңізден елеулі орын алып алған сериалдарға «жоқ» деңіз!
  5. «Кітап» атты жақсы доспен серік болыңыз. Бірден қиын есептерді шешуді бастап кетпей, ғылыми зерттеулерге толы кітаптарды оқымас бұрын, жеңіл көркем шығармаларды оқып көріңіз. Поэзияға қарағанда, прозаны қолға алыңыз. Мұндай кітаптар жаз бойы тыныққан миыңызды жайлап іске қосады.
  6. Сабақ оқу деген осы екен деп, білімнің теңізіне бірден батып кеткен де дұрыс емес. Психологиялық тұрғыдан ауыр соғып, құлшынысыңыздың мүлде сөніп қалуы әбден мүмкін. Үзіліс кезінде дәріс залдарынан шығып, таза ауа жұтып, ұзақ уақыт көріспеген достарыңызбен әңгіме-дүкен құруды да естен шығармаңыз. 
  7. Ертеңгі ғажабыңа жету үшін бүгінгі азабыңа шыда, бүгінгі азабыңа шыдау үшін ертеңгі ғажабыңнан үміт үзбе. Ең бастысы мақсатыңызға берік, армандарыңызға адал болыңыз! Ал сіздің жалқаулығыңыз мақсат пен арманның хас жауы. Сізден үкілеген үміт күтіп отырған ата-анаңызды ойлаңыз. Үлкен жетістіктерге жету үшін терең білімнің қажет екендігін білетіндігіңізге сеніміміз мол. Сондықтан, барлық жалқаулығыңызды жеңіп, білегіңізді сыбаныңыз да, инемен құдық қазуға кірісіңіз.

Жаңа оқу жылы сәттілік пен жетістікке толы болсын!

Суреттер:copypast.ru,phototimes.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева