- Негізгі бет
- Психология
- Қымбаттым, сен маған...
Қымбаттым, сен маған қымбатсың
Адамзаттың ұлы мақсаты – нағыз махаббаттың дәмін тату. Оны жүрекпен сезіну. Махаббатты өзгеден емес, өзіңнен ізде. Оны маздатып, лаулап жандыратын тек қана өзің. Бүкіл әлем сол сезімді бөлісетін адам болған кезде ғана назар аударады.
Пауло Коэло
Махаббат өздігінен келмейді, оны өзіміз жандандырамыз. Біздің қабілетіміз оған жетеді. Адамдар ғашық боламыз деп қателеседі. Күндердің бір күнінде өмірлік жарымды жолықтырып, бір көргеннен есім ауады деп ойлайды. Алайда бұл махаббат емес... Бар болғаны физикалық құмарлық. Бұдан өзгесі болса да, махаббат емес. Адамдарды алып істерге жетелеген бұл сезімді физикалық құмарлықпен шатастырмағанымыз жөн.
Адамды шын сүю үшін оның жүрегіне терең бойлап, сөзсіз түсінуіміз керек. Оны барынша қамқорлыққа алғанымыз жөн. Алдымызда тұрған адамды сыртқы келбетіне қарап толық бағалай алмаймыз. Біреуді сүю үшін оның табиғатын танымақтық керек. Көзбен көрмейтін бірнәрсе бар. Махаббат мәселесінде тек жүректің ғана көзі болады.
Назарларыңызға нағыз махаббаттың 5 құпиясын ұсынамыз:
1. Ой күші
Махаббат ойдан басталады. Біздің болмысымыз ойлаған дүниемізге сай келеді. Арам ойлы болсаңыз, бойыңызды ашу мен ыза, кек кернейді, ал тек жақсылық туралы ойлайтын адам үнемі қуанып жүреді, өзін бақытты сезінеді. Ойыңызда махаббат көп болса, сүйіктіңізбен қарым-қатынасыңыз да осындай болады. Ойыңызды басқа арнаға бұру арқылы, көп нәрсені өзгерте аласыз. Позитивті көзқарас біздің өзгелер туралы пікірімізді де өзгертеді.
2. Құрметтеу күші
Біреуді сүймес бұрын оның қадіріне жетіңіз. Қолда бар алтынның қадірін білмейтініміз рас. Бірақ, ең алдымен, өзімізді құрметтеуіміз керек. «Мен өзімді не үшін сыйлаймын?» деген сұраққа жауап іздеңіз. Осы сұрақты айналаңыздағыларға да қатысты қойыңыз. Өзгелер не десе де, өзіңізді қадірлей біліңіз. Әр адамның бұл жалғанда орны бар. Әр адам – қайталанбас тұлға.
3. Сыйлық күші
Махаббат – жаратқанның бізге берген сыйы. Оған ие болғыңыз келсе, оны өзгелерге сыйлай біліңіз. Оны көбірек сыйлаған сайын басқалар сізді соншалықты жақсы көретін болады. Махаббатты сыйлап қана қоймай, бұл істен ләззат алыңыз. Санаспас бұрын, жүзеге асатын құбылысқа қуаныңыз.
Сүю деген – қайтарымына ешнәрсе күтпестен, өзіңді өзгеге тарту ету. Жақсы көрген адаммен араласпас бұрын оған не бере алатыныңыз туралы ойлаңыз.
4. Достық күші
Нағыз махаббаттың дәмін татпас бұрын шынайы дос табыңыз. Махаббат бір-біріңнің жүзіңе қарау емес, болашаққа бірге қарау. Достық – махаббат өсіп шығатын дәнектер. Егер қарым-қатынастарыңыздың махаббатқа ұласқанын қаласаңыз, ең алдымен, адал дос бола біліңіз.
5. «Еркіндік беру» қағидасының күші
Егер біреуді шын сүйсеңіз, оны босатыңыз. Ол қайтып келген болса, сіздікі, келмесе, сізге тиесілі де болып көрмегені. Арада ыстық сезім болғанның өзінде сүйіктіңіз жеке кеңістігінің болғанын қалауы мүмкін. Сүйіп үйренгіңіз келсе, ең алдымен, кешіруді үйреніп, өткен өмірлеріңіздегі қателіктерді жадыңыздан шығарыңыз. Сүю – жанайғайдан, қорқыныштан, сылтаудан, жалған сенімнен арылу.
Қ. Бүйенбай