- Негізгі бет
- Жаңалық
- Жазушы Дүкенбай Досжанның...
Жазушы Дүкенбай Досжанның рухына арнап ас беріледі
Бүгін Ұлы даланың таудай тарихы мен көлдей терең көркемдігіне тұңғыш болып құдіретті қаламымен жол бастаған, әлемдегі миллиондаған оқырманға ұлтының тарихын танытқан қазақ тарихи прозасының хас шебері Дүкенбай Досжанның екінші өмірі басталғалы жыл толды. Осыған орай Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінің «МҰМТАЗ» залында жазушының рухына арнап ас беріледі.
Ас басталар алдында «Фолиант» баспасынан классикті еске алып жазылған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Алпысбай Мұсаевтың «Қанатты қаламгер» және жазушы Сәуле Досжанованың «Құдіретті қалам иесі» кітаптарының тұсаукесері болады.
Дүкенбай Досжанның ұшан-теңіз еңбегін, қажыр-қайратын, жаратылысын замандастары үзеңгі қағысып бір жүргенде «Біздің мынау прогресс заманында Бальзакқа біткен, Флоберге біткен қазымырлықпен – о жақ, бұ жағынан ештеңе қалмайтындай, әкесінің өші кеткендей қаза түсіп, талдай отырып жазатын қазбагер қаламгер» (Әбіш Кекілбаев), «Қалам қасиетіне берілген жазушы» (Олжас Сүлейменов), «Барынша ақкөңіл, кеңқолтық. Баяғы қазақы мінездің көшінен түсіп қалған жұрнақ секілді. Бүгінгі күннің қақаң-сұқаңымен де, өсек-аяңымен де ісі жоқ. Кісіге жақсылық жасауға бейім, жапа шексе – көбіне адалдықтан, аңқаулықтан жапа шегетін. Жан баласына жамандық тілемейтін. Ешкімге залалы жоқ, шуағы мол. Бар білетіні – жазған шығармасы. Еңбекқор, көп оқып, көп тоқитын ғұлама» (Мырзатай Жолдасбеков), «Әдебиеттiң тереңiне бел шеше түсiп, екi тiзгiнге, бiрi көркемдiк, екiншiсi, даналық санаға қол артып, шығармашылық деген шыңға өрмелеп бара жатқан жазушы» (Ғарифолла Есім) деп бағалады.
«Ол қазақты қараңғы деп үкім шығарған кешегі кеңестік кер заманның өзінде «Отырар», «Фараби», «Жібек жолы» шығармалары арқылы ұлы даланың төсінде жұлдызды шаһарлар болғанын, өркениет таңы дүниеге шығыстан атқанын айдай әлемге әйгіледі.
Абай, Мұхтар бастаған алыптардың ғибратын тың деректермен көмкеріп, байыта зерделеді, қараңғы қапасқа батырылып, аты өшірілген арыстарымызды ақтау ісінде де алғы шептен көрініп, нәубет құрбаны болған арыстарымызды қапас архив түкпірінен аршып, жарыққа шығаруға қажырлылықпен үлес қосты. Сол алыптардай үш әріппен айқасып, архив құжаттарының шаңын жұтып, түнектегі құпия құжаттарды жолын тауып, жас ұрпаққа жеткізе алды.
Желтоқсан оқиғасының ізі суымай жатып «Алаң» романы арқылы отаншыл жастардың темір жүйеге қарсы келген тегеурінді ерлігіне елден бұрын баға беріп, қызыл жендеттердің опасыз, оспадар қылмысын бүкпесіз әшкереледі. Бұл бағыттағы шығармашылық жеңістерге ол көздің майын шырақ етіп жағып, жүректегі ыстық қанын буырқантып, жүйке жүйесін сымдай ширатып қару етті, қаламын қылыш етті, сиясын ырыс етті.
Қазақ қауымының аталы тарихы мен баталы шежіресін ғасырлар қойнауынан тірнектеп тауып, бүгінгі ұрпаққа ұластырған тарихи прозаның керуенді көшін негіздеген санаулы саңлақ тұлғаның бірі ғана емес, бірегей өкілі болды.
«Мұхтар жолы», «Абай айнасы», «Алыптың азабы», «Абақты» секілді деректі прозасы арқылы ол тұлғатану бағытына соны соқпақ қалдырып, өзін тек қана жазушы емес, табанды да зерделі зерттеуші екенін зиялы қауымға дәлелдей алды. Ана тілінің қаймағын да, қаспағын да, шүйгінін де, шүйкесін де қалдырмай, құм санағандай мехнатты еңбекқорлықпен жүміле жұрттың зердесіне ұялата жеткізіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің небір нәзік талмаурын тұстарын бүге-шігесіне дейін сарқа жазып, ұлттың болмыс-бітімінің көркем галереясын нәрлі де сәнді тілмен сомдай алды. Тәуелсіз Қазақстанның рухани-саяси өмірін, отаншыл сана мен оған қарсы келетін кеселді күштердің тартысын «Ақ орда» романы арқылы кең масштабта сергектікпен, тағы да қаламдас достарынан озып суреттей алды».
Дүкенбай Досжан ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтың және М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлықтың иегері. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Жазушының есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясына, Ұлттық және Абай энциклопедияларына енген. Оның кітаптары әлемнің 20-дан астам тіліне аударылып, 7,7 млн. таралыммен басылған.
Ол – Қазақстандағы ең оқырманы көп жазушы атанған қаламгер.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Мassaget.kz
Н. Айдархан