Бұл қызық: Көлік пе әлде үй ме?

Бұл қызық: Көлік пе әлде үй ме?

Екі жыл бұрын жас жұбайлар Гийом мен Дженна Лос-Анджелоста тұрған. Үй жалдап тұру, оқу ақысын өтеу, іш пыстыратын жұмыстары оларды қатты жалықтырған екен. Дженна жазумен, ал Гийом суретке түсірумен әуестенеді. Сананы тұрмыс билеп, өз шығармашылықтарынан қол үзіп қала жаздаған олар бұл тығырықтан қалай шығудың жолын іздейді. Бір күні олар кішкене ғана үйшікті көріп, ой туады, ой мақсатқа айналып, олардың өмірлері 180 градусқа өзгерген.

 Бұл үйшік олардың армандарына қадам басуға мүмкіндік берді. Олар алдарына мынадай жоспар құрды:

1. Кішкене үйшік салу;

2. Бір жыл бойына саяхат жасау;

3. Өз саяхаттарын қатыстырып, журналист портфолиосын жасау. 

Үйшік салу оларға оңайға соқпағаны анық. Олардың жұптық өмірлеріндегі алғашқы үй болса керек. 

 Олар адам санасындағы «үй» танымын сәл өзгертті: үйге тегершік жалғап, үй-көлік жасап шыққан.

Олар ерекше үйшіктерінің ішін ағаш бұйымдармен жабдықтаған.

Салли есімді иттерін ертіп, үйшік көліктерімен саяхатқа аттанады.

Олардың саяхатқа шыққандарына алты айдан асыпты.

 20 000 км жолды артқа қалдырған жас жұп табиғаттың әсем тұстарын шарлап, қызықты оқиғаларға тап болыпты.

Флоридадан Нью-Йоркқа дейінгі саяхат жолында олар ерекше үйлерде тұратын өздері тектес тұрғындарды кездестіріпті: мысалы, ағаш басындағы үйлерде, киіз үйлерде, қайық секілді үйлерде тұратын адамдар. Олар арманға сенетіндерін айтып, әлі де шытырман оқиғаларға толы саяхаттарын жайлы еңбек жазатындарын жасырмаған.

Сурет: econet.ru, livejournal.com

Е. Жұмабайұлы