Баланы қонаққа ертіп апаруға қалай қарайсыз?

Баланы қонаққа ертіп апаруға қалай қарайсыз?

Бала қашанғы "ана тамда" отыра береді? Осы сұраққа келгенде екі түрлі жауаптың басы қылт ете қалады. Бірқатар ата-аналар балаларды ересектер жиналатын орындарға апаруды жөн санамайды. Ойларынша, онда ішімдік болады, үлкендер ғана айтатын ортақ әңгіме болады және ыңғайсыз әрекеттер мен бейауыз сөздер айтылады. Ал енді бірі кішкентайларды үйде қалдырып кетуге қарсы екендігін білдіріп жатады. Олардың ойынша, баланың үйде отыруы оның жалтақ болып өсуіне жол ашады. Баланың үлкендер ортасында отырып, олармен дастархандас болғанында тұрған ештеңе жоқ деп түсінеді. Ал сіздер не дер едіңіздер?

Жағдайға байланысты...

Дәурен Омаров, Qaznews.kz ақпараттық порталының бас редакторы:

"Әр кезде әрқалай. Өзім балаларымды саябаққа, ойын-сауық орталықтарына қыдыртамын. Оған шама жетпеген кездері күнара далада серуендейміз. Шындығына келгенде, қазіргі заманда қонақ болудың өзі арман болып кетті. Ал кейде қонаққа барғанда жолдасыңды ертуің керек болады, мұндайда балаларды үйге қараусыз қалдыра алмайсың. Оны да замандастарыңмен (үлкендермен) келісіп аласың: «Баламен барамыз, қарсы емессің бе?» деп. Сосын олар да ұялғаннан «Жоқ» дейді. Есесіне, онда да, сенде де реніш, әрі көңілдеріңізде кірбің пердесі болмайды. Бір жағынан, жиын-той немесе басқосу өнегеге сай өтсе, өз әдебімен, әдемі қазақы қалжыңымен жарасып жатса, неге апармасқа?! Көрсін. Өзіңіз білесіз, қазақ халқында қонақ барған үйде міндетті түрде балалар бөлек бөлмеде отырады. Өзім үйдің кенжесі болғандықтан, әкем мені көп жерден қалдырмайтын. Соның арқасында көпшілікте жүрудің жөн-жосығы қалай екенін үйрендім. Көпшіл боласың, тіл табысқыш боласың. Әрине, беталды кез келген жерге балаларды апара бермейсің, жағдайға байланысты, жұрттың қас-қабағына байланысты. Өкінішке қарай, қазіргі таңда үлкендер бас қосатын жерлердің көбісі өсек-аяң, арақ-шарапқа сылқиып, «сіз-біз» десетін орынға айналып барады. Бұл балаға жақсы әсер етпейтіні түсінікті".

Қарсы емеспін!

Мәриям Әбсаттар, журналист:

"Жалпы, өз қазағымның бойында өзіме ұнамайтын кейбір мінездер бар, соның бірі – баланы шектен тыс тыю. Тұрсынбек Қабатовтың күлдіре отырып: «Кішкентайымыздан еститініміз ана жаққа барыңдар, сол «ана жақтан» он бірінші сыныпты бітіргенде бір-ақ шығасың ғой» деп айтатын сөздері бар ғой. Бұл – сарказм, яғни, қит етсе «тәйт әрі» дегенді ең көп еститін қазақ бүлдіршіндері. Сондықтан да шығар, біз, қазақтар әлі күнге жасқаншақ, жасықтаумыз. Өз елімізде жүрсек те, өзгенің ырысын ішіп қоятындай боп, өгейсіп, елде есіктен имене еніп, табалдырықтан тіпті аттай да алмай тұрғанымыз... Төр біздікі болар ма еді, егер де кішкентайымыздан бізді тым тыйып тастай бермей, ата-анамыз тең дәрежеде сөйлесіп, өсе келе тіпті ақылдасып, әйтеуір үлкен буынмен арада диалог үзілмегенде... Жалпы, біз мұндай емес едік, бұрын ата-бабаларымыз баланы әдейі үлкендермен қатар отырғызып, құйма құлақ болсын деп, құлақ беріп, аталар немерелеріне дастан мен жыр жаттатқызып, «баланы бала деме, ақылы асса дана ғой» дейтін болған. Кейін ол тәрбие өзгерді, себебі көп. Бірақ оған тоқталып отырмай-ақ, айтарым, баланы ата-ана жаманнан тыю керек, бірақ ненің жақсы, ненің жаман екенін өз қапталына ерте жүріп үйреткені абзал. Сонда ғана «ата көрген оқ жонар» еді. Әрине, баланы мүлдем тыймай, бетімен жіберу керек деп тұрғаным жоқ, керісінше, үлкен буын мен баланың арасында әңгіме, диалог өрбуі керек. Жалпы, баланы тәрбиелеу керек деген сөздің өзі қате, ата-ана өзін тәрбиелеуі шарт, себебі бала ата-анасының айтқанын емес, істегенін істейді. Егер ата-ана өзі жақсы жерге барса, жалпы жақсы жолда жүрсе, баласын неге ерте жүрмеске?"

Қарсымын!

Ербол Исламбек, блогшы:

"Әке-шешем бізді жас кезімізде өздерінің ортасына қоспаған, яғни үлкендер бас қосатын орындарға алып бармаған. Оның пайдасын көріп жүрміз: Ол кезде ата-анам арақ-шараптың ортасына баратын. Оны көрген біз де ішіп жүретін бе едік?.. Құдайға шүкір, ондай жерді көрмедік, қазіргі күнде бәріміз де арақ пен темекіден аулақпыз. Ата-анам, бауырларым, келіндерім және жан жарым арақ-шараптан аулақпыз. Енді өзіме келсем, перзенттерімді алып бармаймын. Үйде болады!"

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: bota.kz

А. Әбілхан