Күзгі науқанда 12 мыңға жуық бозбала әскер қатарын толықтырады

Күзгі науқанда 12 мыңға жуық бозбала әскер қатарын толықтырады
Фото: 24.kz

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды.

Бұл жолы 12 мыңдай қазақстандық қарулы күштер сапын толықтырмақ. Ал азаматтық борышын өтеушілерді іріктеу қатаң тәртіппен жүргізіліп жатыр. Бектас Абдуманап Отан алдындағы борышын өтеу үшін Жамбыл облысына аттанатын болды. Комиссия шешімі бойынша ол осы өңірдің Мерке ауданындағы әскери бөлімінде жауынгерлік дайындықты меңгеріп, міндетін мінсіз атқаруы тиіс.

Бектас Абдуманап, әскерге шақырылушы: - Бұл борышты өтеу керекпін деп есептеймін. Бұл – ең алғашқы міндет. Әрі менің балалық арманым. Әке-шешем бұл таңдауымды құптады. Яғни әскерге баруыма қарсы емес.

Бектаспен бірге астаналық 30 бозбала отандық қарулы күштер қатарын толықтыруға дайын тұр. Бұған дейін олар ақыл-ойы мен дене бітімінің тиісті талапқа сай екенін дәлелдеп шықты.

Бұл жолы әскерге шақыру қағазы 100 мың азаматқа жіберілді. Бірақ мамандар мәліметі бойынша, 12 мыңдай бозбала айбынды армия қатарына қосылуы тиіс. Себебі саннан гөрі сапаға көбірек басымдық беріліп отыр. Осы қағидаға сәйкес енді әрбір әскерге шақырылушының моральдық, психологиялық және физикалық қабілеттері біркелкі бағамдалады. Заң бойынша азаматтық борышын өтеуден жалтарғандарға 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ бұл талап қолға алынғалы бірде-бір бозбала әскерге барудан бас тартқан емес.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы