Тест: "Сіз қызғаншақсыз ба?" (қыздар үшін)

Тест: "Сіз қызғаншақсыз ба?" (қыздар үшін)

Жігітіңіздің қалта телефонын ақтарып, смс хаттарын жасырын оқығанды жақсы көретін сәттеріңіз жиі бола ма? Болашақта бұл әдетіңіздің қаншалықты жалғасатынын білгіңіз келсе, тестіміз сізге арналған. Сұрақтарға тек «Иә», «Жоқ» жауаптарын жазып отырыңыз.

Сұрақтар:

1. Сүйіктіңіз көшеде өзге қызға жай ғана қарап қалса шу шығарасыз ба?

2. Ол сізбен кездесуге кешігіп келсе, сізді бұрынғыдай сүймейді деп ойлайсыз ба?

3. Сізді оның жұмыс істейтін орны мен әріптестерінің кім екені қызықтыра ма? (Немесе ЖОО-дағы бірге оқитын группаластарының кім екені)

4. Қолдарыңыз босай қалса, бірге болуымыз керек деп ойлайсыз ба?

5. Оны өміріңіздің мәні деп қабылдайсыз ба?

6. Оның іс-әрекеттері, қайда баратындығы туралы ортақ достарыңыздан сұрастырасыз ба?

7.  Оның сүйем деген сөздеріне сенесіз бе?

8. Сіздің қалауыңызға сәйкес өзгергенін қалайсыз ба?

9. Оның отбасына, достарына қатысты мәселелер туралы бірге сөйлесесіздер ме?

10. Оған ренжісеңіз, бірнеше күн бойы сөйлеспей жүріп алатын кездеріңіз бола ма?

11. Оның сізге дейін жүрген қыздары туралы өсек сөздерді білуге құмарсыз ба?

12. Ол қызғанбайтындығын сізге деген сеніммен байланыстырған кезде махаббат оты сөніп қалған деп ойлайсыз ба?

Енді «Иә» жауаптарын санаңыз.

Тест қорытындысы

«Иә» жауаптарының саны 10-нан асса:

Сіз өте қызғаншақсыз. Бұл мінезіңізді аурумен салыстыруға болады. Өзіңізді сүйетін адам мен табынатын адамды шатастырмаңыз. Жігітіңіз өзіңізге қарағанда сұлу бойжеткенге кетіп қалады деп қорқасыз. Ешкімге сенбейсіз. Қызғаншақ әрі ашуланшақ мінезіңіздің арқасында айырылысып кетулеріңіз де ғажап емес.

«Иә» жауабы 5-9 болса:

Сіздің мінезіңізді түсіну қиын. Қызғанып тұрсаңыз, ұрысып аласыз. Артынша ашуыңыз басылған соң қателік жасағаныңызды түсінесіз. Яғни, мінезіңізде аздаған тұрақсыздық бар.

«Иә» жауабыңыз 5-тен төмен болса:

Сіз тіпті қызғаныш сезімінің не екенін білмейсіз. Өкпеңізді ұзақ уақыт бойы жүрегіңіздің түбіне жасырып жүре бересіз. Сезімдеріңізге байланысты қиыншылықтарды бірге шешкендеріңіз жөн.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: vk.com желісінен

Қ. Бүйенбай