Сайт беделін көтерудің 100 амалы #2

Сайт беделін көтерудің 100 амалы #2

Сайт рейтингісін көтерудің жолдары жайлы жазбамыздың жалғасын ұсынамыз. Басы мында: "Сайт беделін көтерудің 100 амалы #1"

Әдемі «сырға» тағу

18. Тест жасап тұрыңыз. Қарапайым қолданушылар психологиялық немесе басқа да тесттерді жасауды жандары сүйіп тұрады, соған сеніп, мәз болысады. Тестті істеген адам оның нәтижесін өз достары ортасында бөліседі. Осы арқылы да адамдарды өз сайтыңызға тартуға болады.

19. Ретке тұрғызу. Мысалы: «Әлемдегі ең мықты 50 әйел кәсіпкер» деген тақырып қойып жазба жазсаңыз, бұл ретке тұрғызу адамдардың таңданысын тудыруы мүмкін. Сол күй ол адамдарды міндетті түрде сіздің сайтыңызға кіруге мәжбүрлейді.

20. Сайттарды ретке тұрғызу. Алдын ала жоспарлап, іздеу жасап, зерттеп барып адамдарға нақты көмек жасай алатын сайттарды ретке тұрғызыңыз. Мысалы: «Арықтауға көмектесетін ең үздік 25 сайт» деген сияқты. Дәл осы мақалаңызда кері сілтемені де қойыңыз. Осылай болғанда адамдарды тартумен бірге, жазбада тілге тиек болған сайттар сіздің сілтемеңізді жариялауы әбден мүмкін.

21. Күлкілі, көңілді суреттерді іліп қойыңыз. Адамдар ғаламтордағы ресми ақпараттардан, компьютер алдындағы бір күндік жұмыстан әбден шаршағанда көңілін сергітуді, бір жадырай күліп алуды жандары қалайды. Дәл осындай сәтті қалт жіберуге болмайды. Сіз де өз сайтыңызға көңіл ашуға арналған жазбаны жариялаудан қашпаңыз. Әрине, ондай суреттер мен видеолар ғаламтор әлемінде жетерлік. Мысалы, http://www.reddit.com/

«Тегін» амалы

22. Электронды кітаптарды қосып қойыңыз. Оқырман арасында сұранысқа ие кітаптардың электронды нұсқасын тауып сайтыңызға жариялаңыз. Әрі оны әлеуметтік желіге, өзге де сайт админдерінің пошталарына жіберіңіз. Ең маңыздысы сайтқа кірушілер ол кітапты міндетті түрде жүктеп алатын немесе онлайн оқуға болатын болсын.

23. Тегін CSS келбеттерін қосып қойыңыз. CSS келбеттер ғаламторда өте танымал екенін білесіз бе? Арнайы CSS кодтарын тарататын сайттардан қолданушыларға керек-ау деген CSS келбеттерін сайтқа жариялаңыз, әрі кодын алуға рұқсат беріңіз.

24. WordPress келбетін жариялаңыз. Бүгінгі таңда екінің бірі, егіздің сыңары WordPress жүйесін пайдаланып-ақ блог, сайт аша алады. Оның қолданушылары миллиондап кездеседі. Егер мүмкіндігіңіз болса WordPress-ке арнап шаблон жасап жариялаңыз. Мүмкіндігіңіз болмаса ақылы келбеттердің тегін нұсқасын да ұсынуыңызға болады.

25. Ескертпе «дәптер» (Cheatsheets) қосып қойыңыз. Егер жасай алсаңыз Cheatsheets қосып қойыңыз. Мына сілтемеден «дәптерді» дамытуға арналған мақаланы көре аласыз: http://www.petefreitag.com/item/455.cfm

26. Компьютерге және сайтқа қажетті құралдары таратыңыз. Мысалы, PSD форматындағы баннерлік құжаттарды, түрлі фонттарды, Corel т.б. бағдарламалардың дайын келбеттерін таратыңыз.

Шаралар ұйымдастыру

27. RT немесе Share бәйгесін өткізіңіз. Белгілі бір жазбаны кімнің Twitter-де немесе Facebook парақшасында бөлісуі ең көп RT немесе Share жинаса, соған ақшалай сыйлық немесе бірлік, заттай сыйлық деген сияқты бәйге жасауға болады. Мұнда әрине бөліскен жазбаның көрілімі артады.

28. Пікір жазу жарысын ұйымдастырыңыз. Бөлісуден басқа белгілі бір жазбаға немесе қандай атпен қанша жазбаға пікір жазудан да жарыс өткізуге болады. Оның сыйлығын да кісі ұялатындай деңгейде беруге болмайтыны есіңізде болсын.

29. Мақала немесе блог жазу бәйгесі. Мақала немесе блог жазғысы келген қолданушы міндетті түрде өз жазбасын 2-ден көп әлеуметтік желіге жарияласын, он шақты пікір жазылсын деген талаптар қойсаңыз, оның өнімі де әжептәуір болады. Оның марапаты да кішігірім болмауы керек.

30. Үздіктерге дауыс беру. Сіз өз сайтыңызда жүріп жатқан әрбір жарыстың қорытындысына жақындап қалғанда барлық қолданушыға арнап дауыс беру мүмкінідігін ашуыңызға болады. Бұл да әр қатысушының дауыс жинау үшін сол сілтемені өзгелерге жіберуіне түрткі болады.

31. Рейтинг жарысы. Сіздің көздегеніңіз рейтингті көтеру ғой. Онда неге тіке рейтингпен жұмыс істей бермеске. Сіз рейтингі бірдей (әрине, жоғары көрсеткіші бар) бірнеше сайтқа мынадай ұсыныс жасауыңызға болады: «Мен сіздерге белгілі бір көлемдегі баннерді беремін, өз сайттарыңызға іліп қоясыздар. Есептеуіш арқылы белгілі бір мерзімді қай сайттағы жарнамадан бізге келушілер көп болса, сол сайтқа қомақты сыйлық беріледі!». Міне, осындай ұсыныс арқылы да сайт танымалдығын арттыруға болады.

Мультимедиа

32. Видеолар орналастыру. Сіз видеоның бүгінгі ғаламтордың айырылмас бір бөлігіне айналғанын білетін боларсыз. Жаңа киноларды, бейнебаяндарды, қызықты бейнероликтерді назардан тыс қалдыруға болмайды.

33. Бейнесабақтар орналастыру. Бұл қазақ аудиториясына енді-енді еніп келеді. Мысалы, сіз ғаламтордан видеоны қалай жүктеп алуды білесіз, бірақ басым көп қолданушы оны білмеуі мүмкін. Белгілі бір видеоны жүктер сәтіңізде CamStudio деп аталатын бағдарламаны қойып, өз компьютеріңіздің экранында болып жатқан істерді жазып алыңыз (дауысыңызды да қоса жазуға мүмкіндік бар) да оны өз сайтыңызға орналастырыңыз. Дәл осындай сабақтар қоры қалыптасса, сіздің сайтыңыз да танымал бола түседі.

34. Видеоны бөлісу. Видеосабақты дайындап болған соң, не істеу керек? Оны өз сайтыңызға тіке жүктесеңіз де болады. Ең дұрысы оны YouTube сияқты видео сервистерге жүктеген дұрыс. Тек жүктеп қана қоймай оның бас-аяғына, бетіне өз сайтыңыздың сілтемесін іліп қоя аласыз. Бірақ, тек YouTube-пен шектелуге болмайтыны есіңізде болсын. Уақытыңызды үнемдеу үшін, бәрін де автоматты аяқтау үшін сізге TubeMogul.com көмектеседі.

35. Үнхабар (Подкастинг). «Подкастинг деген не?» сұрағына «Азаттық» радиосында мынадай жауап берілген: «Подкастинг технологиясы сізге қажет бір не бірнеше аудио және видеофайлды сайттан автоматты түрде көшіріп алып, өзіңізге ыңғайлы уақытта тыңдауға және көруге мүмкіндік береді. Подкастинг RSS-ағыны арқылы жұмыс істейді. Белгіленген тақырыптардағы файлдар сайттан қолма-қол көшіріліп отырады, оларды кез келген уақытта ашып, көре аласыз, тыңдай аласыз». Подкастинг үшін қандай бағдарламалар қажет? Тәжірибесі аз пайдаланушылар үшін ең қолайлысы – iTunes бағдарламасы. Тәжірибелі пайдаланушылар IPodder бағдарламасын қолдануына болады.

36. Аудио сұхбаттар жасап тұру. Қазір мәтін түріндегі сұхбаттардан аяқ алып жүргісіз. Дәстүрлі медианың бұл үрдісін жаңа медиада қайталауға болмайды. Сұхбаттың аудио нұсқасын қолданушыға тіке ұсынуға болады. Ал, белгілі бір ғаламтор қолданушысынан Skype арқылы сұхбат алмақшы болсаңыз, сізге PowerGramo бағдарламасы көмекке келеді.

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: yadadrop.com

M. Auelkhan