Инстаграм бізді несімен тартады?

Инстаграм бізді несімен тартады?
Фото: amur.kz

Инстаграм әлеуметтік желісінің қолданушылары күн санап артып жатқаны рас. Қазір кіммен кездессек те, кіммен сөйлессек те «Инстаграмда барсың ба?» деп сұрайтын болғанбыз. Жалпақ тілмен айтқанда, Инстаграм деген – жарқын сәттер мен көңілді кездерден естелік кадрларды қалдырып, суреттермен бөлісетін және басқа да таныстар мен достардың фотосуреттеріне әрі шағын бейнежазбаларына баға беріп, пікір алмасатын әлеуметтік желі. Жастардың желісі деп айтып, жаза баспай-ақ қояйық. Өйткені инстаграм жасқа қарамайтын болған. Сіз бен біз кіріп, бақылап жүрген инста-әлем қандай қызметтер атқарады? (Ескерту: Бұл жазба – жарнамасыз сараптама)

Инстаграм – базар.

«Базар» дегеніміз өзіміздің ауызекі тілде айтылып тұрғанымен, Инстаграм бұрындары жұрт кептелісте тұрып жететін атақты «Барахолка» базарларының Қырғызстан бен Қытай көршілерімізден дорба-дорба болып шекара асып кірген киімдеріне толы. Оны мәдениетті тілде «Интернет-дүкен» немесе «Онлайн-дүкен» деп те атап жүрміз. Кәсіптің көзін білетіндер өз тауарларын ыстық күннің астындағы дүңгіршектер мен ақылы дүкендерде сатуды доғарып, инстаграм арқылы сауданы қыз-қыз қайнатып жатыр.

Инстаграм – түнгі клуб.

«Түнгі клубқа» теңегенім – бергі жағы. Арғы жағы одан да анайы атауға ие. Инстаграм өз денесінің ойлы-қырлы жерлері мен шұңқыр-шұңқырын айқара ашып көрсетуді ұят санамайтын, жалпы «ұят» деген сөздің не екенін де білмейтін, сол арқылы өзіне-өзі жарнама жасайтын қыздардың ермегіне де айналған. Әлеуметтік желі деген – виртуалды қоғам ортасы. Осындай ортада табиғат әсемдеп сыйлаған талдырмаш тәнді жарнамалап, жылтыр-жылтыр суреттермен анайылыққа бой алдырып жүрген арулардың «сәні» мен «салтанатына» қызығып, парақшаларына жазылып жатқандар да жетіп жығылады.

Инстаграм – отбасылық фотожинақ.

Отбасылық суреттер, туыстар мен туғандардың отырысы мен кездесуінен есте қалатын естеліктер... Мұның бәрі шаң басып сөрелерде тұратын фотоальбомдардың орнын басып келеді.

Инстаграм – асхана.

Түрлі-түрлі азпаз бен бармағынан бал тамған ас шеберлерінің қолынан шыққан дәмді тағамдардың суреттері күн санап артып келеді. Бұл тамақ жасауды үйренгісі келетін қыздар үшін керек-ақ дүние. Тәттілер мен ыстық тағамдардың жоғарғы талғамды суреттері және сурет астындағы тағамның дайындалу тәсілдері көз тартатыны анық.

Инстаграм – жаңалықтар.

Ел және әлем жаңалықтары уақытылы түрде тарап, басты назарға ие болатын орын да – инстаграм желісі. Мұнда дәл осы уақытта орын алған криминалды немесе төтенше, жұлдызды немесе басқа да ел жаңалықтары арнайы ақпаратты құралдардың баспасөз парақшалары арқылы немесе қандай да бір тұлғаның парақшасы арқылы жарияланып отырады.

Инстаграм – жарнама.

Жылжымайты мүліктер мен түрлі сомадағы тауарлар, қандай да бір өнімдер мен шығармашылық туындылар да осында жарнамаланады. Оны арнайы жарнамалық агенттіктердің өз адамдары парақшалары арқылы немесе бейресми емес ұйымдар өз парақшалары және «репост» арқылы жарнамалайды.

 Ұқсас жазбалар:

Қазақ жұлдыздары балаларының Instagram желісіндегі рейтингі

Кішкентай егіздер instagram «жұлдызына» айналды

Жалғасы бар...

А. Әбілхан