Ол – сенің ханшайымың

Ол – сенің ханшайымың
Фото: Марина Дёмина

Өзіңнің болашақ жарың болатын қызды өзің емес, жүрегің таниды. Жүрегіңе жағатын ару қандай болуы керек? Көбіне адамдар үйленетін сыңарын бір көргеннен-ақ танитынын айтып жатады. Бұл рас па? Сүйгеніңнің қандай қылығын көргенде оның сендік екеніне, сенің ғана ханшайымың болатынына көзің жетеді?

Егер ол сенің қандай тамақты сүйіп жейтініңді біліп алып, сол тамақты әзірлеуді үйренуге асықса...

Ер адамың жүрегіне асқазан арқылы жол табуға болады деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Әйткенмен, асқазанның үйлену ұғымына сәл болса да қатысы бар. Өйткені жігіттердің сексен пайызға жуығы қызға үйленуге ұсыныс жасап жүргенде тамақ жасай алатындығына не жасай алмайтындығына көз жеткізгісі келеді. Жасай алмаса, үйленгенше үйренуін талап етеді. Ал егер сүйгенің сенің (өзіңнен сұрамай) қандай тағамды сүйіп жейтініңді біліп алып, өз еркімен сол тағамды жасауға асықса немесе жасап сені таңдандырса, демек оны сенің асқазаныңның қамы ойландырғаны. Ол алдағы уақыттарда да сені түрлі тағамның иісімен және дәмімен таң қалдыратын болады. Демек ол сені аш қалдырмайды. Мұндай қыздар көбіне «Тамақ жаса» деген сөз айтылмай жатып, алдыңа ақ дастарханын жайып жіберіп «Ас дайын!» деп айтып үлгереді.

Егер ол сенің қарапайым кемшіліктеріңді түзеудің орнына, сол кемшіліктеріңе сай өзін бейімдегісі келсе...

Ер адамдар өзінің кемшілігін өзі біледі. Ал егер оны сүйген қызы бетіне баса берсе одан жалыға бастайды. Мәселе жау шақыратын кемшілікте емес. Мінезге немесе танымға байланысты қарапайым кемшіліктерден құтылуын талап еткен қызды олар аса жақтыра бермейді. Сол кемшіліке бойын үйретіп, сонысына өз мінезін үйлестіре білу көп қыздың қолынан келмейтінін мойындайық. Ал қолынан келгендер көп өтпей сүйген жігітінен «Үйленейік» деген сөз естіп қалуы ғажап емес.

Егер ол сені қымбат көліксіз, бағалы сыйлықтар мен ақшасыз күйіңде де сүйетінін мойындаса...

Сезімдер байлыққа қызмет ететін заман – бұл. Әп-әдемі сезімдерді алтынмен аптап, күміспен қаптап алатын мына заманда қолыңда барыңмен жақсы көретін адамдар сирек кездесетін болып барады. Кездесуге жаяу барып, оған бір тал раушан гүлін сыйласаң да көңілі баяғыдай мәз қалпында жүретін сүйгеніңнен қалай айналмайсың? Демек сен оған көліксіз де, құшақ-құшақ гүлсіз де сұлу болғаның. Демек ол сенің өміріңдегі материалдық дүние емес, рухани байлығың мен шынайы сезімдеріңе шын ғашық болғаны.

Егер ол сенің ойыңмен санасып, пікіріңе құрметпен қарайтын болса...

Айтқан сөзіңді жерге тастамай, пікіріңе құрметпен қарайтын қыздарды сен де құрметтеуге міндеттісің. Өйткені мұндай арулар оннан біреу ғана кездеседі. Сенің айтқаныңды екі етпей, тыйым салған нәрселеріңді ұмытпай, сенің жаныңа жағатын істермен жүрегіңді баурап алатын қызды қалай сүймейсің? Әйткенмен, жігіттердің кейбірі өзімен санасып, сөзден жеңілмейтін қыздарды да жақсы көреді. Бәлкім олар қыздың мұнысын еркелігі мен тәтті қылығы деп түсінетін шығар. Дегенмен, ер адам әйел затына сөзін өткізе алуымен де еркек деген атын ақтап алады. Әрине, ол сөзі  орынды, әрі жөн сөз болсын, тек!

А. Әбілхан