Асылхан Төлепов өмірбаяны

Асылхан Төлепов (21 мамыр 1992, Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген) — Қазақстан актеры. 2012 жылғы шыққан «Жаужүрек Мың бала» атты фильмдегі Сартай батырдың рөлін сомдағаннан кейін танымал бола бастады. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанында ашылған колледждің професссор Есім Сегізбаев класын тәмамдаған. "Бауыржан Момышұлы" төсбелгісімен, "Жыл студентi-2013" республикалық байқауының "Үздік мәдени қайраткер" атағын және Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының иегері (2013), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры шәкіртақысының иегері (2013),

Фильмография:
2011 – «Балалық шағымның аспаны» (Ғали)
2012 – «Жаужүрек мың бала» (Сартай)

Телехикаялар:
2013 - "Сұңқар" ()
2013 - "Волоколамск тас жолы" Мәулен (реж. Ақан Сатаев)

Асылхан Төлепов
Асылхан ТӨЛЕПОВ, «Жаужүрек мың бала» фильмінде Сартайдың рөлін ойнаған актер:

САРТАЙ БАБАМ СЕКІЛДІ ҚАЗАҚ ҮШІН ОТҚА ТҮСУГЕ ДЕ ДАЙЫНМЫН
3fUmqhvkJMQ.jpg
– Фильмде елінің туын көтеріп, жас сарбаздарды жауға қарсы жорыққа бастаған жаужүрек Сартай батырдың рөлін сомдадыңыз. Осы фильмге алғаш келген кезіңізді есіңізге түсіре отырыңызшы?..
– 2010 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде үшінші курста оқып жүргенмін. Колледжде «Жаужүрек мың бала» фильміне кастинг жүріп жатыр» деген хабарды естіп, өзгелермен бірге мен де сол жерге бардым. Кастингтен өтемін-ау деген аса бір үлкен үмітім болмаса да, көптен қалмай қатыса салдым. Өйткені бұған дейін де талай кастингтен тауым шағылып, көңілсіз оралғанмын әрі дипломдық жұмыспен басым қатып жүрген. Алғашқы кастингтен екі-үш күн өткен соң мені тағы да шақырды. Әйтеуір, бесінші рет шақырғанда батырдың киімін кигізіп, тағы тексерді.

– Білуімізше, фильмде Таймас рөлін сомдаған актер Аян Өтепберген екеуіңіз өмірде де жан достар екенсіздер. Солай ма?
– Дәл солай. Аян екеуміз колледжге оқуға келгенде танысып, достасып кеттік. Негізі, нені болса да армандай берген дұрыс екен. Аян екеуміз «Шіркін, екеуміз бір фильмде басты кейіпкерлерді ойнасақ. Әрі олар да біз секілді жан достар болса...» деп армандайтынбыз. Алла тілегімізді қабыл алып, арманымызды дәл орындады. Оның алдында дипломдық жұмыста Аян екеуміз басты кейіпкерлердің рөлін ойнауымыз керек болатын. Кейіннен киноға түсетін болғандықтан, көпшілік көрініске ғана қатыстық.

– Рөлге бекітілгеннен кейінгі көңіл-күйіңіз есіңізде ме?
– Кастингтің қорытындысы шығатын күні Аян екеуміз киностудияға бару үшін аялдамада автобус күтіп тұрдық. Сол күні тұмауратып ауырып қалғандықтан, аздап көңіл-күйім болмай тұрған. Менің көңілімді көтергісі келген Аян: «Асылхан, көңіл-күйіңді түсірмеші, бәрі жақсы болады. Егер сен фильмге өтпей, мен өтіп кетсем, онда фильмге түсуден мен де бас тартамын», – деді. Ет қызулықпен айтқан сөзі ғой. Бір кезде, расымен де, фильмге біріміз өтіп, екіншіміз құлап қалғандай бір-бірімізді жұбата бастадық. Ақырында «сен түспесең мен де түспеймін деген болмасын, біреуміз өтсек екіншіміздің бағымызды байламайық» деп келістік. Бірақ, бақытымызға орай, кастингтен екеуміз де өттік. Рөлге бекітілгенімді ешкімге айтпадым. Киностудиядан шыға салып бірден кітапханаға кеттім. Алдымен Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабын қолыма алдым.. Сартай батырдың ерлігі туралы айтылатын Нұрмағамбет Қосжанұлының «Мың бала» немесе «Сартай батыр» деп аталатын дастанын жаттап алдым. Осылайша бұрын мектептегі көп пәннің бірі ретінде қарайтын тарихқа қызыға бастадым.

– Фильмде Ілиястың рөлін сомдаған актер Артур Төлепов сіздің бірге туған бауырыңыз деп естідік...
– Иә, Ілияс рөліне актер іздеп жүргенін естіп, режиссерге: «Ақан аға, Ілияс рөліне лайық бір актерді танимын. Көр де тұрыңыз, ол үмітіңізді әбден-ақ ақтайды. Ол – актер Артур Төлепов, менің туған бауырым», – деппін. Ақан аға бір жымиып қарады да, «Кастингке келсін, көрейік, бірақ саған ризамын, өте бауырмал екенсің» деді. Кинобайқаудан ол да жақсы өтті. Ілияс, Аян үшеуміздің бірдей фильмге түсетінімізді естіген ата-анамыз қуаныштан көздеріне жас алды.

– Қалай дайындалдыңыз? Фильмдегі трюктерді өзіңіз жасадыңыз ба?

– Иә, көп трюктерді өзім жасадым. Екі ай бойы каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов ағамыздың дайындығынан өттік. Қазақтың баласы болғаннан кейін атқа мінуді білеміз ғой. Сонда да болса атпен шауып бара жатып садақ ату, қылыштасудың барлығын Жайдарбек ағамыздан үйрендік. Негізі, өзім де 7 жыл бойы спортпен айналысқанмын. Таэквондомен шұғылдандым, қара белбеу иегерімін. Республикалық, шетелдік деңгейде өткен бірталай жарыстарға қатысқанмын. Осы фильмге түсу барысында спортпен бекер айналыспағанымды түсіндім. Фильмге түсер алдында екі ай бойы күніне 8 сағаттан дайындалдық.

– Көптің бірі емес, ел қорғаған батырдың бейнесін жасадыңыз. Не түйдіңіз?
– Түсірілім кезінде бейне бір XVIII ғасырда өмір сүріп жүргендей сезімде болдым. Әсіресе батырдың киімдерін киіп, қаруларын асынғанда өзіңді сол замандағы батырдай сезініп кетеді екенсің. Ел үшін, жер үшін шыбын жандарын аямай жаумен арпалысқан ата-бабамыздың ерлігін жан жүрегіммен сезіндім. Қазіргі тәуелсіз, бостан, бейбіт өміріміздің қаншалықты қымбаттығын түсіндім. Жасына жетпей есейіп, атқа қонып, елін қорғаған сол замандағы жас жеткіншектердің жүректілігі мен ерлігіне таңғалдық. Алла сақтасын, бірақ қандай жағдай болса да Сартай бабам секілді атқа қонып, елім үшін әрқашан отқа түсуге дайынмын деп ойладым. Сартай батырдың рөлін сомдау арқылы өмірлік үлкен білім, тәжірибе, тәрбие алдым. Жаңа туыстар, достар таптым. Ақан ағаның адамгершілігінің арқасында ұжымымыз өте тату болды. Фильмнің тұсаукесерінде бір-бірімізбен сағыныса көрістік. Тек арамызда Әлия Телебарисова ғана (Зере) болмады. Ол қазір Америкада оқуда.

– Фильмде Сартай батырды өзіне ғашық еткен Зере сұлудың рөлін ойнаған Әлия өмірде де өзіңіздің жүрегіңізді жаулап алған секілді ғой...

– Жоқ. Бұл ғашықтық емес, тек түсірілім алаңында жүріп бір-бірімізбен жақын дос болып, бауыр басып кетіппіз.

– Қай өңірдің тумасысыз?

– Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Жетікөл кеңшарында дүниеге келгенмін. 1996 жылдан бері Алматыда тұрамыз. Айтпақшы, ғаламторда жұрт мені белгілі шенеуніктің баласы деп талқыға салыпты. Шындығында, мүлде олай емес. Әкем Сайлаудың шағын ғана кәсібі бар, анам Салтанат үй шаруасында. Үш ағайындымыз, үлкеніміз Артур және Айдана атты қарындасымыз бар. Айдана өзімнен тура 5 жас кіші, екеуміздің туған күніміз бір күнде. Сөйтіп, бес жасқа толған туған күнімде әуелі Алладан, сосын ата-анамнан осындай баға жетпес, қымбат сыйлық алғанмын. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой, әкемнің оқта-текте домбыраға қосылып ән айтатыны бар. Ата-анамыз бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Өздері көрген қиыншылықтарды біз көрмесін дейді. Қанша ауырлық әкелсе де бізді оқытып, жеткізіп келеді. Ол кісілерге алғысым шексіз.

– Есіміңізді кім қойған?

– Әкемнің ағасы Төлеген папам қойған. Негізі, ата-анам Артурға ұқсатып, Тимур деп атағысы келіпті.

– Актер болу өз жүрегіңіздің қалауы ма еді?

– Иә, өз қалауым. Мектепте оқып жүргенімнен-ақ шығармашылық түрлі кештерге қатысатынмын. Ағам Артур екеуміздің өнерге бейім болуымызға Гүлшара Есетқызы атты апайымыз ықпал етті. 2008 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Өнер академиясының колледжіндегі актерлік өнер бөліміне, профессор Есім Сегізбаевтың класына оқуға қабылдандым. Колледжден соң Өнер академиясына Дариға Тұранқұлованың шеберханасына түстім. Құдай қаласа, болашақ кәсіби диктормын. Ағам Артур да колледжді бітіріп, қазір Өнер академиясында оқуын жалғастыруда.

– Енді қандай кейіпкердің бейнесін сомдауды армандайсыз?

– Сартай – менің кинодағы алғашқы басты рөлім. Бұған дейін режиссер Рүстем Әбдірәшевтің «Балалық шағымның аспаны» атты фильмінде Елбасының бала кездегі досы Ғалидың рөлінде көрінгенмін. Бұл кішкене ғана эпизодтық рөл болса да, бұрын-соңды киноға түсіп көрмеген мен үшін үлкен сын, тәжірибе болды. Болашақ біздікі, сондықтан армандарым да өте көп...

Сұхбаттасқан: Анар ӘЛДИБЕКОВА,
anar1008@mail.ru


ТҮСІРІЛІМ БАРЫСЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚ ОҚИҒАСЫ:
Қапшағайда «Алаш, Алаш!» деп аттандап, Аңырақай шайқасына аттанып бара жатқан көрініс түсіріліп жатқан. Көпшілік сахнада қапшағайлық бір топ жігіттер. Оларға режиссер: «Сіздердің алдарыңызда үш басты кейіпкер тұр. Олардан оза шаппаңыздар», – деп ескерту жасады. Атқа мінген соң қай қазақтың болса да делебесі қозбай ма?! Біраздан соң киноны өмірдей қабылдап кеткен әлгі жігіттер бізді ұмытып біресе алдымызды кесіп өтсе, енді бірде «давай, давай» деп айқайлап жібереді. Соның кесірінен бірнеше дубль жасауға, режиссерден де бірнеше рет ескерту алуға тура келді. Ақырында астымыздағы аттар да, өзіміз де шаршадық. Сөйтіп, тағы да дубль басталды. Бұл жолы қапшағайлық жігіттер режиссердің бүкіл ескертпелерін ескерген еді. Бәріміз «Алаштап» шауып келе жатырмыз. Сол кезде соңымда келе жатқан Ілияс рөліндегі Артур «Сартай, Сартай» деп айқайлауы керек болатын. Сөйтсек, ол да байқамай бар даусымен «Асылхан, Асылхан» деп айқайлап, әдемі бір дубльді тағы бір бұзғаны бар.
Один домадағы балаға қатты ұқсатамын
[youtube:18wytala]http://www.youtube.com/watch?v=qbBK5zNrdW4[/youtube:18wytala]
[youtube:5gw6bo51]http://www.youtube.com/watch?v=BUZrrDHcKsI[/youtube:5gw6bo51]
Асылхан менің мектебімде оқыпты ғой)
Асылханды теледидардан көріп, оның сол жердегі мінезіне риза болатынмын, алайда өмірде аздап өзгеше сияқты...