Ләйлә Сұлтанқызы: Қазақты «құрысын» құртады

Ләйлә Сұлтанқызы: Қазақты «құрысын» құртады
Фото: voxpopuli.kz

Біз көп нәрсеге көз жұма қараймыз. Көргіміз келсін, мейлі, келмесін... Ат айналып қазығын табатындай, уақыт та өзінің ағымын табады. «Әй осы да жетеді», «соны қойшы», «құрысыншы» дегендер болмаса, көп нәрсеге жетуге болар ма еді... Айтар ойымды ұғына алмай отырсаңыз, ашайын...

Біз көп жағдайда көнбістікке салынамыз немесе «маңдайға жазғаны» деп тағдырға табыстай саламыз. Тентек желдің өзін диірменді айналдыру үшін пайдалануға болады. Сандырақ дейсіз бе?! Ендеше сөзімді дәлелдейін.

Осыдан алты жыл бұрын дүниені дүрліктірген Сан-Хосе шахтасын еске түсірейік. 2010 жылы 5 тамыз. Чилидегі Сан-Хосе шахтасындағы жарылыс. 33 шахтер 69 күнге жер астында қалды. Ішер асы өлшеулі,  ал шығар күні белгісіз. Эдисон Пенья есімде шахтер қараңғы қапаста қол қусырып отырмай, қорқынышын жеңу үшін жер асты өткелінде жүгірумен айналысты. Сенесіз бе, бұрын спортқа түк қатысы жоқ ол 69 қараңғы күн мен түн аяқталған соң желаяқ атанып, Нью-Йоркте өткен бүкілхалықтық марафонға арнайы шақырту алды. Оның жігері жеңді. Біз 69 күн тұрмақ, 69 сағат солардың орнында болсақ, қайтер едік?! «Әй, құрысын, бізді ешкім таппасқа» салынатынымыз сөзсіз немесе барлық жағдай жасалса да, күнде ертемен жүгіруге әйтеуір бір нәрсе кедергі болады. Бұл сөзім арқылы мен жастарға жігер бергім келеді. «Құртпай-ақ» көп нәрсеге жетуге болатынын айтқым келеді.

«Құрысын» қандай мақсатта қолданылуы керек?! Жамандық құрысын, жауыздық пен соғыс құрысын десе орынды. Жақсы сөзді қазақ жарым ырысқа теңеген. 

Осы тұста сөзіме Слава Полунинді қосқым келеді. Ресейдің атақты әртісі, танымал сайқымазағы. Дегеніне жету үшін дүниені шарлаған адам. Шетелдіктерге шекарадан аттауға рұқсат бермеген Кеңес кезінде, одаққа Еуропаның сайқымазағын әкелген тұңғыш адам. Цирк өнерімен біраз елді аралап, табан тоздырған талант. Кеңес Одағының қарсылығына қарамай, қалауын істей білген жан. Ал бізде қалай?! Үйден екі аттап шықпай жатып, байқап көрмей тұрып: «таныссыз болмайды», «бәрі қарсы», «қолымнан келмейді» деген себепсіз сылтаулармен сырғыта саламыз.

Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романынан мына бір үзіндіні келтіргім келеді. Момыштың ұлына айтқан өсиетін мен жастарға айтқым келеді: «Шақырғанға бар. Шалғанмен тірес. Құлшынғанмен күрес. Жығылсаң, жер көтереді. Бірақ, опынғаныңды айтпа, одан кейінгі ойлағаныңды айт. Ызаңды айтпа, ызадан соңғы ындының мен ықыласыңды жеткіз. Жақсының басынан дау кетпейді. Жаманның басынан жау кетпейді. Тірі тұрғанда талай дауың да, жауың да болады, шырағым. Бар, бетіңнен жарылқасын. Алжығанда келген атақ абырой әпермейді. Атақ, абыройыңды жас кезіңде қу, қарағым».

Cөзіміз жақсы, ойымыз орынды, ісіміз келісті болса, орындалмайтын арман болмайды. «Құрысыннан» құтылып, жөнді іске қолдау көрсете білейік. Балаңыз, жақыныңыз, танысыңыз «болам» десе, бетінен қақпаңыз. Өзіңіз де «болдыру» үшін беліңізді буыңыз. Мен жастар жігерінің құм болғанын емес, жарқырап шығар күн болғанын қалаймын!

Ләйлә Сұлтанқызы

Г. Берік