Жалғыздық: жігітсіз жүрудің пайдасы (Жалғасы)

Жалғыздық: жігітсіз жүрудің пайдасы (Жалғасы)

Жігітсіз жүрудің қандай артықшылықтары бар екенін көрсету үшін махаббатқа қатысты мәселелерді әр тұрғыдан қарастырып, әр жағдайдың өзіндік плюстері бар екенін нақтылап көрсетпекпіз. Алдыңғы мақаламызда «Менің жігітім жоқ, көптен бері ешкімге ғашық болмаппын... Менің бірдеңем дұрыс емес пе?» деген ой үстінде жүрген қыздардың мәселесін қозғасақ, бұл жолы «Мен оны қатты жақсы көремін, одан өзге ешкімді ойлай алмаймын, ал ол маған қарамайды!» және «Жасым 13/16/20/N келді, ал мен әлі жігітпен жүріп көрген жоқпын...» деген оймен жүрген арулардың мәселесін қарастырамыз.  Мұның да үлкен артықшылықтары бар екенін көрсетеміз.

«Мен оны қатты жақсы көремін, одан өзге ешкімді ойлай алмаймын, ал ол маған қарамайды!»

Жауапсыз махаббаттың не екенін әр қыз білетін шығар. Қалаған адамың саған жай ғана дос ретінде қарауы мүмкін. Ол өзің жақсы танымайтын бейтаныс біреу, мектеп қыздарының, соның ішінде сенің де арманыңа айналған жоғары сыныптың сымбатты оқушысы, тартымды жас мұғалім де болуы мүмкін. Келтірілген әртүрлі жағдайлардың ортақ сипаты бар: ол сенің сезіміңе жауап қатпайды. Мұндай қайғылы жағдайдың ішінен шырайлы бірдеңе іздеу қисынсыз. Бірақ мұндай бақытсыз және келешегі жоқ махаббаттың да артықшылықтары болады екен.

Сенің одан көңілің қалмайды

Кейде армандар орындалады, бірақ шынайы өмір сенің қиялыңдағы өмірмен сәйкес келмей жатады. Көбінде біз тәнті болған мінсіз батырлар, жұмбақ бейтаныстар және тартымды сотқарлар шын мәнінде жұрт сияқты қарапайым адам болып шығады. Арманыңдағы жігіттен қарапайым пендеге айналған сәтте мінсіз адамның бұл өмірде жоқ екенін түсінесің және мәселе тек оның сыртқы бейнесі мен жаман әдеттеріне қатысты емес. Шын мәнінде ол әзілді түсінбейтін, адамды тыңдай алмайтын болып шығуы мүмкін. Және екеуіңнің көзқарастарың мүлде сәйкес келмейтін болып шығуы да ықтимал. Сонымен қатар, ол ойлағаныңдай батыл әрі мықты, ақылды әрі шешен, әдепті әрі тәртіпті болып шықпауы мүмкін. Ал оны жақын танымасаң сен бұл кемшіліктері жайлы ешқашан білмей кетесің – сол жігіт есіңде мәңгілік романтикалық кейіпкер болып қалады.

Қасақана сұлулана түсесің

Біреу сенің бетіңді қайтарса, әрине, ауыр тиері анық. Есесіне реніш өз-өзіңді қайрауға тамаша түрткі бола алады. Демек, мен оған ұнамаған екем ғой? Өзіне лайық көрмейді екен ғой? Тоқта, бәлем, осыдан арықтайын, әдемі болайын, бұдан да танымал болайын, сонда кімнен бас тартқаныңды көресің! Сол «әлі-ақ өкінесің» (немесе «сонда ол менің жаңа бейнеме ғашық болып, екеуміз бақытты боламыз») үшін қыздар өз-өздерін дамытып, сұлулана түсіп, жаңа дүниелерді ашып, көкжиегін кеңейтуге талпынады. Жалпы, үлкен талпыныстың арқасында шынымен жігіт қызығарлықтай есейеді, әдемілене түседі. Және өз-өзін дамыту барысында кімді таңқалдырғысы келгенін де ұмытып кетеді.

Шығармашылыққа жол ашық

Махаббатыңмен бірге болған уақытта, қарым-қатынасыңның жайлы кезінде ән айтып, көкте самғап, мейірімді істер жасағың келіп тұрады. Ал керісінше жағдайда бөлмеңе тығылып алып, олсыз өмірдің мәні жоқ деп жылай бергің келеді. Бақытты ғашықтар бір-бірінің үмітін үкілеп, өз әлемінде өмір сүреді, ал бақытсыздар ше? Соңы жақсылықпен аяқталған бір классикалық туындыны атап бере аласыз ба? Ондайлар расында аз. Ақындар мен жазушылар көбіне бақытсыз махаббат жайлы жазған және бұл олардың бәрі бақытсыз болды дегенді білдірмейді. Бір-бірін сүю – жеке бас бақытын сыйлайды, ал бақытсыз махаббат – шабыт әкеледі. Айта алмаған махаббатыңды қағазға, кенепке немесе тіпті қолаға – жаның қалаған дүниеге түсіре аласың. Кім біледі, бәлкім, сенің бақытсыз махаббат жайлы жазған өлеңің кейін том-том кітап болып шығар, фильмнің желісіне негіз болар, немесе өлеңің нағыз хит әнге айналар?

Бәрі сенің қамыңды ойлайды

Жүрегі жаралы қызды бәрі аяйды, оған бәрі қамқорлық көрсетеді. Мұғалімдер жазылмаған шығармаға және көз жасына жуылған үй тапсырмасына түсіністікпен қарайды. Анаң қызым қайғырып жүр деп үйдің жиналмағанына бұрынғыдай ұрыспайды. Ал құрбыларың басында сені жұбатады, кейін ойыңды басқа арнаға бұру үшін барын салады. Киноға апарады, базар аралауға шақырады, кафеде отырып, сенің оны қаншалықты жақсы көретініңді миллион рет тыңдайды. Өзіңе жасалып жатқан қамқорлықты бағала, бірақ бұл кезең ұзаққа созылмасын. Өз-өзіңді аяу – мақтанарлық дүние емес. Достарыңның шыдамының да шегі бар, осылай жылаңқы өміріңді жалғастыра берсең, сені көргенде бәрі қашатын болады.

«Жасым 13/16/20/N келді, ал мен әлі жігітпен жүріп көрген жоқпын...»

Келесіп алайық: егер жасың 13, 14 немесе сол аралықта болса қолдан драма жасаудың қажеті жоқ. Әрине, қуыршақпен ойнауға жібермейміз, бірақ жігіттен өзге өмірде басқа да қызықтар бар – әзірге солармен айналыс, ал жігіт үшін әлі қайғырып үлгересің. "Әр қыз 14 жасында – бірінші рет сүйісіп, 16 жасында – жігітпен жүріп, нақты бір жаста тұрмысқа шығып, бала тууы керек" деген ешқандай ортақ ереже жоқ. Әркімнің өз өмірі бар және әркім өз жолымен жүреді, сондықтан өзіңді басқалармен салыстырып, олардың өмірін өзіңе шақтау – ақымақтық және пайдасыз дүние. Жасқа назар аударудың қажеті жоқ, бірақ өзің ойланып көр: бәлкім мәселе неде екенін өзің жақсы білетін шығарсың? Бұған сенің жасқаншақтығың, ұялшақтығың себеп болуы мүмкін. Жігітті көре сала ұялып, басқа жаққа қашып кететінің бар шығар? Немесе, керісінше, өз сезіміңді білдіріп қоюдан қорқып, қасақана дөрекі сөйлейсің. Кейде мәселе сыртқы келбетте болады – өз-өзін күтпейтін қыз қанша жерден ақылды болса да қиындықтарға ұрынады. Алайда сырт келбеті сұрықсыз болса да өзінің сенімділігі және жарқын мінезімен баурап алатындар болады. Сонымен қатар, мінездің байсалдылығы да бұған себеп болуы мүмкін, бәлкім сен үлкен, мөлдір махаббатты аңсап, бос қарым-қатынастарды елемейтін шығарсың – бұл да сенің таңдауың және айналаңдағылар мұны сыйлауы қажет.

Қайғылы махаббаттың не екенін білмейсің

Қарым-қатынас құру тәжірибесімен көңіл қалушылық тәжірибесі де бірге келеді. Сен әлі қоштасу мен қайғырудың не екенін білмейсің, сен сүйген және сені сүйген жігіттің бір мезетте сүймей кетуі сен үшін таныс емес құбылыс. Мұның да көптеген артықшылықтары бар. Ұйқың тыныш, жасыңды бекерге төкпейсің, адамдарға әлі де сенесің. Өткен қарым-қатынастың эмоционалды жүгі жаңа қарым-қатынас құруда үлкен кедергі келтіреді.

Бар жақсылық – алда!

Сүйікті фильмдер мен кітаптарды біз қайта-қайта оқи бергіміз келеді – бірақ ол дәл бірінші кездегідей әсер етпейді. Бірінші қадамдарымыз, алғаш айтқан сөздеріміз есімізде жоқ, бірақ алғашқы қоңырау, ең алғашқы жалақы, алғашқы дос, алғашқы ғашықтық мәңгілік есте қалады. Және, әрине, ең таза, шынайы, нәзік алғашқы махаббатымыз ешқашан есімізден кетпейді. Оның қайталануы екіталай. Әр жаңа қарым-қатынас сайын адамдарға талабың қатая түседі, күмәнің артады, білдірген ілтипатына азырақ қуанасың және болашаққа сындарлы көзбен қарайсың. Және сонау балғын, нәзік сезімді, алғаш сүйген жігітіңді, алғашқы махаббатыңды жиі аңсайтын боласың. Ал сенің осындай ғажайып уақытың әлі алда – сүйікті жігітіңнен алатын алғашқы гүлшоғың, алғашқы сүйісуің және бақытты сәттерің бәрі алда күтіп тұр. Және бұл тұрғыда саған қызыға қарайтындар өте көп.

Сурет: gotowall.com, libfoto.ru, vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina