Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз

Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз
Фото: fortresslearning.com.au

Адамдармен қарым-қатынаста көркем мінезді болыңыз. Адамды ізгілікке жетелейтін адами құндылықтардың маңызды жүйесі — тұлғааралық қарым-қатынаста дұрыс болу. Ал адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау дегеніміз не? Жауабын білгіңіз келсе, жақсы қарым-қатынасты қалайтын болсаңыз, мына кеңеске құлақ түріңіз. 

1.Қызметтік қарым-қатынастар. 
• Қызмет бабында өз жеке мәселеңізді әріптестеріңізге айтпауға тырысыңыз. Неге? Өйткені өз жұмысымен басы қатып отырған әріптесіңіз сіздің әңгімеңізден жалығуы мүмкін. 
• Әріптесіңіздің көңіл-күйіне мән беріңіз. Көңіл-күйі жоқ болса, мазасын алмауға тырысыңыз. 
• Егер сіз басшы немесе орынбасар болсаңыз, үлкен жиналыстарда әріптесіңіздің жұмысы көңіліңізден шықпаса, жеке қабылдауға шақырып мән-жайды түсіндіріңіз. Осы жерде мына сөзді есте сақтауға тырысыңыз.
- Сеніңше, ең жоғары адамгершілік қасиет не? - Біреуді ұялтпау. (Ф.Ницше).
• Әріптесіңізбен жақсы қарым-қатынаста болу үшін, жылы сөз айтыңыз. 
• Сыйлық жасасаңыз, арада сыйластық пайда болады. Сыйлық жасау міндет емес. Тек шынайы көңілде екенін түсініңіз. 
• Әріптестеріңізге өмірбаяныңызды айтып, мақтана бермеңіз. Тыңдаушы әріптестеріңіз де сіздің әңгімеңізден жалығып кетуі мүмкін. 

2. Жеке қарым-қатынастар. 
• Өзіңіз дос тұтып жүрген құрбыңыз немесе досыңыз болса айтыңыз. Сізді біле жүрсін. 
• Үлкеннің ақылын тыңдау, сөзге тоқтау, үлкен-кішіні сыйлау  инабаттылықтың көрінісі. (Ғ. Мұстафин).
• Үлкен кісі ақыл-кеңесін айтса, аяғына дейін бар ынтаңызбен тыңдаңыз. 
• Ата-анаңызбен сөйлескенде әдепті болыңыз. 
• Ата-ананың ақыл-кеңестері  өмірлік тәжірбиеден жинақталған тәлім-тәрбиесі мол құнды, жақұтты сөздер. Айтылған кеңестерін қолдана біліңіз. 
• Үш адам тұрып екі адам өздігінен сыбырласуға болмайды, үшінші адам өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін. 
• Құрбыңызды қызықтыратын әңгімелер айтыңыз. Өзіңіз туралы көбірек айтсаңыз, құрбыңыз сіздің әңгімеңізден жалығып кетуі мүмкін.
• Өзіңізді өзгелер сыйласын десеңіз, бірінші өзіңізді сыйлаңыз. Сосын өзгелерді сыйлаңыз. 
• Жақсы мақтауларды достарыңызға жиі айтып тұрыңыз. 
• Дөрекі болу  өз басыңның қадір-қасиетін ұмыту деген сөз. (Н.Г.Чернышевский).
• Қарым-қатынаста дөрекі болмай, кішіпейіл болыңыз. 
• Сізден кіші адам ақыл сұраса, шын көңіліңізбен жауап беріңіз. Сіздің сол кісіге қайтарған жауабыңыз, өмір бойы есінде сақталуы мүмкін. 
• Жақсы қарым-қатынас әрқашан өзгелерді қызықтыратыны рас. Өзгелерге үлгі болсын десеңіз, жүрегіңізді мейіріммен нұрландырыңыз. Сыйластығыңыз кішіпейілділіктен бастау алсын. 
• Жақын жандарды ренжіткен болсаңыз, татуласуға қадам жасаңыз. 

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова