- Негізгі бет
- Аспаздық
- Сүттен жасалатын 7...
Сүттен жасалатын 7 тағам
Халқымыз сан жылдар бойы мал бағып, оны өз керегіне жарата білді. Мысалы, бие сүтінен қымыз алды, түйе сүтінен шұбат алды, ең көп сиыр сүтін пайдаланды. Оны сусын ретінде ішіп, май, қаймақ, құрт, ірімшік жасады. Яғни сүт - бай тағамдарымыздың бірі. Енді осы сүттен жасалатын тағамдарды еске түсірейік.
Сүзбе. Бұл тағам түрін ауылда топыраққа аунап, әжесінің құртын ұрлап жейтін әр бала білетін шығар. Оны дайындау үшін айранды ұйытып, дорбаға құйып, жоғары іліп қояды. Суы әбден ағып болған соң қап түбінде тек қоюы қалады. Артынша ыдысқа салып, үстіне тұз себеді. Оның ащы әрі қышқыл дәмі тәбет ашады. Кез келген дәмге немесе сорпаға құйып ішсе болады.
Тосап. Бұл тағам түрін әдетте науқас адамдарға, жаңа босанған әйелдерге арнайы дайындайды. Яғни қой сүтінен жасалатын дәрілік тағам. Дайындау үшін қойдың қою сүтін қайнатады да, үстіне май салады. Және суымай тұрып ішкізеді.
Қатық. Қатық пен айран бір-біріне ұқсас келеді. Айранға қарағанда қою және қышқыл болады. Қатыққа батырған қасық тік тұратындықтан, оны «дірілдек» немесе «меңіреу» деп атайды.
Сүт көже. Бұл тағамды дайындау үшін сүтке піскен тары немесе күріш қосады. Балалар мен қарт кісілер үшін өте пайдалы.
Балқаймақ. Дастарханнан жиі көрінетін бұл тағам қаймақтан жасалады. Қаймақты ыдысқа салып, үстіне май қосып араластырады. Қайнауға жақын қалған сәтте бал мен ақ ұн себеді.
Қызыл ірімшік. Сүттен жасалатын тағамдардың ішіндегі әзірленуі ең оңайы. Оның ақ және қызыл екі түрі бар. Қызыл ірімшік жасау үшін қойдан сауған сүтті қазанға құйып, жылытады. Артынша «мәйек» деп аталатын сүт ұйытқышты әлгі қазандағы сүтке салады. Сүт дір етіп 5-10 минут ішінде ұйиды. Мәйек салып ұйытқан сүтті пышақпен торлап тіледі де, қайната бастайды. Біраз уақыттан кейін ұйыған сүт бөлектеніп, ақ ірімшікке айналады. Тағы біраз қайната түссе, ақ ірімшік сарғайып, қызара түседі.
Құрт. Құрт – таңның атысы, кештің батысы үй көрмей, асыр салып ойнайтын баланың ең сүйікті тағамы болар. Оны кішкентайлар ғана емес, мына біздей үлкендер де жақсы көреді. Ол қой және сиыр сүтінен жасалады. Оны дайындау үшін ашыған сүтті ағаш кеспекке құйып, бірнеше күн бойы іркіт жинайды. Артынша үлкен қазанға құйып қайнатқан кезде іркіт қоюланып, ақ, сары болған кезде отты өшіреді. Аз суыған соң қапшыққа құяды. Ертесінде алақанға салып түрлі пішіндегі құрт жасайды. Дайын болғандарын жоғары жерге қойып кептіреді. Осылайша құртымыз дайын болады.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: voxpopuli.kz
Қ. Бүйенбай