үбіртек – алтыншы тілдік бөлшек.Түбіртекке тән белгілер.

Тілдегі дауыстылар да, дауыссыздар да 1) фонологиялық немесе 2) фонетикалық жолдармен дамиды. Мысалы, ц, ч аффрикаттарының ыдырап, т, с, ш, д, з, ж фонемаларын тілдік өмірге келтіруі – табиғи, өз ырғағымен мыңдаған жылдарды артқа қалдырған фонологиялық жол. Ал ұяң дауыссыздар фонетикалық жолмен дыбыстардың позициялық ықпалдасуы нәтижесінде пайда болған. Сондай-ақ м-нің н-нен туындауы – фонологиялық жол, оның б-мен сәйкестік түзуі – фонетикалық жол.
Дауыссыздармен қатар дауыстылар да тарихтың өн бойында ұдайы дамып, сан алуан өзгеріске түсіп, қайта қалыптасып отырған. Дауыстылардың түпкітектері мыналар:
1. ә<*А
2. е<иә<*иа; е<и; е<*а.
3. ұ<*У.
4. ү<ұ<*У;
5. о<уа~ау; о<у; о<а.
6. ө<уә; ө<о.
7. ы<ұ<*У; ы<и; ы<у.
8. і<и; і<ы; і<ү; і<Ø.
Жинақтағанда дауыссыздардың түпкітектері – *Т[С/Ш], *Р, *Һ, *Н. Дауыстылардың түпкітектері – *А, *У, *И. Гипотезалық күрделі *Т[С/Ш] аффрикаттарынан пайда болған ц, ч аффрикаттарын да, қазіргі түркі тілдерінде функционалдық қызмет атқаратын дыбыстардың қатарында болғандықтан, түпкітектердің қатарына жатқызуға болады. Түркі тілдерінде қанша дауыссыз, қанша дауысты болса, осы түпкітектерден таралғаны нақты фактілер негізінде айқындалып, анықталып отыр.
Жаңа фонемалардың шыққан көне тектерін өз орнына қойып бір сөзді талдап көрелік. Қазақ үйлерінің есік маңдайшасына қарама-қарсы, төменгі жағындағы жерге, еденге тиіп тұратын көлденең ағашы табалдырық деп аталады. Заттық ұғым-түсінігі белгілі болғанымен, лексикалық мағынасы көмескіленген көне сөз. Сонымен бірге дәл солай аталу себебін – уәжін де анықтай алмаймыз. Бұрын бұл лексема қандай ұғымда жұмсалған десе, екінің бірі жауап бере алмайды. Бұл сөздің құрамында жіңішке дауыстылар жоқ, бірыңғай жуан дауысты. Бірақ екі дыбыс ұяң – б, д. Олардың шыққан тегі, қатаң жұптары – п, т. Ал ы-ның көне формасы – ұ. Жаңаның орнына көне дыбыстарды қойсақ, әрқайсысы орын-орнына келеді: тапал тұрық деген сөз тіркесі пайда болады. Тапал «аласа» сын есімінің синонимі, диалектілерде қолданылады. Тұрық сөзінің «тұрғызылып қойылған тақтайша» екендігін түсінуге болады. басын қоссақ: тұрғызылып қойылған аласа тақтайша. Шындыққа толық сай келеді, әрі уәжі де анықталады. Барлық дыбыстардың этимологиясын білу, міне, осындай оң нәтиже береді.
12. Ізденуші түбіртектанушы-этимологқа қиындық келтіретін тағы бір тілдік құбылыс бар. Ол – сөз құрамында адам танымастай қалыпқа түсіп, анда-санда елеусіз ғана белгі беретін – ішкі флексия қалдықтары. Ішкі флексия құбылысы бағзы замандарда бүкіл дүние тілдерінде болған. Бірте-бірте өшкен. Хамит-семит тілдерінде, шамамен, 20-25 процент, үндіевропа тілдерінде 10-15 процент, түркі тілдерінде бар болғаны 3-5 процент сақталған. Осы себепті түркологтар көп аса ішкі флексия құбылысына назар аудара бермейді.
Ішкі флексия – сөздерді лексикалық, лексика-грамматикалық, грамматиалық өзгерістерге ұшырататын тілдік тәсіл. Араб тілінде залым, зұлым сөздерінің лексикалық-мағыналық айырмашылығын а мен ұ дыбыстары жасайды. Дәл осындай жағдаят қазақ тілінде де бар. Асты және үсті көмекші есімдерінің лексикалық-мағыналық айырмашылықтарын а мен ү дыбыстары жүзеге асырады. Тілімізде забыр~зәбір фонетикалық варианттары бар. Осы жарыспалы сөздердің жуан вариантынан ішкі флексия тәсілі арқылы озбыр сөзі жасалады. забыр~зәбір зат есімін сын есімге айналдырып жібереді. Басқаша айтқанда, лексикалық-грамматикалық сипатын өзгертеді. Тіліміздегі ат (көбік атты, бүршік атты), ет көмекші етістіктерінің лексикалық мағыналарына қарағанда грамматикалық мағыналары басым. Осы көмекші етістіктер ішкі флексия жәрдемімен -та/-те, -да/-де жұрнақтарына айналғанда сол грамматикалық міндетін атқара береді. Әрі ат~та, ет~те қызметтері жағынан бір-бірімен тең түседі. Етістіктің -ұқ/-ұғ жұрнағы жалпы қозғалысты, қимыл-әрекетті білдірсе, -ақ/-ек жұрнағы сол қозғалыстың, қимыл-әрекеттің бағытын білдіреді. Мағыналық өзгерісті а мен ұ дыбыстары тудырып тұр. Ішкі флексия құбылысын бұдан да анығырақ байқататын тағы бір мысал келтірелік.
Алтан моңғол тілдерінде «алтын» ұғымын білдіреді. Түбіртекке бөлсек – ал+та+ан. Ал «ал қызыл» деген мағынада. та «тас», «тау» деген сөздің түбірі, ұғымы –тас. ан – есім жасайтын көне жұрнақ. Өңделмеген, табиғи қалпында табылған асыл тасты ежелгі түркі-моңғол халықтары алтан деп атаған. Оны өңдеп, қажетке жарайтындай қалыпқа түсірген соң алтун деп атаған. Тілімізде у-дың ұ-ға, кейін ы-ға айналуына байланысты алтын формасы пайда болған. Алтуннан сырға, білезік, сақина, жүзік сияқты сан алуан бұйымдар жасалған. Ішкі флексия заңдылықтарын пайдаланып, ата-бабаларымыз оған алтин деген атау берген. Алтин бұйымдар европа халықтарына көптеп сатылған. Сондықтан европалықтар алтынды қазірге дейін алтин дейді. Сонда алтан (табиғи тас), алтун (өңделген тас), алтин (алтын бұйым) сөздеріндегі лексикалық айырмашылықтарды а, у, и дауыстылары жасап тұр. Толығырақ мәліметті Жүнісбаева Жадыра Қабылқызының филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған «Түркі тілдеріндегі ішкі флексия қалдықтары» атты диссертацияның (2003 ж.) авторефератынан алуға болады.
13. Түркі тілдерінің ғана емес, әлем тілдерінің тегі бір. Осы ақиқатты жалғанның жарығына шығаратын, адамдардың санасына жеткізетін бір тәсіл болса, ол – түбіртек табу тәсілі. Жоғарыда баяндалған азын-аулақ білімімізді пайдаланып, бірқатар сөздердің дүние жүзі тілдеріне ортақ екендігін дәлелдеп көрелік.
«Сүрлеу» мағынасындағы «жол» сөзі оғыз, қарлұқ тілдерінде йол, қыпшақ тілдерінде джол ~жол, алтай, чулым тілдерінде тйол~дйол, тува, хақас, шор тілдерінде чол, қарашай-балқар тілінде дзол~зол, якут тілінде суол, чуваш тілінде с׳ул. Демек, й~дж~ж~тй~дй~дз~з~с~с׳ сәйкестігін түзейді. Бірінші дыбысы ғана өзгеріске ұшырап отырған да, қалған екі дыбысы пәлендей өзгеріске түспеген. Сәйкестіктің ішінде тш(ч), дж, дз аффрикаттары мен тш(ч) аффрикатынан пайда болған тй~дй дыбыс тіркестері кездеседі. Бұл бір замандарда аталған сөздің құрамында аффрикаттардың және т, д фонемаларының болғандығын да айғақтайды. Қырғыз тілінде «жолдас» деген сөзді «жора» деп атайды. Өз тілімізде де «жора-жолдас» деген қос сөз бар. Келтірілген мысал – бір кездерде л сонорының р болып дыбысталғанының дәлелі.
Енді түркі тілдерінен жүйесі бөлек әлем тілдеріне назар аударалық. Орыс тілінде дор+ога ана тіліміздегі «жол» сөзінің ұғымын бере алады. Дор мен жол – гомогенді. Себебі, д қыпшақ тілдеріндегі дж аффрикатының құрамында бар. Ал л-дің архетипі (түпкітегі) – *Р. Араб тілінде тар+их – ақиқат, шындық өмірдің, қоғамның немесе басқа бір заттың шығу, өсу, даму жағдайы, жүріп өткен жолы. Сопылық ілімінде тар+иқат – жол. Бұл сөз ағылшын тілінде – ис+тор+и, орыс тілінде – ис+тор+ия.
Ағылшын тілі мен орыс тілі – үндіевропа тілдерінің өкілі, араб тілі – хамит-семит тілдерінің өкілі. Тш(ч)~дж~ж~т~д сәйкестігі мен а~о, р~л сәйкестіктерінің генезисі бір дыбыстар екендігі түркологияда әлдеқашан дәлелденілген. Ұғымы, түсінігі жағынан да ыңғайлас бұл сөздерді (жол~жор~дор~тар~тор) түпкі тек (архетип) демеске лаж жоқ. Бір кезде жер бетіндегі барлық адамдардың лексиконында болған сөз. Күн сөзінің белгілі бір формада бүкіл дүние тілдерінде кездесетіндігін дәлелдеп берген болатынбыз. Жұмыла көтерген жүк – жеңіл. Түбіртек теориясын меңгеруге тіл білімінің барлық ғалымдары (ұлтына қарамай) атсалысса, жүздеген, тіпті мыңдаған сөздердің ортақ екендігі анықталған болар еді.
Тағы бір мысал. Қазақ тілінде қарт (жасы ұлғайған, қартайған адам) деген сөз бар. Түбіртекке бөлсек – қ+ар+т. Осы сөздің ар түбіртегі орыс тіліндегі ст+ар+ик сөзінің құрамында кездеседі. Ал ағылшын тілі мен неміс тілінде екі түбіртегі бірдей –ар және дауысты дыбысынан айрылған жартыкеш т – ұшырайды. Ағылшында – ол+д, немісте ал+т. Ағылшын тіліне қарағанда неміс тілі түркі тілдеріне жақындау: а мен т дыбыстары бірдей. л~р сәйкестігі негізінде л-дің де шыққан тегін табу оңай: *ар+т~қ+арт. Ағылшын, неміс туыстас тілдер. о~а, д~т сәйкестіктері негізінде олд та *арт түрінде қалпына келеді. Демек, қарт сөзі де, кем дегенде, үндіевропа тілдері мен түркі тілдеріне ортақ.
Ілгері замандағы түбіртектердің лексикалық немесе грамматикалық мағынасын негізінен дауыссыз дыбыстар сақтап қалған. Ал дауыстылар болса, тарихи даму барысында мың сан өзгеріп кете береді. Сөздерді түбіртектерге ажыратқанда дауыссыздарға арқа сүйеу осыдан келіп шығады.
Қазақ тіліндегі жақ (от жандыру), жан (оттың тұтануы), жалын (жанған оттың лапылы) сөздерін орыс тіліндегі жара (шыжыған ыстық), жарить (қуыру), жарко (ыстық), жгучий (күйдіретін), ожог (күйген жер), пожар (өрт), сжечь (өртеп жіберу) сөздерімен салыстырсақ, от түбіртегінің семасын ж дауыссызы сақтап қалғанын аңғару қиын емес. талпақ~жалпақ сияқты сөздерде кездесетін т~ж сәйкестігі тілдер арасында да бола береді. От түбіртегі парсы тілдерінде ат>аташ. Бұл сөз де бір замандарда түркі тілдері мен үндіевропа тілдеріне ортақ болған. Сабақтастық т~ж сәйкестігі арқылы қазірге дейін жетіп отыр.
Ең көне дыбыстардың бірі – р дауыссызы орыс тіліндегі және қазақ тіліндегі ондаған, жүздеген сөздерді формалық жағынан ғана емес, мағыналық жағынан да ортақтастыра алады. Мысалы, первый~бірінші, четыре~төрт, сорок~қырық, серый~сұр, вор~ұры, середина~орта, сердце~жүрек, брызгать~бүрку, прыгать~ырғу, поворот~бұрылыс, грязь~кір, черный~қара, рис~күріш, красный~қырмызы, тағысын тағылар. Енді бір алуан сөздердің екі дауыссызы және мағынасы ортақ болып келеді. Мысалы, орыс тіліндегі облако деген сөзбен қазақ тіліндегі бұлт деген сөздің екі дауыссызы (б және л) ортақ болса, араб тіліндегі «зұлымдық» мағынасындағы зұлмат сөзінің екі дауыссызы орыс тілінің осы ұғымдас зло лексемасындағы з, л дыбыстарымен бірдей. Сонымен қатар, жүйесі бөлек тілдер бола тұрса да, үш дауыссызы ортақ сөздер де баршылық. Орыстың жалоба сөзі қазақтың жалбарыну сөзімен ж, л, б дыбыстары арқылы ортақтасса, короткий сөзі қортық сөзімен қ~к, р, т дауыссыздары арқылы бір ұғымға ие болып тұр. Бұл тізбекті одан әрі соза беруге болады.
Басқа шет ел тілдеріне қарағанда, орыс тілін біршама білетін болғандықтан орыс, қазақ параллельдерін көбірек тауып отырмыз. Түбіртектану ілімін меңгерсе, ағылшын тілінің мамандары ағылшын – қазақ параллельдерін, неміс тілінің мамандары неміс-қазақ, қытай тілінің мамандары қытай-қазақ параллельдерін тез табар еді. Әлем тілдерінің өзара тектестігіне көз жеткізу үшін бірнеше ұлы тілдердің мамандары араласуы қажет.
14. Түбіртек теориясы немесе түбіртектану ілімі өз бастауын қайдан алады? Алла тағаланың ақиқат сөзі – Құран Кәрімнен алады. «Ағраф» сүресінің 59-аятында былай делінген: «Ант болсын, Нухты өз қауымына пайғамбар етіп жібердік». Сол сүренің 64-аятында оқиға былай аяқталады: «Сонда оны (қауымы) өтірікші қылды. Сонда Біз оны және онымен бірге болғандарды (оған иман келтіргендерді) кемеде құтқарып, Біздің аяттарымызды өтірік дегендерді суға батырып жібердік. Өйткені олар (көңілдері) көр болған қауым еді».
Патша өкіметі кезінде Бұқар сияқты ірі діни орталықтарда даярланған, исламның қаймағы бұзылмаған кезеңде өмір сүрген ғұлама ғалымдар оқиғаны былайша тәпсірлеуші (түсіндіруші) еді. Бала кезімізден сақталып қалған әңгіменің тілге қатысты ақпаратының ұзын-ырғасы мынадай:
Адам ата мен Хауа ана ұзақ уақыт пейіште тұрғандықтан періште тілімен сөйлескен. Олардан тікелей тараған ұрпақ та періште тілімен өзара түсініскен. Күндердің күнінде жер бетіне адамзат баласы сыймай кетеді. Алайда олардың барлығы жаратушыны мойындамай, кәпірге айналады. Құдайдың құдіретімен аспаннан метеорит түсіп, жерді өз осінен 180 градус айналдырып жібереді. Шығыстағы шығатын күн батыстан көрінеді. Сөйтіп, ақырзаманның алғашқы нышаны осылайша жүзеге асады.
Жер апатынан Жаратушыны мойындаған санаулы адамдар ғана аман қалады. Алайда олар да елеулі зардапқа ұшырайды. Бір-бірімен түсінісетін, қарым-қатынас жасайтын періште тілінен айрылып қалады. Осы себепті өзара ымдасып сөйлесуге мәжбүр болады. Келе-келе жануарларға, құстарға еліктеп, дыбыстар шығарған. Қала берді айтайын дегенін қимыл-қозғалысымен түсіндірген. Осылайша ұзақ уақыт азап көрген. Бірте-бірте кәдімгі дыбыс тілі жасалған. Барлық адамдарға ортақ бір тіл қалыптасқан. Нұх заманында барлық адамдар үшін бір-ақ тіл – дыбыстық тіл қызмет етті. Су апатынан кейін адамдар үшінші мәрте өсіп-өрбігенде (яғни біздің дәуірімізде) көп тілділік пайда болған. Есте жоқ бағзы дәуірдегі баба (тек) тілдің жұрнағы, сарқыншағы (рудименті) қазіргі дүние жүзіндегі тілдерде сақталып отыр. Жылдардың жылында ғалымдар зерттей-зерттей дүние жүзіндегі барлық тілдердің тегі бір екендігіне анық көзі жетеді.
Құран Кәрімде баяндалған аяттардың анық, ақиқат екендігін қазіргі ғылым үсті-үстіне дәлелдеуде. Олай болса, Нух пайғамбар басынан кешірген топан су апаты да – анық, ақиқат. Кеменің арқасында аман қалған санаулы адамдар жер бетіне оралған соң, Робинзон Крузо сияқты, жабайы тіршілік етуге мәжбүр болады. Өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, өнер, мәдениетке, тағы басқа өмірдің сан алуан салаларына байланысты сөздер ұмытыла бастайды. Қарапайым өмірге қажетті сөздер ғана базалық лексика ретінде сақталады. Зерттеушілерге қажеті де – Нух пайғамбардың апаттан кейін өмір сүрген замандастарының, тікелей ұрпағының базалық лексикасы.
Топан су апатынан бұрын адамзат баласы әсем сазды таза флективті құрылым дәуірін басынан өткізген. Дауыстылар да дауыссыздар да жеті түрлі мәнерде дыбысталатын болған. Бұл – бір түбіртектің өзі қырық тоғыз әуенде айтыла алады деген сөз. Тіл табиғатқа, қоршаған ортаға етене жақын болғандықтан, жаратылыстың, болмыс-тіршіліктің бүкіл бейнесін ұғым, мағына арқылы ғана емес, әуен, сөз арқылы да айна-қатесіз жеткізе алған. Музыканың негізі – до, ре, ми, фа, соль, т.б. сөздің бойында өмір сүрген. Топан су апатынан кейін музыка сөзден бөлінген, өз алдына отау тіккен.
