Мұхтар Мағауин. Шәкерім қолжазбасы қалай табылды?

Мұхтар Мағауин. Шәкерім қолжазбасы қалай табылды?

...

Мұндай оқыстан оралу кейін де талай рет болды. Соның ең айқын мысалы – бар жұмысты тәмамдағам, "Қобыз сарыны" және бірер кітап жарыққа шыққан, "Алдаспанды" әзірлеп жатқам, тағы да осы, Республикалық рухани қоймаға келгем, әлдебір ескі нұсқаға заказ бердім, мұндағы мен білетін кісілер өзгерген, аздан соң бейтаныс, егде әйел екі кітаптан тұратын үлкен, түптеме қолжазба әкеп берді. Орыста мұндайды "камба кітапшасы" дейді, яғни, есеп-қисап, кіріс-шығыс тіркелетін шаруашылық дәптері. Менің қолыма түскені арнайы кітапша екен, кітапша емес, қалыңдығы бармақ елі, биіктігі бір жарым қарыс, үлкен-үлкен екі том, ішкі беттері, үстінде тиеселі жазулары бар, есеп-қисапқа арналып, сызып, шаршыланған, қолжазба иесі осы, жазу бар жағын төңкеріп, астыда қалдырыпты, яғни, есеп-қисап кітабының басынан емес, аяғынан түртіп жазған. Бұл – қолға ұстаған сәтте, аша салып байқағаным. Жайланып отырған соң, бажайлап қарасам... Шәкерім қолжазбасы. Шәкерім шығармаларының екі томдық қолжазбасы! Ақынның ұлы Ахат 1936 жылы Республикалық кітапхана қорына арнайы тапсырыпты. Одан соң әлейім-тәлейім заман басталды, соғыс болды, Шәкерім атына мүлде тиым салынды, ақыры, 50-ші жылдардың соңында жіптің сәуле көрінгенде Ахат ақсақал өзінде бар нұсқаларды қайтадан құрап, үлкен бір томдық қолжазба түрінде Ғылым академиясына жаңадан тасырады. Аспирант кезімде осы жинақты, одан басқа қаншама қағаз, дәптерді - Шәкерімге қатысты барлық нұсқаны мұқият қарап шыққан едім, кейін, ақынның аты аршылған соң, 1988 жылдың көктемінде қайыра сүзуге тура келді, біраз дүниенің жоғалғанын көрдім, оның ішінде орны толмас, хұсни хат, көк сиямен жазылған қалың қара дәптер де көрінбеді. Ахат ақсақалдың қалың бір томдығы әбден тозған, көрінген кір қолмен ұстап, көп жері өшкен, әйтеуір орнында екен; ақсақалдың өз тарабынан жазуында бағзыда Республикалық кітапханаға әлдене тапсырған едім деген дерек жоқ, бары осы дейді, әлбетте, тапсырғанын біледі, бірақ жоғалды, жойылды деп есептесе керек, қаншама нәрсе құрып кетті, кезінде ақтарған міндетті бір еңбегін еске алудың өзін артық санаған.

Мен қолыма қандай қазына келіп түскенін көрісіммен, жылы жауып біраз отырдым. Сыртына қарадым – екі томның да шифры басқа, яғни, мен сұратқан қолжазба шифрмен үйлеспейді; ешбір қисыны жоқ. Бұл қолжазбаның менің қолыма түсуі керек болған, сондықтан да кітапханашы шатасып, алып келген. Жұмысым шұғыл еді, мен әлгі, өзім іздеп келген нұсқаны бүгін қайта сұратпадым, қате кетіпті деп те айтпадым, тағы қаншама түптеме қолжазба, ескі кітаптар алдырдым; әдейі іздеп қарап едім, Шәкерімнің жинағы ешбір каталог, көрсеткіште жоқ екен, яғни, қолыма өзі келіп оратылмаса, ешқашан көрмек емеспін, басқалар да көрмеген; тағы да қайран қалдым, содан соң Шәкерім нұсқасының шифрын арнайы, бір емес, екі жерге таңбалап алдым, қайтып айырылмасыма енді ғана сенгендей, байыпқа түсіп, қолжазбаның өзін мұқият ақтарыстырып, толық танысып, салмағын, барлы-жоғын айқындап, көпке дейін отырдым. Қойма жабылар қарсаңда қолымдағы, бүгін қарауға мұрша келмеген басқа дүниелермен бірге өткізіп жібердім.

...

Тек, Шәкерім қайтадан жарыққа шыққан 1988 жылы ғана, онда да осы тараптағы бұрынғы жұмыстарды түйіндеп тастау үшін бір апта отырып, қорытынды мақала жаздық, ал ақынның өлең уәзіні айқындалып, текстологиясы тиянақталған, ғылыми сұрыпталған таңдамалы жинағын әзірлеу үшін тура төрт ай отырыппыз; ескі инерция, әйтпесе, қазір ойлап тұрсам, роман болмасын, хикаят болмасын, тым құрыса төрт беттік бір әңгіме жазсам, көбірек ұтыс табатын едім. Беке болмаса да, батпақта кеткен өмір. Еске алып отырғаным - тағы да ұрлық-зорлық алдымнан шықты. Ол туралы, бәлкім, алда айтармыз, әзіргі сөз манағы, екі томдық құпия қолжазбаға қатысты.

Жазушының ғұмырбаяндық "Мен" хамсасынан 

Дайындған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: alashainasy.kz

M. Auelkhan