Жаз мезгілінде жеңіл макияж жасайық

Жаз мезгілінде жеңіл макияж жасайық
Фото: Ольга Орлова

Жаз мезгілінде жеңіл макияж жасаған ыңғайлы. Ендеше, жеңіл макияж жасаудың қарапайым нұсқамасын ұсынамыз.

Бұл макияж күндіз жасауға арналған. Егер кешкі макияж жасағыңыз келсе, күндізгі түріне қосымша ашық түсті ерін далабын жағып, көзіңізге стрелка салыңыз.

Жеңіл макияж жасау жолдары:

– Кез келген макияждың, соның ішінде жылдам және қарапайым макияждың негізі — сапалы тон. Сондықтан тоннан бастаған жөн. Шектеулі уақыт кезінде көз бен ерінге аз уақыт бөліп, бет терісін тегістеуге тырысу керек. Мәселелі жерлерді, безеулер мен қызаруларды көрсетпейтін консилерден бастаңыз. Содан соң, тональді құрал жағыңыз. Оны тамшы пішінді спонж көмегімен тегіс жаға аласыз. Жазда жеңіл тональді құралдар қолданған жөн. Мысалы, күннен қорғайтын факторы бар ВВ-крем.

– Егер сіз күнге күйіп үлгерсеңіз, бронзер қолданыңыз. Оны маңдай, мұрын ұшы, жақ және мойынға аздап жағып шығыңыз.

– Келесі қадам — бетке арналған далап (румяна). Жалпақ қылқалам арқылы жаққа аздап шабдалы немесе ашық алқызыл далап жағыңыз. Көп мөлшерде жақпаңыз, себебі мөлшерден тыс далап жеңіл макияжды құртады.

– Бұл мерзімде қасқа көп уақыт бөлген жөн. Егер бетіңізге мінсіз тон жасап, қасқа көп уақыт бөлсеңіз, кірпікке тушь және қабаққа тень жағу туралы ұмытсаңыз болады. Қасыңызға пішін беріп, оны теньмен немесе қарындашпен бояңыз.

– Көзге жеңіл макияж жасауға тушь көмектеседі. Күндізгі макияжға қара түсті тушьпен қоса, қоңыр түсі де сәйкес келе береді. Оны бірнеше рет қабаттап жағудың керегі жоқ. Табиғи көріну үшін кірпікті тушьпен бір рет бояғанның өзі жеткілікті. Жеңіл макияж үшін ашық түсті тень мен сүрме (подводка) қажет емес. Егер макияжға тағы бірдеңе қосқыңыз келсе, көздің астын ақ қарындашпен боясаңыз болады.

– Соңғы қадам — ерін. Әдемі макияжды жеңілдету үшін ерін күтіміне арналған немесе жалтыр далап қолдануға болады. 

А. Жапатова