Әсем сазды таза флективті құрылым дәуірінде планеталар күнді қалай айналған болса, дауысты дыбыстар дауыссыздарды солай айналып, шеңбер жасайтын болған. Дауыстылардың өзімен тіркескен дауыссыздардың бірде алдында, бірде соңында тұрып, бір-бірімен орын ауыстыруы табиғат денелерінің айналу заңына, жаратылыс құбылыстарына тәуелді екендігін көрсетеді. Дауыссыз дыбыстар затты, құбылысты таңбаласа, дауысты дыбыстар олардың ерекшелігін, сапасын, сынын, сан алуан белгілерін, өту процестерін, тағы басқа қасиеттерін, ерекшеліктерін білдірген. Мысалы, у дауыстысы желдің жеті түрлі күйін емін-еркін адам ұғымына жеткізе алады. Бір фонеманың әр түрлі айтылу дағдысын қытай тілі ғана сақтап қалған. Ол соның өзінде өте қарапайымданып кеткен.
Топан су апатынан кейін ғылымы, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, өнері, мәдениеті әбден жетілген, ғаламат ортасы болған адамзат қоғамы жойылып кетті. Тірі қалған санаулы адамдарға, жабайы тіршілік иелеріне, бай сөздік құрам қажетсіз болып қалды. Олар сөздік қордан өздерінің мұқтажын өтейтін сөздерді – сол кездің тұрғысынан айтқанда, белгілі түбіртектерді ғана таңдап алып пайдаланады. Бұл дауыстылардың дауыссыздарды шеңбер жасап айналу заңдылығын бұзады. Дауыстылар мен дауыссыздар бір-біріне тіркесіп, тұрақтана бастайды. Түбіртектердің бір-бірімен байланысы тепловоздың вагондарды тіркеп алғанындай күйге түседі. Бұрынғыдай шеңбер жасай алмаса да, түзу сызық бойына түскен, бір дауысты мен бір дауыссыздан тұратын түбіртектер, әрине, ежелгі мән-мағынасын иемденеді. Омонимия құбылысы кең кенет жаяды. Себебі, ар түбіртегі бұрын жеті жердегі жеті қырық тоғыз әуенде айтылған болса, кейін бір-ақ әуенде айтылып, бұрынғы қырық тоғыз ұғымды өзіне жүктеп алуға тиіс болады. Тіпті әр әуенді түбіртектер бір-бірімен тіркесіп, күрделеніп, үшінші бір лексикалық мағына тудыра бастайды. Алғашқы морфемалар өмірге келеді. Түбір тілдер, міне, осылайша түпкітек тілден бастау алады. Қысқасы, алғашқы тілдік құрылымның бұзылуына топан су апаты себеп болады. Бұрынғы заманғы ғұламалардың ақпараттары осындай күрделі түйін жасауға әкеліп отыр. Бұлардың барлығының болашақ зерттеушілерге ой тастайтындығы анық.
Түбіртекке тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да анықтама беруге болады.
Тарихи тұрғыдан: Түбіртек дегеніміз бір дауысты архифонема мен бір дауыссыз архифонеманың бірлігінен тұратын, әр варианты бірнеше лексика-семантикалық немесе бірнеше грамматикалық мағына беретін, белгілі бір лингвистикалық қызмет атқаратын бір бүтін тілдік бөлшек.
Қазіргі кездің тұрғысынан: Архифонемалардың заңды жалғасы – бір дауысты фонема мен бір дауыссыз фонеманың бірлігінен тұратын, белгілі бір лексика-семантикалық немесе грамматикалық мағына беретін, тілдік жүйеде өзіндік қызмет атқаратын бір бүтін тілдік бөлшек. Қазіргі тілдерде, дүние жүзілік көлемде алғанда, түбіртекке бөлінбейтін сөз жоқ. Алайда қазіргі заманғы түбіртектер этимологиялық ізденістердің негізінде ғана ашылады.
15. Әлем тілдерінің тегі бір болса, бір тіл мен екінші бір тілдің лексикасы аралығындағы жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған айырмашылықтар қайдан шыққан деген заңды сұрақ туады. Тіл білімінің корифей ғалымдары әлем тілдерінің тегі бір деген жорамалға неге күмәнмен қарайды? Осы идеяны шын мәнінде дәлелдеп шыққан бірде-бір ғалым жоқ қой. Осы сияқты толып жатқан сұрақтарға мынадай жауап қайтарамыз.
