16 наурыз - Республикалық Ұлан гвардиясының құрылған күні

16 наурыз - Республикалық Ұлан гвардиясының құрылған күні
Фото: sgork.gov.kz

Осыдан тура 27 жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1992 жылы 16 наурыз күні Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Республикалық Ұлан гвардиясы құрылды.

"Гвардия" ұғымы XII ғасырда Италияда пайда болған. Мемлекеттік рәміздерді қорғайтын іріктелген жасақты - гвардия деп атаған. Бертін келе гвардия Францияда (XV ғ.), Англияда, Швецияда, Пруссияда (XVII ғ.), Түркияда, Жапонияда (IX ғ.) пайда болды. Ал қытай жылнамасында біздің жылсанауымыздың V-VIII ғасырында түрік қағандарының жеке жасағы болғаны туралы айтылған. Қытайлар олардың атауын "фули" деп түріктің "бөрі" сөзінен алған екен. Бөрілерді ерекшелеп тұратын байрағы мен шапаны болған. Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керей қазіргі ұланға ұқсас жасағы болған. Ханға адал берілген ақсүйек әулеттен жасөспірімдерді іріктеп алып, бөрі жасағын құрған. Олардың басты міндеті - ханның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

"Қазақстан Республикасының Республикалық ұланын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 16 наурыздағы № 673 Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданы Красный Восток кентінде орналасқан Ішкі әскерлердің шұғыл мақсаттағы жеке бригадасы негізінде Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланы гвардиясы құрылды. Осы кезден бастап Қазақстанда 16 наурыз күні Республикалық ұлан күні аталып өтіледі.

©sgork.gov.kz

Республикалық ұланға Жауынгерлік туды тапсыру кезінде Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Бұл тудың астында ғасырлар бойы әскери дәстүрлер нығайып, жаңа дәтүрлер нығай түседі" деп сенім білдірді. Оған қоса "Республикалық ұлан - бұл Қазақстан әскерінің ең сенімді және мықты бөлімі. Ұлттық ұлан әскери реформаны өткізуг белсенді қатысты. Дәл осы ұландар Қазақстанда кәсіби арманияның бар екенін дәлелдеді", - деп Республикалық ұланның маңыздылығын атап өтті.

Жаңадан құрылған Республикалық Ұланы гвардиясына мынадай міндеттер жүктелді:

- Республиканың мемлекеттік билік және басқармалардың жоғарғы органдарын, Президенттің, Вице-Президенттің, Парламент пен Үкімет басшыларының көлік құралдарын Республика аумағында және сырт жерлерде күзету;

- ҚР Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасының эталондарын күзету;

- шетел мемлекет басшыларын күтіп алу, шығарып салу кезінде, ҚР мейрамдары мен салтанаттарында жоралғылық рәсімдерді орындау;

- мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін құқық тәртібін бұзушыларды тоқтату;

- ҚР аумағындағы конституцияға қарсы сипаттағы қарулы және басқа да әрекеттерді тоқтату;

- ҚР заңдарында көзделген тәртіпте төтенше жағдай режімі кезінде іс-шаралар жүзеге асыру.

Қазіргі таңда Ұлттық ұланда  Қазақстан Республикасы Президентіне және халқына адал қызмет етуге негізделген өзіндік дәстүр қалыптасқан. Бұрынғы Кеңес армиясы мен егемен Қазақстан армиясының ардагерлері қалдырған теңдессіз тәжірибесін игерген дәстүрлер дамыды. Ұлттық ұлан оларға жүктелген міндеттер мен жауапкершіліктің маңыздылығын түсіне отырып, кез келген сәтте Қазақстан Республикасының егемендігін абыроймен қорғауға әзір.

А. Рысдәулет