Макияждың сырлары

Макияждың сырлары
Фото: Тимур Өтешбеков, krasota-biznes.ru

Таңертең жасалған макияж түстен кейін жиі бұзылады. Көз бояуы, сүрме, тоналдық крем мен далапқа қатысты бірнеше кеңес ұсынамыз.

Көз бояуы жиырылып қалатын болса

Кейде тіпті ең қымбат көз бояуы да жиырылып қалады. Таңертең жасалған макияж бірнеше сағаттан кейін бұзылады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Теріңіз құрғақ болса, көз бояуын жақпай тұрып, опа жағуға болады. Немесе арнайы база сатып алыңыз. Ол әрі көрінбейді, әрі күні бойы тұрады.

Сүрме кірпіктерді жабыстырып тастаса

Көп ару сүрме жаққаннан кейін кірпіктерін инемен бөледі. Кірпіктердің жабысып қалуы ең алдымен сүрменің құрғап қалуынан болады. Оған май, су құйып әлектенудің қажеті жоқ. Мұндай сүрме жарамсыз. Ал егер жаңа сүрме жиырылып қалатын болса, пайдаланатын косметиканы ауыстыру керек. Ал барын пайдаланып тастау үшін кірпікке алдымен опа жағып, майлықпен ақырындап сүртіп, содан соң сүрме жағыңыз.

Тоналдық крем көп болып кетсе

Беттегі безеу, бөртулерді жасырамын деп көбіміз тоналды кремді тым көп етіп жағып жібереміз. Нәтижесінде беттегі тыртық, безеулер жасырылудың орнына одан сайын көрініп қалады. Егер бетіңізге безеу шығып кетсе, тоналдық кремнің орнына консилерді пайдаланған жөн. Ол терінің түсімен кез келген безеу, тыртықты жасыра алады. Содан соң ылғалдандырғыш иісмай жағуыңызға болады. Тоналдық кремнен бірте-бірте бас тартсаңыз, нұр үстіне нұр болар еді.

Далап тісті бояп тастайтын болса

Далапты абайлап жақсаңыз да кейде тіске жағылып қалады. Бұл мәселені шешу үшін дымқыл майлықпен тіске тиетін ерін бөлігін сулап, далапты сүртіп қойыңыз. Кейбір арулар тісіне көрінбейтін жылтыр далап жағып қояды.

Ф. Абилова