Жекелей алғанда әр тілдің өзіне тән ішкі даму заңдылықтары болады. Осының нәтижесінде бір замандарда формасы да, ұғымы да, мән-мағынасы да ортақ болған сөздер тарихи даму барысында сан алуан өзгерістерге ұшырайды. Кейде адам танымастай қалыпқа түседі. Мысалға жоғарыда (9-параграфта) көне түркі тілінде «заһар, у» ұғымын беретін «урағун» сөзі қазақ тілінде үнемделе-үнемделе у фонемасы дәрежесіне жетіп, арасы жер мен көктей болып кеткенін айтып өткенбіз. Өзгелерді былай қойғанда, тілшілердің өзі бұл екі форманы бір сөз деп қабылдамауы мүмкін. Бірақ бұл екі форманың ұғымы бірдей, бір дыбысы ғана – у дауыстысы ғана – екеуіне ортақ. Осы екі негізді сүйеніш етіп, ол сөзге зерттеушінің назар аударуына хұқығы бар. Бұл – кем дегенде бір дыбыстың, сонымен бірге ұғымының сәйкес келуі этимологиялық ізденістерге жол ашады деген сөз.
1. Жүйесі бөлек (ағылшын, неміс, француз, араб, т.б.) тілдерді ауызға алмағанда, жүйесі бір, бір-біріне жақындығы әбден дәлелденілген оғыз, қыпшақ тілдерін өзара салыстырғанда, ежелгі дәуірлерде формасы да, ұғымы да, грамматикалық мағынасы да, функционалдық қызметі де ортақ болған кейбір сөздердің сыртқы пішінін көңіл сенбейтіндей дәрежеде өзгерткенін көреміз. Қазақ тілінде – туыс – бір атадан тараған, жақын туысқан. Оғыз тілдерінде – оғуш – род, племя (ДТС, 315). Туыс пен оғуш-ты салыстырсақ, алғашқы дыбыстары бір-біріне ұқсамайды (т мен о, у мен ғ, ы мен у). Олардың генезисі бір екендігін ш~с сәйкестіктері ғана мегзейді. Ұғымы бір болғандықтан оғуш сөзінің алдына т дыбысын қоямыз: тоғуш болып шығады. Одан кейінгі у мен о-ның қайсысы ежелгі – соны орнына қоямыз: туғуш. Ортадағы ғ – эпентезалық дыбыс: *ту+ғ+уш. у мен ы-ның ескісі – у. Қыпшақ тілдерінде: *ту+ғ+ус қалпына келеді. ш дыбысының архетипі – ч. Күрделі *Т[С/Ш] аффрикаты екіге жарылғанда тұңғыс-манчжур, моңғол, түркі тайпа одақтарының солтүстік-шығыс бөлегі ц аффрикатымен, оңтүстік-батыс бөлегі ч аффрикатымен сөйлеген. Бұл ц~с=ч~ш сәйкестіктері бағзы заманнан келе жатыр деген сөз. Оғыз тілдерінде *туғуч формасында айтылған кезде т қатаңы элизияға ұшырамайды, себебі, тш(ч) аффрикатының құрамында т қатаңы болған. тш аффрикаты ш дыбысына орын бергенде әлсіз дыбыстар сөз бойындағы қатаң т-ны қажет етпейді де, үнемдеу заңының ықпалына ұшырайды. Қыпшақ тілдері бірінші буындағы көне у-ды, оғыз тілдері екінші буындағы у-ды ұстап қалған. Қыпшақ тілдерінде сөз ортасындағы ғ түсіріліп айтылады. Оғыздарда керісінше. Өзгерістер, міне, осылайша пайда болған.
Кейде ортақ сөздердің бірнеше дыбысы сәйкес келіп, айғайлап тұрады. Артут – дар, подарок (ДТС, 58). Қазақ тілінде тарту – біреуге арнап берілетін ерекше сый, арналған бағалы зат. Осы сөзде көне тілдегі алғашқы төрт дыбыс жаңа тілдегі төрт дыбыспен бірдей. т қатаңының элизияға ұшырағанын бірден аңғаруға болады. Сөз соңындағы –ут – көптік жалғауы. Біздің айтпағымыз – туыстас тілдерде осындай құбылмалы өзгерістер болып жатқанда, жүйесі бөлек тілдердің арасында неге бұдан да зор өзгерістер болмасқа?! Генезисі бір сөздерді қандай өзгерістерге ұшыраса да ғылыми жолмен қалпына келтіруге болады.
