Жігіттер қандай қыздарды бағаламайды?

Жігіттер қандай қыздарды бағаламайды?
Фото: Азамат Шектибаев

Ер адамдар үшін бірнеше сыннан өтіп, көп күш жұмсап қол жеткізген нәрсе асылға баланады. Сол секілді өз құлшынысы арқылы жеткен махаббат та қадірлі де қастерлі болмақ, сүйген жарына адал болуы көп күшпен, қиыншылықпен жетуіне байланысты.

Қыздар бірінші болып сезімін білдіріп, іңкәрлік танытса, ерлер үшін бәрі аспаннан түскендей оңай орындалып, олар әйелге тән паңдық, наздық қасиетін аңғара алмай қалады. Бұл шындықты еркектердің 99 пайызы бас шұлғи мойындайды.

Кез келген істе ерлер осындай болады. Төккен тері, еткен еңбегі, өз құлшынысы арқылы шыққан биігі, жеткен жетістігі, тапқан табысы ғана өзін бақытты сезінуге себепкер бола алады. Олар уысына оңай түскен олжаны, ырқына тез ерік берген қызды аса қадірлемейді.

Ер адамдар бірден көнген қызға көп көңіл бөлмейтін болады. Араға ұзақ уақыт салып хабарласпай кету, қызды көп жылатып, көп қиналтуы осыдан тууы әбден мүмкін. Ұяңдықты «пысықтыққа» алмастырған, нәзіктікті батылдықпен шатастырған қыздар мұны ескере бермейді.

Егер ерлі-зайыптылар сезімі суып, арақатынасы салқындайтын болса, ер адамдарға түк әсер етпейді де, әйел адамдардың денсаулығы нашарлайды екен.

Қыз бірінші болып көңілін білдірсе, дегеніне көне берсе, жігіт үйленген соң оны бақытты етуге еш әрекеттенбейді. Қалауын қанағаттандырдым, арманын орындадым, одан басқа не тілейді деген ойда болады. Өзінің некелік өміріне риза болмайды.

«Жаным деген жігітті жек көрмеңдер» дейді. Бірақ жек көрмеудің жөні осы екен деп, әп дегеннен «сылқ ете қалмай», жеңіл сезімнің жетегінде кетпей, жігіт бағаңызды толық түсініп, қадіріңізге жеткенше, өзіңізді тежей тұрған жөн.

@. @assel_assanova