Беттегі ұсақ тесіктерді тарылту жолдары

Беттегі ұсақ тесіктерді тарылту жолдары
Фото: Григорий Борисов

Көп қыздың бет терісінде ұсақ тесіктер болады. Әсіресе бұл қиындық терісі майлы қыздарда кездеседі. Оны макияждың астында жасыру да қиын. Қызыл бөртпелер мен безеуді реңк беруші креммен бояп қоюға болады. Ал тесіктердің ішін толтыру мүмкін емес. Сол тесіктерді бітейтін косметика біздің өзімізді күтпейтіндігімізді көрсетеді. Олай болса, кезекті материалымызда осы тесіктерді тарылту жолдарын қарастырайық. 

Көпшілік беттегі майда тесіктер безеу мен бөртпе ауруларына, терінің майлылығына қатысты пайда болады деп ойлайды. Олар дұрыс күтім жасамаған кезде немесе терінің түріне лайық жақпа май таңдамаған кезде пайда болады. Нәтижесінде тері одан бетер майланып, безеу шығады. Мұнымен қатар, оның пайда болуы тұқым қуалаумен де байланысты. Мысалы, әке-шешеміздің біреусінің терісінде ұсақ тесіктер көп болса, мұндай жағдайға сіз де тап боласыз.

Ұсақ тесіктерді қалай тарылтамыз?

Көп қыздар олармен күрес жүргізген кезде интернетте ұсынылған немесе құрбылары мен әпкелері айтқан тәсілдерді пайдаланады. Ол тәсілдер дұрыс нәтиже бермейтін кездер болады. Бар мәселе – тесіктердің тазартылмауында. Іші басқа бірнәрсеге толып тұрған тесікті тарылту мүмкін емес. Сондықтан бірінші тазартып аламыз. Дәлірек айтқанда, дұрыстап тазартамыз. Біріншіден, макияжды кетіруді ұмытпаймыз. Ал тазарту рәсімін екі рет жүргіземіз. Бірінші мицеллярлы сумен немесе косметикалық сүтпен тазартамыз. Екінші рет тазалағанда бет жууға арналған көбікті пайдаланамыз. Бетті рәсімдерден кейін біржолғы сүлгімен сүртеміз. Бұл бетті микробтардан тазартып, майлылығын төмендетуге көмектеседі.

Аптасына екі рет жеңіл пилинг жасаймыз. Ол тесіктердің ішін тазалап, бетті тегістейді. Тоник қолдануды да ұмытпау керек. Көп қыз тониктің құрамында тесіктерді тазалап, оларды тарылтатын заттардың бар екенін ескермейді.

Егер жоғарыда жазылғандардың барлығын ескеріп, бетіңізді уақтылы тазартып отырсаңыз, саңлауларды тарылтатын уақыт та келеді. Ол үшін ақ топырақ жақсы көмектеседі. Аптасына 2-3 рет маска жасаңыз. Топырақ тесіктерді тарылтсын десеңіз, бетіне ылғалды компресс қоюды ұмытпаңыз. Бетте тұрып кеуіп кетсе, кері әсерін тигізеді.

Кеңейген тесіктерді тарылтуға құрамында жеміс қышқылы бар косметикалық құралдар да көмектеседі. Бұл арнайы маскалар немесе сықпалар болуы мүмкін. Ал қолда бар заттардың ішінен ақуыз, лимон, шай ағаштан маска жасай аламыз. Ақуызды көпсітіп, үстіне шай қасық лимон шырынын және 2 тамшы шай ағаш майын тамызамыз. 3 күн ішінде осындай масканы 10 рет жасау арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ал сіз беттегі ұсақ тесіктерді қалай тарылтасыз?

Қ. Бүйенбай