Жүйесі бөлек тілдердің бір-бірінен айырмашылығы миллиондаған сөздерден тұрады. Бұлай болуы ішкі даму заңдылықтарына байланысты емес, сыртқы даму заңдылықтарына – сыртқы факторлерге тәуелділігінен. Әр халық тіршілік ауанына, дүниетанымына қарай заттарды, нәрселерді, процестерді, оқиғаларды, қимыл-қозғалысты, табиғаттың сан алуан құбылыстарын, т.б. өзінше бағамдайды. Осы себепті әрбір тілде тың атауға заттың немесе құбылыстың әр түрлі белгісі негіз болып қаланады. Басқаша айтқанда, уәжі (мотиві) басқа-басқа болады. «Алғашқы қар жауып, суық түскен кезде солтүстіктен ауып клетін суық торғайды орыстар снегирь деп атайды да, сербтер зимовка деп атайды. Бұл сөзді атау үшін орыстар қар («снег») деген белгіні негіз етіп алса, сербтер жалпы қыс («зима») деген белгіні негізге алған» (5,87-б.). Осылайша бір тіл екінші тілдің арасы мүлде қашықтайды. Түсінісу мүмкін болмай қалады. Әрине, мұның бәрі – бұлдыр уақыттың жемісі. Уәжі бөлек сөздерді бір-бірімен салыстыруға әсте болмайды. Уәжі бөлек сөздер бір тілдің өзінде дублет ретінде өмір сүре береді.
Салыстыру үшін ұғымы үйлес болумен қатар кем дегенде бір дыбысы толық сәйкес келуі шарт. Тіпті ондай мүмкіндіктің реті келмесе, түп-төркіні (генезисі) бір фонема болуы қажет. Тілші ғалымдардың тәжірибесінде жоқ бір салыстыру жасап көрейік. Орыс тілінде род – ру, тұқым; рождение – туу, дүниеге келу; рожать – бала табу, туу, босану. Қазақ тілінде ұрық – тұқым, дән; өнуші негіз, түп тамыр. Тұқым – арғы атасы, тегі. Ұрғашы – жан-жануарлардың аналық жыныстылары; әйел, зайып, қатын. Ұлт – тіл, территория, экономикалық өмір тұтастығы негізінде және психологиялық мінез-құлықтың ортақтығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи-әлеуметтік, этникалық тұтастығы. Ұлыс – рулық бірлестік; әулет. ХІV ғасырда жарық көрген Алтын Орда ескерткіші «Мухаббат-намеде»: Зехи арслан йүрак Қоңрат уруғы Кичик йашдын улуғларның улуғы (107-108 өлең жолдары) (Ей, арыстан жүректі Қоңырат ұрпағы Кішік жастан ұлықтардың ұлығы). Ұрпақ – тұқым, жұрағат, нәсіл. Ру – адамдардың бір әулеттен тараған туыстық, қандастық тобы, тұқымы. Ту – ана құрсағынан шығу, дүниеге келу. Көне түркі тілінде тоғ – рождаться (ДТС, 570). Құран Кәрімнің 112-сүресі 3-аятында; Лам йалид уа лам йулад (Ол тумады және туылмады).
Дауыстылардың да, дауыссыздардың да түпкітектері (архетиптері) толық анықталып, айқындалғандықтан, түбіртек теориясының басты-басты ұстанымдары белгілі болғандықтан жаңа дыбыстарды көне дыбыстармен алмастырып, келтірілген мысалдардың алғашқы формасын, ескі мағыналарын, уәжін табуға тырысамыз. Қазақ тіліндегі ұрық у~ұ, у~ы сәйкестіктері негізінде *уруқ сипатында қалпына келеді. Бұл «Мухаббат-наме» ескерткішіндегі уруқпен бірдей. Қазір Қоңырат руы деп атайтын болсақ, ХІV ғасырда Қоңырат уруғы қолданыста болған. Факт ру сөзінің уруғ~уруқ варианттары негізінде пайда болғанын дәлелдеп тұр. қ~ғ дыбыстары элизияға ұшырап у фонемасы ұ-ға айналғанда ұру формасы пайда болған. Қазақ тілінде р сонорының алдында естілетін дауысты дыбыстар жазуда еленбейді. Демек, уруқ~уруғ=ұру=ру.
Ұлыс – көне сөз. «Ұлыстың ұлы күні» (ескіше жаңа жылдың бірінші күні – 22 наурыз, наурыз мейрамы) фразеологизмінің құрамында ұшырайды. Ұлт сөзімен түбірлес, төркіндес. тс(ц) аффрикатының т және с фонемаларына ажырап кеткенін ескерсек, бұл екі сөз ултс формасында қалпына келеді. Екіге жарылғанда: улт және улс. Ұлт сөзінде л мен т-ның аралығында қыстырынды (сына) ы дыбысы естілгенімен, жазуда ескерілмейді. Ал ұлс формасы ұлыс сипатында қалыптасып кеткен.
Ұлыс зат есімінің алғашқы түбірі ул (основание, фундамент) (ДТС, 608). әулеттің, рудың, тайпаның ұйтқысы, негізі екендігі тұспалданады. Ул түбірінен өрбіген ула – (связывать, присоединять), улам (постоянно), улайу (вслед, за) (ДТС, 608) сөздері де бұл пікірді қуаттайды. Қазақ тіліндегі «ұлтан» (өзеннің, сайдың, көлдің, жыраның т.б. табаны; аяқ киімнің табанына салатын қалың, қатты былғары) зат есімі де «түбі», «негізі» ұғымдарынан алыс кетпейді.
Егер түбірдегі л дауыссызы өзінің архетипі (түпкітегі) р сонорынан пайда болған болса, ол ұрық (тұқым; өрбіген негіз, түп тамыр) сөзімен тектеседі. Бұл ретте «бір тұқымнан тараған әулетті» – ұлт, ұлыс деп түсінуімізге болады. Семантикалық өзектестік, фонетикалық, морфологиялық ұқсастық жоғарыдағы сөздердің басын қосып тұр (2, 227 б.)
Жоғарыдағы ұлт сөзіне қайта оралсақ, л мен т дыбыстарының аралығынан естілетін ы дыбысы түпкітек тұрғысынан у түрінде, л соноры р түрінде қалпына келеді. Сонда: ұлт = ур+ут. Ур түбіртегі «қандастық, туыстық тұқым» ұғымын берсе, ут – көне көптік жалғауы. *Ур+уқ пен *ур+ут сөздерін өзара салыстырсақ, уқ пен ут-тың сөз жасауға, түрлендіруге қатысып тұрған қосымшалар екенін аңғару қиын емес.
Қазақ тіліндегі «ру», «тұқым», «ұрық» сөздерімен мағыналас орыс тіліндегі род сөзіне келсек, ол ұлт тұлғасымен де мағыналас болып шығады. Сонымен бірге көне формасы да бірдей: о~у, т~д сәйкестіктері негізінде род сөзі *рут қалпына түседі. *ур+ут = *рут. Айырмашылық – сөз басында у дауыстысының орыс тілінде элизияға ұшырап кетуінде.
Орыс тіліндегі рождаться, родиться (туу, дүниеге келу) қазақ тіліндегі туу, көне түркі тіліндегі тоғ (туылу) сөздерімен араб тіліндегі йа+лид, йу+лад сөздері мағыналас. Ол тілде йа мен йу сөз алдынан қосылатын қосымшалар болса, түбір – лд, лад, лид, луд болып өзгере береді. Араб тілінде де луд формасы *рут түрінде қалпына келеді. Қорытынды: Үндіевропа тілдері, оның ішінде орыс тілі, хамит-семит тілдері, оның ішінде араб тілі, түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі осылайша бір-бірімен тектес. Мұндай тектестік бір сөздің көлемінде емес, сандаған сөздердің мағыналық, ұғымдық, формалық жағынан ұқсас келуімен анықталады.
Тағы бір шегініс. Сырттай қарағанда, орысша родиться, арабша йалид, йулад, қазақша туу, көне түрікше тоғ, бір-бірімен үйлеспейтін, сәйкеспейтін сияқты. Шарт бойынша кем дегенде бір фонеманың түп-төркіні ұқсас болуы міндетті. Ондай ұқсастық жүйесі бөлек тілдер арасында т~д сәйкестіктері ғана. Бұл үш тілге ортақ форма бұрынғы қалпына келген – *ур+ут. Осы көне формаға көне түркі тіліндегі қимыл-қозғалыс ұғымын беретін -уқ~уғ жұрнағын қоссақ, жаңа *ур+ут+уғ тұлғасы пайда болады. Көне түркі тілінде қатар тұрған үш буынның екіншісіне екпін түспейді де, ол буынның дауыстысы айтылмай қалады. Сонда *уртуғ. Ур түбіртегі көне тілде сөз басында көбіне элизияға ұшырап кетіп жатады (мысалы, ур+ағун>ағун>ағу>у). Олай болса, *уртуғ>туғ тұлғасының «туу» мағынасын беруі заңды. Түбіртектерді табу – «қиынның қиыны» деуге себеп осындай шым-шытырықтар ізденушіге аяқ басқан сайын ұшырайды. Ауыр бейнетті мойнына алған талапкер ғана этимологияның ұштығына жете алады.
Болашақта толық жариялауды мақсат тұтып отырған «Силлабология (Түбіртектану ілімі)» деп аталатын монографиялық еңбегіміздің қысқаша тезистері осы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Моллова М. К истории тюркского вокализма // Вопросы языкознания, 1966, №2.
2. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. Алматы, «Қазақ университеті», 2005.
3. Сағындықұлы Б. Таңдамалы туындылар. Алматы, «Үш қиян», 2009.
4. Хасенов Ә. Тіл білімі. Алматы, «Санат», 1996.
5. Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. Москва, «Высшая школа», 1962.
6. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы, «Мектеп», 1978.
7. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 тт. Алматы, 1974-1986 жж.
8. Древнетюркский словарь. Л., «Наука», 1969.